«Реформалардың нәтижесін әрбір азамат нақты сезінуі қажет»

324

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өтті.

Жиынға Премьер-министр, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің төрағалары, Президентке есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Үкімет мүшелері, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, облыстар мен аудандардың әкімдері, парламенттік фракциялардың жетекшілері, сондай-ақ Парламент палаталары, облыстық және аудандық мәслихаттар комитеттерінің төрағалары қатысты.

Мемлекет басшысы жуырда өткен Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауынан кейін Үкімет қайта жасақталғанын, осылайша ауқымды саяси өзгерістің алғашқы кезеңі аяқталғанын айтты.

– Ал бүгін әлеуметтік-экономикалық саладағы мақсат-міндеттерді айқындап алуымыз керек. Үкімет және барлық деңгейдегі әкімдер соған сүйеніп жұмыс істейтін болады. Осы басқосуға мәслихаттардың өкілдері қатысып отыр. Бұл да – нақты саяси өзгерістердің нышаны. Атқарушы және өкілді билік арасында тиімді қарым-қатынас орнату өте маңызды. Қажет болса, олар бірін-бірі толықтырып, қолдап отыруы керек. Мұның бәрі мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ел мүддесін ескере отырып шешім қабылдауға жол ашады, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, реформалар нәтижесінде елімізді көп нәрсе өзгеріп, мысалы, алғаш рет премьер-министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия ұсынды. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» концепциясы нақты жұмыс істей бастады. Саяси реформалар дамудың жаңа кезеңіне жол ашып берді. Сонымен бірге экономиканы түбегейлі жаңғыртудың берік негізін қалады.

– Әркім мына мәселені айқын түсінуі керек. Қазақстан – осы геосаяси аймақта ауқымды, демократияны арқау еткен реформалар жолына түскен бірден-бір мемлекет. Сондықтан бізге оңай болмайды. Бірақ бұл жолды қалайда жүріп өтуге тиіспіз. Енді жұмысқа жұмыла кірісеміз.

Осында отырған әрбір мемлекеттік қызметші өзіне орасан зор міндет жүктеліп отырғанын сезінуге тиіс. Бұл – ең алдымен, барша Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілік. Сіздердің шешімдеріңіз бен іс-әрекеттеріңіз елдің бүгіні мен болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелмеу керек. Сіздер мемлекетшіл-реформатор болуларыңыз қажет.

Реформаларымыздың  түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту. Ол үшін тұрғындардың табысын көбейту керек. Жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Азаматтардың өзін-өзі дамытуына барлық мүмкіндік жасалуға тиіс. Мұның бәрін мықты нарықтық экономика болса ғана, табысты жүзеге асыра аламыз, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент азаматтардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған шынайы нарықтық экономикаға көшу қажеттігін атап өтті. Алдымызда күрделі кезең тұрғанын, қиын-қыстау заманда өмір сүріп жатқанымызды да жасырмады.

– Дәстүрлі экономикалық және логистикалық байланыстар үзіліп жатыр. Оған қоса инфляция шарықтап тұр. Әлем экономикасының даму қарқыны төмендеп кетті. Мемлекеттер қарызға белшеден батты. Сауда-саттыққа кедергі көбейді. Сондай-ақ елдердің өзара сенімі азайып барады. Мұның бәрі әлем экономикасындағы қалыпты жағдайға айналды. Бұдан былай табиғи байлық еліміздің орнықты дамуына негіз бола алмайды, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мұнай және газ өндіруші ел ретінде жаңа геоэкономикалық жағдайға бейімделуі керек. Экономиканы әртараптандыру – уақыт талабы әрі стратегиялық міндет. Бұл туралы үнемі айтылғанымен, істен сөз көбейгенін, дереу іске көшпесек, әлемдік бәсекеде озық бола алмайтынымызды, яғни әлем экономикасында  көш соңында қалуымызға тура келетінін ескертті.

Өткен жылы экономикадағы өсім тәуір болғанымен, оған тоқмейілсуге ерте. Қосымша өсім көздерін іздеу керек. Бұл – уақыт пен қазіргі жағдайдың талабы.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның табыс деңгейі жоғары елдер қатарына өтуі үшін жылдық өсім 6 пайыз деңгейінде, яғни бүгінгіден бір жарым есе жоғары қарқынмен дамуы керек.

