Қызылордалық кәсіпкер алған субсидиясын қайтармайтын болды

596

0

Фото: ашық дереккөз

Қызылордалық кәсіпкер Әбутәліп қажы Бәкіров мал шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттен алған субсидияны бюджетке қайтармайтын болды. Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының заңгерлері шаруа қожалық иесінің құқын сотта қорғап шықты. 

Облысқа қарасты Жаңақорған ауданының тұрғыны Әбутәліп қажы Бәкіров «Мұса» шаруа қожалығын құрып, мал шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіпкер.

Қожалық 100-ден аса ірі қара мал ұстайды. Оның 85-і аналық мал басы. Кәсіпкер 2020 жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларының талаптарына сәйкес аналық мал басының азығына 1,3 млн теңге субсидия алады.

Ал 2021 жылы ветеринариялық станция мамандарымен ақылдаса отырып, 10 бас кәрі аналықты есептен шығарады.

Алайда өткен жылы облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасынан субсидияны мемлекетке қайтару туралы ескертпе хат, артынша соттан шақырту алғанда кәсіпкер абдырап қалады.

«Жем-шөпке алған субсидияға шаруа қожалықтағы малға азығын алып пайдаландым. Мемлекеттік қолдауды бірінші рет алып тұрмын. Сот процесіне қатысып, кәсіпкер ретінде құқымды қорғауларыңызды сұраймын», – деп кәсіпкер Кәсіпкерлер палатасына өтініш жазды.

Субсидия беруге арналған қағида талаптарына сәйкес, кәсіпкер субсидияланған аналық мал басын (табиғи кему нормалары шегіндегі өлім-жітімді қоспағанда) ағымдағы жыл бойы сақтау керек.

«2021 жылы кәсіпкер он аналық мал басын субсидиялаудың ақпараттық жүйесінен Жаңақорған  ауданы, Қосүйеңкі ауылдық округінің вет пункт меңгерушісіне өтініш беріп, соның негізінде шығарған. Кәсіпкер мал басын «ағымдағы жыл бойы» деген талабына сәйкес сақталуын қамтамасыз еткен және субсидия қаржысын нысаналы мақсатта жұмсаған. Сотта заңгерлеріміз осы және өзге де аргументтерді айтып, кәсіпкердің құқын қорғап қалды», – дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Нұрлан Еламанов ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының «Мұса» шаруа қожалығынан субсидияға берілген қаржыны өндіру талабын қанағаттандырмады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<