Өңірде 29 мынан астам азамат үй кезегінде тұр

253

0

Соңғы жылдары елімізде халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту, баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарламалар аясында едәуір жұмыстар атқарылды. Мұны құрылысы қарқынды жүріп жатқан Сыр өңірінің сол жағалауынан да байқауымызға болады. Қаламыздың келбетіне көрік беріп, көпетеген жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп келеді.

Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде әлеуметтік маңызы зор бұл мәселенің шешімін тұрғын үй ипотекасын қалың бұқараға кеңінен, барынша қолжетімді ету арқылы табу үшін барлық жағдайды жасау керектігін атап көрсетті. Осы мақсатта «7 – 20 – 25» бағдарламасын ұсынып, оның негізгі шарттары да белгіленген еді.

Дегенмен бүгінде көптеген отбасылардың баспанасыз болуы бұл салада әлі де шешуін күткен жәйттердің бар екенін көрсетеді.

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалында Бес әлеуметтік бастамасының іске асырылуын бақылау жөніндегі Қызылорда облыстық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда бастаманың аймақта орындалу барысы талқыланды.

Отырысқа тиісті жергілікті басқарушы органдар мен банктер өкілдері, Үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің басшылары қатысып, атқарылып жатқан жұмыстармен баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктерін атап өтті.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетовтың айтуынша бүгінгі күнге облыс бойынша тұрғын үй алуға барлық санаттар бойынша кезекке тіркелгендер саны 29 538 азаматты құраса, олардың 25007-і Қызылорда қаласында. Оның ішінде «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» бойынша 12 493, Көпбалалы отбасылар санаты бойынша – 3202 азамат тіркелген. Олардың арасынан Қызылорда қаласында жұмыс істемейтін, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды анықтау үшін құрылған арнайы комиссия тұрғын үйді шұғыл қажет ететін 150 көпбалалы отбасы анықтап, «Баламекен» жобасы шеңберінде «Болат Өтемұратов Қоры» есебінен ағымдағы жылдың 1 маусымы – Балаларды қорғау күні қарсаңында 100 пәтерлі 50 үйді пайдалануға берді. Сонымен бірге бұндай жұмыстар аудандар да атқарылуда. Жыл басынан бері жеке шаруашылық және кәсіпорындар есебінен аз қамтылған көп балалы 18 отбасы тұрғын үймен қамтылды, -дейді басқарма басшысының орынбасары.

Баспаналы болуға сеп болатын мемлекеттік бағдарламалар бойынша несие елімізде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы жүзеге асырылатыны белгілі. Осы орайда «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда филиалының директоры Әділжан Сәулебаев хабарлама жасады.

– Өткен жылы облыс әкімдігі мен банктің әріптестік меморандум негізінде қабылданған «Орда» бағдарламасы жүзеге асты. Бағдарламамен сол жағалаудағы жаңа үйлерден 246 пәтер берілді.

Баспанаға қолжетімділікті арттырған бағдарламалардың бірі «Әскери баспана». Аты айтып тұрғандай, әскери қызметкерлерге арналған бағдарлама 2018 жылдан жүзеге аса бастады. Бағдарламамен биыл 53 әскери баспана алған. Ал екі жылды қоса есептегенде 93 адам бағдарламамен үйлі болды.

Ел назарын аударған, халықтың табысы аз бөлігін қуанышқа кенелткен «Бақытты отбасы» бағдарламасы биыл жүзеге аса бастады. Елбасы бастамасымен іске қосылған бағдарламаның жеңілдігі көп. Оған тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар, балалары кәмелет жасқа толмаған толық емес отбасылар қатыса алады.Қатысушылар өзі таңдаған үйді алуға мүмкіндігі бар. Ең бастысы, қатысушының төлем қабілеті мен таңдаған үйі банк талабына сай болу қажет. Облысымызда «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға 232 өтініш қабылданған. Оның 111-і мақұлданса, 21-і баспаналы болған. Ал қалғандары үй таңдау, құжат жинау жұмыстарымен айналысуда. Айта кетелік, бағдарламаны жүзеге асыруға биыл еліміз бойынша 50 млрд теңге қаражат бөлінген. Несиенің ай сайынғы төлемі 50 мың теңгеден аспайды. Бұл табысы аз халық үшін баспанаға қол жеткізудегі ең тиімді бағдарлама екені сөзсіз. Баспана алу жолын жеңілдеткен тағы бір бағдарлама «Нұрлы жер» деп аталады. 2017 жылдан жүзеге асып келе жатқан бұл бағдарламамен биыл облысымызда Сырдарияның сол жағалауынан 240 пәтер пайдалануға берілмек. Тең жартысы тұрғын үй кезегінде тұрғандарға, қалғаны банк салымшыларына тиесілі. «Нұрлы жердің» өз талаптары бар. Биыл бағдарлама талаптарына айтарлықтай өзгеріс енгенін атап өткен жөн. Мәселен, бұрын бағдарламаға қатысушылардан атында кемінде соңғы бес жылда үй болмауы талап етілсе, биыл өтініш берген күннен бастап атында жылжымайтын мүлік болмауы ескеріледі.

Бағдарлама шарты бойынша қатысушы үй бағасының 20 процентін депозитте жинақтауы тиіс. Тұрғын үй несиесі 5 процентпен беріледі. Бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасына өтініш қабылдау, іріктеу конкурсы аяқталды. 240 пәтерге 703 өтініш келіп түсті. Қазір іріктеуден өткендердің төлем қабілеті расталуда.

«Өз үйім» бағдарламасы 2015 жылдан бастап жүзеге асуда. Әдепкіде бағдарлама талабы бойынша алғашқы жарна үй бағасының 30 процентін жинақтау және несиенің жылдық үстемесі – 8,5 процент болса, өткен жылдан бастап алғашқы жарна 20 процент және несие 7 процентпен беріле бастады. Бағдарламаның бір тиімді тұсы – кез келген адам қатыса алатындығы. Ең бастысы, төлем қабілетін растаса болды. Атында жылжымайтын мүлік бар болғаны да кедергі емес және кез келген қаладан үй алуға мүмкіндіктері бар екенін атап өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<