– Сондықтан нарыққа қатысушылардың бәрі батыл әрі шұғыл шаралар қабылдауға тиіс. Мемлекеттің қолдауына ие болып отырған ірі бизнес өкілдері айрықша рөл атқарады. «Табысты осы жерден тауып, шетелде шашу» әдетінен арылу керек. Есесіне елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге көбірек үлес қосуға ұмтылған жөн. Ірі кәсіпкерлер Қазақстанда тапқан табысын басқа жақта емес, өз еліміздегі бизнесін дамытуға жұмсағаны абзал. Жұмысын осы талапқа бейімдей алған ірі кәсіпкерлер нағыз ұлттық бизнес-элитаға айналады. Халықтың құрметіне бөленіп, мемлекеттің қорғауы мен қолдауына ие болады. Сонымен қатар бізге «кәсіпкерлердің жаңа толқыны» керек. Мемлекеттің ресурсына арқа сүйемей, бойындағы дарыны мен іскерлігі арқылы тұрақты әрі мықты кәсіп құра білген «тың күштер» қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы көпшілікке белгілі «әлеуметтік лифт»  ұғымына ұқсас кәсіпкерлерге арналған «экономикалық лифт» құрудың тиімділігін атап айтты. 

– Негізі, әр аймақта сондай кәсіпкерлер бар. Міне, осы азаматтар нағыз қолдауға лайық. Олардың ісін елге танытып, кәсібін мемлекеттік деңгейге шығарған абзал. Сонымен қатар оларды бюрократтар мен күштік құрылымдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау қажет. Мен өзім де осындай кәсіпкерлерді ара-тұра қабылдап, қолдау көрсетіп жүрмін. Ірі және орта бизнес саласында жүйелі жұмыс жүргізу керек. Осы екі бағыт экономикалық саясаттың аса маңызды жаңа бағдарына айналуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Алдағы жұмыстың нақты 8 бағытын атап өткен Президент, ең алдымен, азық-түлік бағасының өсімі, инфляцияның шарықтау шегіне жеткенін айтты.

– Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті мәселені ушықтырады деуге болады.

Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз, – деді Президент өз сөзінде.

Үкіметтің алдында агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсімін қалыптастыру міндеті тұрғанын айтқан Мемлекет басшысы бағаны ауыздықтаудың жолдарына тоқталды. 

– Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлінетін бюджет қаражаты тиімді жұмсалуға тиіс. Мұны мұқият қадағалау қажет. 2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны алайық. Бұл қаражаттың тең жартысы субсидия алам деушілердің 10 пайызының ғана қолына тиген. Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны. Оның үстіне, субсидия беру жүйесі өте күрделі және қажетті мәлімет көпшілікке қолжетімді емес. Субсидия бөлуді реттейтін жаңа цифрлық жүйе бұл түйткілді шеше алмай тұр. Әрине, біршама жұмыс атқарылды. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бұл бағыттағы жұмысты аяғына дейін жеткізу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент ауыл шаруашылығы тауарларын сақтау мен өткізудің заманауи инфрақұрылымын құруды жеделдетуді тапсырды.

– Бұл – мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі үшін зор мүмкіндік. Тағы да қайталап айтамын. Жоғары өнім алуды қамтамасыз ету керек. Ашық бәсекелестік болуға тиіс. Сонда ғана бағаның күрт өсімін тежеуге мүмкіндік туады,– деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстандағы инфляцияның монетарлық сипаты да бар екенін ерекше атап өтті.

– Сондықтан Ұлттық банк инфляция мәселелерін шешуге толық қатысуы керек. Инфляцияны бақылау міндеті Ұлттық банк пен Үкіметтің басты басымдығы саналады. Осы орайда жақсы үйлестірілген және кәсіби деңгейде жоспарланған жұмысты күтемін,  – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент «Өндірістік саясат туралы» заңның өңдеу секторының өсіміне негіз болғанын, оның басты басымдығының бірі отандық кәсіпорындарды қолжетімді шикізатпен қамту екенін атап өтті. Дегенмен бұл салада шешімін таппаған мәселелерді ашып көрсетті.   

