Әр ісі болып өнеге

882

0

Фото: Мектеп-лицей

Қызылорда қалалық білім бөліміне қарасты Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейінде ұзақ жылдар білім саласында еңбек еткен, салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымының Қызылорда қалалық комитетін 20 жылға жуық басқарған, өнегелі еңбек жолында кәсіби қабілетімен дараланған Орынша Әлімбетованы құрметті демалысқа шығарып салу кеші өтті.

«Қалдырған ізің мәңгілік…» тақырыбында өткен шараға Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің басшысы Жанат Сәдуақасова мен сала ардагерлері және ұстаздар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Шарада қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Мылтықбайқызы құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебіз білдірді.

– Орынша Міржақыпқызының кәсіподақ комитетінің төрайымы ретінде білікті әрі кәсіби қабілеті жоғары маман екенін бәріміз жақсы білеміз. Мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін алдымен әлеуметтік жағдайды жақсартуға, әлеуметтік нысандарын дамытуға, Еңбек кодексін қолданылып еңбек қатынастарын ұжымдық-шарттық реттеуіне, білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асыруға үлесін қосуда. Біз ол кісінің еңбегін жоғары бағалаймыз. Білім саласына Орынша Міржақыпқызы секілді мамандар аса қажет. Ол кісінің еңбегіне алғыстан басқа айтарым жоқ, – деді білім бөлімінің басшысы.

Сонымен қатар «Сыр медиа» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Марат Аралбаев іс-шараға арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

– Орынша Әлімбетова2006 жылдан бері«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымының Қызылорда қалалық комитеті» филиалының төрайымы болып жұмыс істеді.Орынша Міржақыпқызы, кәсіподақтың қызметкері ғана болған жоқ, ол кісі ұстаздар қауымының мүддесі үшін аянбай еңбек етті. Оны бәріміз жақсы білеміз. 2011-2015 жылдары қалалық білім бөлімінің басшысы болған кезімде сізбен етене-жақын жұмыс істеп, мұғалімдер мүддесін қорғау жолындағы ерен еңбегіңіз бен кәсіби қабілетіңізге тәнті болғанмын. Білімді, білікті, адамгершілігі мол, парасат пайымы жоғары сіздей жанмен әріптес болғанымды мақтан тұтамын, – деді М.Аралбаев.

Айта кетейік, Орынша Әлімбетова еңбек жолында атақ пен марапаттан да кенде болмаған. Атап айтқанда, ҚР Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың «Алғыс хаты», Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың «Алғысы», «ҚР тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Қызылорда облысына – 70 жыл», «Қызылорда қаласына -190 жыл» мерекелік медальдары, облыс, қала басшыларының «Алғыс хаттары» мен «Құттықтаулары» ұстаз еңбегіне берілген лайықты баға деп білеміз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<