Қызылша қарқын алды ма?

581

0

Биылғы 21 қыркүйектегі жағдай бойынша облыста лабораториялық зерттеу нәтижесінде нақтыланған қызылша ауруының 251 жағдайы тіркелген. Оның 208-і 14 жасқа дейінгі балалар, 57 жағдайы 1 жасқа толмаған сәбилер арасында анықталды. Ересектер арасынан 43 адам ауырған.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, ауруға шалдыққандардың басым бөлігі екпе алмаған, олардың саны жалпы сырқаттанушылықтың 63%-ын құраған. Оның ішінде медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты егілмегендер үлесі – 23%, егілетін жасқа жетпегендер үлесі –  36%, вакцинадан бас тартқандар үлесі – 34%, сондай-ақ негізсіз себептермен екпе алмай жүргендер көрсеткіші 7%-ды құрады. Бұдан бөлек, 37 науқастың қызылшаға қарсы иммундық мәртебесі белгісіз екені анықталған.

– Облыс бойынша анықталған деректердің басым бөлігі, яғни 142 жағдай Қызылорда қаласының үлесінде. Аралда 23, Қазалыда 13, Қармақшыда 4, Сырдарияда  3, Шиеліде  60, Жаңақорғанда 6. Жалағаш ауданында жыл басынан бері бүгінгі күнге дейін бірде-бір дерек тіркелген жоқ. Осы ауру бойынша эпидемиологиялық ахуалдың тек біздің елде емес, бүкіл әлемде күрделену себебін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пандемиясы салдарынан халық арасында оған қарсы вакциналаудың әлсіреуімен, екпеден бас тартушылар санының артуымен байланыстырады. Себебі ұжымдық иммунитет бәсеңдеген сайын, ауру жұқтырып алу қаупі күшейе түседі. Қауіп тобында  екпе алмаған, иммунитеті әлсіз адамдар тұр.

Қызылша – қызба, интоксикация, дақты-папулалы бөртпе, энантема, конъюнктива және жоғарғы тыныс жолдарының зақымдалуымен сипатталатын жедел вирустық инфекциялық ауру. Ол адамнан адамға ауа тамшыларымен жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады. Ауырған адаммен қысқа уақыт қарым-қатынаста болса да, екпе алмағандардың оны жұқтыру қаупі өте жоғары, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова.

Қызылша пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулармен қауіпті. Медициналық көмекке кеш жүгінгенде және қызылшамен қатар басқа аурулар болған жағдайда бұл асқынулар өлімге әкелуі мүмкін. Сондықтан катаральді құбылыстар мен (қызба, бас ауруы, әлсіздік) аурудың алғашқы белгілері және бөртпе пайда болған кезде дәрігермен кеңесіп, оның барлық ұсынымдарын орындау керек. Ауру бастапқы кезеңде суық тию сияқты көрінуі мүмкін, сондықтан дәрігерге уақытылы қаралудың маңызы зор. Осы орайда мамандар жіті респираторлық ауру белгілері бар балаларды балабақшаға, мектепке жібермеу керектігін айтады.

Қызылшадан ең тиімді қорғану жолы – уақытылы вакцинация. Ол Ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізілген, екпе тегін жүргізіледі. Балалар 1 жасында және 6 жасында қайта егіледі.

Көрсеткішке сәйкес вакциналау науқаспен байланыста болған 30 жасқа дейінгі екпе алмағандарға қызылшамен ауырған науқаспен соңғы байланыста болған сәттен бастап 72 сағаттан кешіктірілмей салынады.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеруді ұсынып отыр. Ол үшін аймақтық дәрігерге жүгінген жөн. Егер балаңыз қызылшаға қарсы егілмеген болса, екпе алу үшін тұрғылықты жердегі емханаға хабарласу керек.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<