Мемлекет басшысы инфляция өскен сайын халықтың нақты табысы құнсызданып жатқанын айтты.

– Жұрттың табысын әлеуметтік саланың шығысы есебінен арттырудың да шегі бар. Біз осы шекке жеткен сияқтымыз. Бұған қоса тұтыну несиелерінің көлемі артып барады. Бұл әрекет – инфляция кезінде жан бағудың амалы. Бірақ мұндай ахуалдың әлеуметтік және саяси салдары өте ауыр болуы мүмкін. Тіпті банктердің өзіне қауіп төндіруі ықтимал.

Несиені, ең алдымен, пайда әкелетін бизнеске, яғни тиімді жобаларға беру керек. Сонда жалақысы жоғары жұмыс орындары пайда болады. Жұрттың кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы артады. Бір сөзбен айтсақ, азаматтардың табысын көбейтуге мүмкіндік туады, – деді Президент.

Президенттің пайымдауынша, салықтық жеңілдіктерді негізінен жоғары қосылған құны бар өнім өндірісіне инвестиция тартуға және технологиялық экспортты ынталандыруға қайта бағыттау қажет. Бұл –  мінсіз тәртіп міндеті.

– Бүкіл экономикалық саясатты біз экономиканы әртараптандыру міндеттеріне, оны индустрияландыруға және түптеп келгенде инвестиция тартуға бағындыруымыз қажет. Барлық деңгейдегі әкімдер инвестиция тартуды және жұмыс орындарын құруды күнделікті ойлауы тиіс, ал Үкімет оларға бұл жағынан көмектесуі тиіс, –  деді Президент.

Мемлекет басшысы екінші жағынан салық саясаты ынталандырушы әрі икемді болуы тиістігін баса айтты.

– Мәселен, бүгінде Қазақстанда қатты пайдалы қазбалардың көптеген кен орны бар. Оларды қазіргі салық салумен игеру экономикалық тұрғыда мақсатқа сай келмейді әрі тиімсіз. Шикізат жерде, моноқалалар жанында бостан-бос жатыр. Бірақ оны азаматтардың игілігіне пайдалануға болар еді. Күрделі мұнай-газ кен орындары сияқты мұндай рентабельдігі төмен жаңа жобалар үшін салық жүктемесін жұмыс орындарын құру, қайта өңдеу қуаттарын салу, міндеттемелерді орындау шарттарын алмастырып, жеңілдетпеске?! Үкімет бұл жұмыспен айналысып, жаңа салық саясатын әзірлеу барысында оны ескеруі тиіс. 

Қазір жаңа Бюджет кодексі дайындалып жатыр. Осы ретте бюджет ережелеріне және оны мүлтіксіз сақтау қажеттігіне назар аударғым келеді. Мұндағы ең басты қағида – көрпеге қарай көсілу. Ұлттық қорға жармаса беруді доғару қажет. Мен бұл туралы осыған дейін де талай рет айттым, –  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Ұлттық қор – болашақ ұрпақтың қаржысы екеніне,  оның ресурсын қажет кезде, дағдарыс кезінде ғана пайдалану керектігіне назар аударды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік институтын және жан басына қаржыландыруды, әсіресе әлеуметтік инфрақұрылымға инвестиция тартуды толық пайдалану керек.

Президент экономиканы монополиядан арылту маңызды міндет екенін, бұл бағытта нақты жұмыс басталғанын айтып өтті. Нәтижесі қазірдің өзінде жаман емес. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Елімізде мекемеаралық комиссиялар құрылды. Олардың алдына нақты міндеттер қойылды. Осыған орай заңсыз шығарылған активтерді қайтару, әділеттілікті қалпына келтіру, адал бәсекелестікке жағдай жасау керек. Мұның бәрі – уақытша міндет емес. Керісінше, бұлар – жаңа экономикалық саясаттың басты қағидаттары.

Тауар нарығының монополиялық құрылымы әлі де өзгере қойған жоқ. Оның үстіне бизнес, әсіресе, орта бизнес қарқынды дамымай отыр. Сондықтан тың шараларды қолға алу қажет. Үкімет осыған қатысты нақты ұсыныстар беріп, бір шешім қабылдауға тиіс.

«Стратегиялық нысандар» ұғымын айқындау тәсілін қайта қарау қажет.

Бәлкім, аймақтық маңызы бар стратегиялық нысан ұғымын енгізу керек шығар. Бұл – әлемдік тәжірибе. Бәрін ойланбай өзгерте беру экономикалық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Қазіргі геосаяси жағдайда бұл мәселенің өзектілігі тіпті арта түсті.

Қазақстан салмақты және дербес экономикалық саясат жүргізуі керек. Қоғамдық ресурстар қолжетімді болуы үшін ашық аукцион қағидаттарын басшылыққа алу қажет. Бизнес өкілдері барлық міндеттемелерін адал орындау үшін тиімді бақылау жүйесін орнату керек. Монополистерге қарсы қозғалған істер бойынша сапалы жұмыс атқарылуға тиіс. Ол үшін қазылардың білікті болуы аса маңызды.

– Қазір заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жұмысы жандана түсті. Қайтарылған активтер мен мүліктер қолды болып кетпеуі керек. Барлық қаражат толығымен экономиканы дамытуға жұмсалуы қажет. Осы орайда қаржыны қайтарып, елімізді өркендетуге атсалысқысы келетін азаматтарға мынаны айтқым келеді. Жаңа индустриялық жобаларға қаржы салыңыздар. Қазақстанда жаңа өндірістер ашып, жаңа жұмыс орындарын құрыңыздар. Сонда мұндай активтерге және оның иелеріне қатысты ешқандай мәселе туындамайды. Тағы да қайталап айтамын. Біз адал әрі ашық жұмыс істейтін бизнес өкілдеріне барлық жағдайды жасаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, инфрақұрылымды, бірінші кезекте коммуналдық инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты түбегейлі қайта құру қажет. Жылу-электр орталықтарының жартысынан көбі қауіпті деңгейде, кейбір қалаларда тозу деңгейі 80%-дан асты.

– Коммуналдық саланы жаңғырту мақсатында мен «Инвестиция орнына тариф» саясатына көшуді қамтамасыз етуді тапсырдым. Қазіргі жағдайда Үкімет жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешуге мәжбүр болады. Бірақ басқа жол жоқ, – деді Президент.

Мемлекет басшысы тағы бір мәселені арнайы ескертті, яғни, тарифті өсіруден түскен қосымша қаржы тек қана коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалуы керек. Сондай-ақ жаңа қуат көздерін іске қосуға және жұмысшылардың жалақысын көтеруге бағытталуы қажет. Монополистердің міндеттері мұқият нақтыланып, толығымен орындалуға тиіс. Сондықтан Үкімет қаржының жұмсалуын бақылайтын қатаң амал-тәсілдер, цифрлық бақылау жүйесін де енгізу керек. Жұрт коммуналдық қызмет үшін төлеген ақшасы қайда кетіп жатқанын көріп отыруға тиіс. Қазіргі заманғы ақпараттық технология бұған толық мүмкіндік береді.

Жанар-жағармайдың бағасын көтеру мәселесіне де дәл осылай қараған жөн. Түскен қаржыны делдалдар, яғни алыпсатарлар иемденіп кетпеуі қажет. Оны жаңа мұнай-газ жобаларын жүзеге асыруға және мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға жұмсау керек. 

–  «Судың да сұрауы бар». Оны неғұрлым көп тұтынсаң, соғұрлым көп ақша төлейсің. Бұл – жұртты үнемшіл болуға үйрететін әділетті және қарапайым ұстаным. Дамыған елдердің тұрғындары әр нәрсенің қадірін біледі. Үнемшілдік олардың өмір салтына айналған. Біздің азаматтарымыз да осындай үнемшіл болуы керек. Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін,– деді Президент.

Мемлекет басшысы қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсуға зәру екенін айтты. Тіпті Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Басты себептің бірі – құрылыстың көбеюі. Үнемшіл болмасақ, таза су беретін жаңа нысандарды іске қосқанмен, тапшылықты жоя алмаймыз.

Су шаруашылығы нысандарын орталықтандырып басқаруға жауапты кәсіпорындардың жұмысына талдау жүргізіліп, соның барысында олардың тиімділігінің төмендігі анықталды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымынша, су шаруашылығы мен гидромелиорациялық жүйелерді қайта құруға бағытталған халықаралық қаржы ұйымдарының несиелері дұрыс игерілмей отыр. Сонымен қатар бұл салада кадр мәселесі де маңызды. Үкімет су шаруашылығы мамандарын дайындайтын базалық университетті белгіледі.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы осы саладағы басқару жүйесінің өзін қайта жүктеу керек екенін тапсырды. Осы орайда «Қазсушарды» қаржылық жағынан тұрақты ұйымға айналдыру керек.

– Қазір 500-ден астам гидротехникалық нысан әбден тозып тұр. Тіпті оның 200-де төтенше жағдай туындау қаупі бар. Кезінде кейбір су қоймалары бұзылып, қайғылы оқиға болғанын білесіздер. Осындай жайттың алдын алу үшін гидроқұрылымдар жан-жақты тексерілуге тиіс. Апаттық жағдайда тұрған және қараусыз қалған нысандарды бақылауға алу керек. Қауіп-қатерлер картасын жасау қажет,– деді Мемлекет басшысы.

Президент проблемалардың тағы бірі ретінде  қалалардың абаттандырылуын атады. Бұл мәселемен барлық деңгейдегі әкімдер айналысуы тиіс. Өңірлердің даму деңгейін әлеуметтік-экономикалық факторлармен қатар ғимараттардың сыртқы келбеті, олардың санитарлық нормаларға сәйкестігі, аумақтың көгалдандырылуы, қоғамдық кеңістіктің жай-күйі, балаларға арналған спорттық алаңдардың болуы және басқа да мәселелермен айқындалатындығы белгілі.

Мемлекет басшысы қоғамда тұрғын үй қорын тиімді басқару мәселесі де өте белсенді талқыға түсетіндігіне баса назар аудартты.

– Мүлік иелері бірлестігі институтын енгізуге бағытталған реформа соңына дейін жеткізілген жоқ. Бұған қоса, мүлік иелері бірлестіктерімен қатар пәтер иелері кооперативтері де әлі жұмыс істеп тұр. Біз осы Мүлік иелері бірлестігі реформасында қатты қателікке ұрынған сияқтымыз. Бірақ қазір Үкімет әкімдермен бірге осы жағдайдан шығу жолын табуы тиіс. Өйткені, жағдай барынша күрделі. Мұндай жағдайдағы басты міндет – адамдарды сапалы әрі ашық қызметтермен қамтамасыз ету міндеті орындалмауда. Бұған қоса, аталған реформа жергілікті өзін өзі басқару жүйесінде бірінші сатыны құруды көздеген еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өз сөзінде ұлттың дені сау және сауатты болуы – өте маңызды мәселе екеніне тоқталды.

– Осыны ескермесек, экономиканы реформалау бос әурешілік болады. Бұл – мемлекеттің міндеті. Ең алдымен, адамдарға сапалы медицина қолжетімді болуы қажет. Денсаулық сақтау жүйесінде шешімін таппаған мәселе өте көп. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі осы саланы дамытуға тың серпін береді деп үміттенеміз. Алайда бұл жүйедегі қаржы айналымына бақылау жасалмайды, – деп атап өтті.

Ақпараттандырудың төмен деңгейі медицина қызметкерлеріне жүктеменің айтарлықтай артуына әкелді. Медициналық сақтандыру қорының өңірлік комиссияларының қызметі ашық емес, бұл денсаулық сақтау шығындарының өсуіне әкеледі. Медициналық көмекті бақылаусыз тұтыну салдарынан қымбат тұратын диагностикалық қызметтердің саны 11 есеге өскен.

Үкімет облыс әкімдерімен бірлесіп, Медициналық сақтандыру қорының өңірлік филиалдарының қызметіне аудит жүргізу керек.

– Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері сақталуда. Бұған тиімсіз жоспарлау жүйесі ықпал етеді. Осы уақытқа дейін медициналық ұйымдар дәрі-дәрмек қажеттіліктерін өздері «қолдан жасайды». Медициналық құрал-жабдықтардың өз бағасынан әлдеқайда қымбат шығатын жағдайлар аз емес. Денсаулық сақтаудың интеграциялық платформасын іске қосу мәселесі әлі шешілген жоқ. Жұмыс жүріп жатыр, үкіметтің үлкен жоспарлары бар, сондықтан тиімді әрі жедел жүзеге асыру маңызды, – деді Мемлекет басшысы

Президент қазіргі заманда дамудың басты кілті – білім екенін айтты.  Заман талабына барынша бейім, сондай-ақ жарқын болашақты өз қолымен қалайтын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу керек. PISA халықаралық зерттеуіне қарасақ, еліміз соңғы 10 жылда орта білім сапасы бойынша 80 елдің ішінде елуінші-алпысыншы орыннан көтерілген жоқ. Демек, жағдайымыз мәз емес.

Басты түйткілдің бірі – балалардың білімін біржақты бағалау. Елімізде білімнің сапасына емес, көрсеткіштің жоғары болуына баса мән беріледі. Оқушылардың ұлттық бірыңғай тестілеуден алған бағасы мен мектептегі бағасы екі түрлі. Айырмашылық 30 пайыз немесе одан да көп болуы мүмкін. Сондай-ақ осындай алшақтық халықаралық және ұлттық бағалау кезінде байқалады. Ашығын айтсақ, мұның бәрі жаппай белең алған көзбояушылықтың кесірінен болып отыр. Өзіңді өзің алдау жарға жығады.

Президент жас ұрпақтың қауіпсіздігіне баса назар аударудың маңызын атап айтты. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады.

Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарау керек. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керек. Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн. Қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылу қиын болады. Азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет.

Адами капиталды тиімді дамыту аясында мемлекеттік әлеуметтік қолдау нақты адамдарға бағдарланған және атаулы болуға тиіс екенін айтқан Президент әлеуметтік кепілдіктердің ағымдағы көлемі қысқармауы керектігін тапсырды. Бірақ шынымен мұқтаж азаматтардың пайдасына қайта бөлінуі тиіс.

Президенттің сөзінше, мемлекет әлеуметтік жәрдемақысыз күнелте алмайтын топтарға қажетті көмек көрсетіп отыр.

– Әлеуметтік кепілдіктердің бәрі жәрдемақылар төлеуге емес, өнімді жұмыс орындарын құруға бағытталған белсенді әлеуметтік саясатқа негізделуі керек. Бұл «Жалпыға бірдей жұмыспен қамту» қағидатын іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келеді. Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілді. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн.

Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар.

Жастардың кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсету үшін 40 миллиард теңге бөлінді. Қаражат аймақтарға берілді. Қазір бизнес саласындағы үздік идеяларды таңдап алу үшін конкурстар басталды. Халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет. Әкімдер бұл жұмыстың нәтижелерін тұрақты түрде баяндап тұруы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің тағы бір басымдық берген мәселесі – ауылды жерлерде табыс пен тұрмыс сапасын арттыруды ерекше бақылауда ұстау.

– Үкімет ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірледі. Әкімдер оны тиімді іске асыру үшін шаралар қабылдауы тиіс.

Әрбір аудан, моноқала және қала деңгейінде қолайлы инвестициялық ахуал мен «өсім көздерін» құру үшін олардың бәсекелестік артықшылықтарын анықтап, салалық басымдықтарды таңдау қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Президент ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін жекелеген өңірлердің табысты тәжірибесін ескеру керектігін тағы еске салды. Ең шалғайдағы ауылдық округтерге микрокредит беру және жеке қосалқы шаруашылықтарға кепілдік беру, сервистік-өткізу кооперативтерін ынталандыру сияқты мемлекеттік қолдау құралдары туралы ақпаратты жеткізу маңызды.

Әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және жолдарды жөндеу арқылы ауылдың тұрмыс сапасын жақсарту – әкімдердің басты міндеті. Ауыл тұрғындары таза сумен және тұрақты электр қуатымен толық қамтамасыз етілуге тиіс. Сондай-ақ мобильді байланыс және интернет қолжетімді болуы керек. Елге қаптаған статистика емес, нақты нәтиже, жылдам интернет, сапалы байланыс керек.

– Мемлекеттік басқаруды түбегейлі жетілдірмей жоғарыда аталған мәселелердің бәрін тиімді шешу мүмкін емес. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін кезең-кезеңмен орталықсыздандыру басталды. Үкіметтің шамамен 500 қызметі министрліктерге берілді. Біз министрліктердің қызметін әкімдерге беруді қарастыратын әкімшілік реформалардың екінші кезеңіне кірістік. Шешімдер жергілікті жерде, адамдарға жақын және олардың сұраныстарына орай қабылдануы қажет. Бірақ орталықсыздандыру жауапкершілікті құр әкімдіктерге жүктеу болмауы тиіс,  – деді Президент.

Президенттің айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқарудың әлеуетін күшейту қажет. Бұл тұрғыда көп нәрсе жаңадан сайланған мәслихаттардың жұмыс сапасына байланысты болады.

Президент кеңеске қатысып отырған жергілікті мәслихат төрағаларына: – Сіздердің бірінші кезектегі міндеттеріңіз – жергілікті тұрғындардың мүддесін қорғау. Депутаттар электораттың өзекті мәселелерін шешуде күнделікті қажырлы жұмысқа көшіп, кәсібилік пен жауапкершілік танытуға тиіс. Әкімдіктермен өзара іс-қимыл атқарушы органдар қабылдайтын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, сындарлы жүргізілуі керек, –  деді.

Мемлекет басшысы бұл Парламент пен Үкіметтің өзара бірлескен жұмысына да қатысты мәселе екеніне тоқталды. Парламент депутаттарының ой-пікірі атқарушы билікті беталды сынның астына алуды ғана көздемеуге тиіс. Үкіметтің де, Парламенттің де мақсаты – бір. Бұл – халықтың қамы және елдің мүддесі.

– Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда бізге, ең алдымен, мызғымас бірлік қажет. Сондықтан азаматтарымыз Парламенттің жаңа құрамына ерекше үміт артып отыр. Ал Үкімет Парламентке өз жұмысы жөнінде есеп береді. Жергілікті депутаттар аймақтағы тексеру комиссияларымен тығыз қарым-қатынас орнатуы керек. Бұл комиссиялардың рөлі едәуір артып, жауапкершілігі күшейтіледі. Алдағы екі жылда пилоттық жоба ретінде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Осы орайда қажетті нормативтік базаны және жол картасын әзірлеу қажет. Үкімет бұл жұмысты Орталық сайлау комиссиясымен және облыс әкімдерімен бірлесіп жүргізеді.

Біз қоғамды демократияландыру және билік құзыреттерін төменге беру үдерісін жалғастырамыз. «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңның қабылдануы бұл бағыттағы тағы бір маңызды қадам болмақ. Қазір тиісті заң жобасы Мәжілісте талқыланып жатқанын білесіздер.

Ауыл әкімдері күн сайын тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешеді. Сондықтан олар елімізде айрықша рөл атқарады. Ауыл әкімдерінің 64 пайызы жергілікті жұрттың тікелей сайлауымен қызметке келді. Мұны, шын мәнінде, зор жетістік деуге болады. Тұрғындардың мәселесін жедел әрі тиімді шешу үшін оларға көбірек мүмкіндік беріліп жатыр. Бұл жұмыс та жалғасын табады. Сонымен қатар барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын жыл сайын бағалау жүйесін енгізу керек.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату айрықша маңызды. Әрбір аймақтың өз ерекшелігі және «әлсіз тұстары» бар. Өкінішке қарай, әкімдер соны біле тұра, алдағы қиындықтарды уақытылы бағамдай алмайды. Жауапкершілікті өзіне алып, дер кезінде шешім қабылдаудан қашады.

Жаңа жылдан бері Президент Әкімшілігінің қоғамдық қабылдауында 811 адам болды. Соның 730-ын кестеден тыс, яғни табан астында жедел түрде қабылдауға тура келді. Олардың арасында барлық аймақтың тұрғындары бар. Президенттің атына жазылған арыз-шағымдардың саны үш жылда екі есе өсті.

Елімізде заң мен тәртіп қатаң сақталуы қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Заң үстемдігі болмаса, тұрақтылық та болмайды. Ал тұрақтылық жоқ жерде ешқандай даму да болмайды. Сондықтан азаматтарымыз заңға бағынуы керек, ал құзырлы органдар заң бұзушылықтың алдын алуға тиіс. Қоғамның қауіпсіздігін және тұрақтылығын сақтау – мемлекеттің басты міндеті. Өркениетті елдердің бәрінде солай. Әкімдер – мемлекеттің жергілікті жердегі өкілі. Сондықтан бұл жұмысқа баса мән беру қажет, – деді Президент. 

Сөзінің қорытындысында Мемлекет басшысы негізгі мәселе – жұмыстың сапалы орындалмауында екенін баса айтты.

– Сол себепті нақты нәтижеге қол жеткізе алмай отырмыз. Оның түрлі себебі бар. Кейбір мемлекеттік қызметшілер, басшылар өз жұмысына селқос қарайды, белсенді емес. Өзіне жауапкершілік алудан тартынады. Бұл, әсіресе, бюджет қаржысын игеру ісінде қатты байқалады. Олар жұмысты сапалы орындауға емес, тапсырманы дер кезінде бақылаудан алуға баса мән береді. Соның зардабын бәріміз тартып отырмыз.

Жария етілген көптеген реформа әлі де баяу жүріп жатыр. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан Үкімет ескі жұмыс тәсілін түбірімен жою үшін ерік-жігер танытуға тиіс.

Қазір мемлекеттік жоспарлау жүйесінде 163 құжат бар. Оның әрқайсысы орташа алғанда 40 іс-шараны қамтиды. 2010 жылдан бері созылып келе жатқан тапсырмалар бар. Тапсырмалардың өзектілігін қайтадан мұқият қарау қажет. Қағазбастылық керек емес.

Мен соңғы кездегі жаһандық үрдістерді ескеріп, 2050 – Стратегиясын жаңартуды тапсырдым. Бұл ұзақ мерзімге арналған құжат болуға тиіс. Онда әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси даму жолындағы негізгі басымдықтар айқындалуы керек. 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары өзектілігін жоғалтты деп ойлаймын. Сол себепті жаңа құжат әзірлеу қажет. Онда еліміздің орта мерзімге арналған мақсат-міндеттері нақты белгіленуге тиіс. Бұл құжат мемлекетімізді дамытуға қатысты барлық мәселені қамтуы қажет. Сайлау алдындағы бағдарламам да ескерілуі керек. Оған Мәжіліс сайлауында жеңіске жеткен «Аманат» партиясы бағдарламасының негізгі тұстарын қосқан жөн. Басқа партиялардың орынды ұсыныстарына да баса мән берген абзал.

Бізге ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тың тәсілдері қажет. Сол үшін тиісті стратегияны заман талабына сай қайта қарау керек. Сыртқы саясат тұжырымдамасы да жаңартылуға тиіс. Бұл құжат мүлде басқа геосаяси жағдайда қабылданған. Қазір көп нәрсе өзгерді, яғни, ішкі қауіпсіздікті сақтау, қорғаныс қабілетін күшейту, Қазақстанның және бүкіл Орталық Азия аймағының халықаралық деңгейдегі беделін арттыру мәселелері басты назарда болуы керек.

Қазір – ерекше тарихи кезең. Ғылым мен технология ғана емес, қоғамдық қатынастар да түбегейлі өзгеріп жатыр. Мемлекеттердің даму бағдары және басымдықтары басқаша сипат алды. Мұндай кезде батыл әрі жылдам әрекет жасау қажет. Арқаны кеңге салып отыруға уақыт жоқ. Жүктелген міндеттерді орындау үшін дереу іске кірісу керек. Тапсырмалар мүлтіксіз және уақытылы орындалуға тиіс. Әйтпесе, салдары ауыр болады. Реформалардың нәтижесін әрбір азамат нақты сезінуі қажет. Алдағы жұмыстың басты өлшемі – осы!– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

akorda.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<