Ресейдегі қазақ диаспорасы қалай қалыптасты?

3517

0

сурет ашық дереккөзден

Қазақ диаспоралары мен ирреденттерінің, эмигранттарының қоғамдағы сан түрлі саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайлардың әсерінен ең бірінші жақын шетелдерге шашырап қоныстанатыны заңды құбылыс. Олардың көпшілігі көрші Ресей, Қытай, Өзбекстан мен Моңғолия елдерінде қоныс тепсе, қалған бөлігі Азия мемлекеттерінде шоғырланған. Ұлтымыздың соңғы үш ғасырлық этникалық тарихы патшалық Ресей империясының отарлық экспансиясымен тығыз байланысты екені баршаға белгілі.

Ресейдің кейбір өлкелері біздің жыл санауымызға дейін-ақ скиф, сармат тайпаларының тұрағы, кейіннен ғұн, түркі тайпаларының атамекені болды. Бұған археологиялық қазба деректер мен сол дəуір ескерткіштері – тас мүсіндер, жер-су атаулары дəлел бола алады. Осы мəліметтерді негізге алсақ, Орынбор қазақтарының автохтонды өлкенің ежелгі тұрғындары екені күмəн тудырмайды.

ХІV–ХV ғасырда өмір сүрген атақты Асан қайғы, қазақ хандығының негізін салушылардың бірі Əз Жəнібек ХV ғасырдың екінші жартысында Еділ өзені аймағына көшіп келгені туралы былай деп айтқан: «Еділ деген қиянға, Енкейіп келдің тар жерге. Мұнда кеңес қылмасаң, Кеңестің түбі нараду…» Бұл деректен Еділ өзені жағалауы бойындағы жерлердің қазақтардың атақонысы болғанына толық көз жеткіземіз.

1731 жылғы қазақ жүздерінің Ресейге қосылу үдерістерінен кейін қазақтардың көшпенді орын ауыстыруы басталды.

Егемендік алғаннан кейін азат болдық. Бірақ үш ғасырлық езгінің салдарынан ұлттың атамекенінен тыс шетелдерде қазақ диаспоралары мен ирреденттері және эмигранттары пайда болды. Олардың пайда болуына Ресей империясы жүргізген төмендегідей саяси шаралар себеп болды.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Ресей империясының ішкі экономикалық жағдайы төмендеп, ауыл шаруашылығы дағдарысқа ұшырай бастады. Оның негізгі себептерінің бірі орталық қара топырақты аудандарда жердің тарылып, шаруалардың күйзеліске ұрынуы болды. Патша өкіметі бұл экономикалық жағдайдан шығу үшін өз иелігіндегі отар елдердің жерлеріне орыс шаруаларын қоныстандыру саясатын қолға алды. Бұл агралық саяси шараның басты авторы және ұйымдастырушысы Ресейдің министрлер кеңесінің төрағасы П.Столыпин болды. Мұны іске асыру үшін қазақтың «бос жерлерін» есепке алу мақсатында арнайы экспедициялар ұйымдастырылды. Олардың есебінше, қазақтың он сегіз миллион десятина жері тәркіленіп, орыс қоныс аударушыларына беру жоспарланған. Бұл қоныс аудару реформасы ХІХ ғасырдың соңғы ширегінен басталып, І дүниежүзілік соғыс қарсаңына дейін жүзеге асырылды. Нәтижесінде жерсіз қалған немесе құнарсыз жерлерге ығыстырылғын қазақтар Қытай жеріне қоныс аударуға мәжбүр болған. Мысалы, Қапал уезінің Басқан-Сарқант болысынан қазақтар аз уақытта туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған. 1909 жылы Жаркент уезінен Қытайға жеті жүз отбасы көшіп кеткен. Осылай жері зорлықпен тартып алынған Шымкент уезінің қазақтары 1912-1914 жылдары Қытай шекарасына қарай ауа көшкен. Осы озбыр саясаттың кесірінен ХХ ғасыр басында қазақ халқының саны 9 пайызға азайып кеткен. 1911 жылғы есеп бойынша Қытайға жер ауып барған қазақтардың саны 244900 адамға жеткен.

Бірінші дүниежүзілік соғыс Ресей империясының қол астындағы халықтарға зор қайғы-қасірет шектірді. Соның ішінде, қазақ халқына да ауыр зобалаң тудырды. Соғысты сылтау еткен патша өкіметінің шенеуніктері жергілікті жерде ойына келген әрекеттер жасап, халыққа қорлық көрсетумен болды. Ауыр алым-салық жиналып, шұрайлы жерлер тартып алынды. Қазақ жұртшылығының көп бөлігі құнарсыз жерлерге ығыстырылды. Столыпиннің аграрлық саясаты тұсында қазақтан 17 миллион деятина жер тартып алынса, 1917 жылдың қарсаңында тағы да 45 миллион десятина жерінен айырылды.

Жерсіз қалған және ауыр алым-салықтан қатты күйзелген қазақтар патша өкіметінің 1916 жылғы 25 маусымдағы 19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтарды соғыстағы қара жұмысқа алу туралы жарлығына қарсы көтеріліске шықты. Бұл бүкіл Қазақстан жерін қамтып, ұлт-азаттық сипаттағы көтеріліске айналды. Оны аяусыз басып-жаншыған жазалау шараларының салдарынан қазақ халқының тағы бір бөлігі Қытай, Моңғолия жерлеріне ауа көшті. Осылайша шетелдердегі қазақ диаспораларының пайда болуының келесі тарихи кезеңі басталды.

Қазақ халқының басына қара бұлт болып үйірілген 1916 жыл оқиғасына жалғасқан азамат соғысы, 1920 жылдар соңындағы байлардың мал-мүлкін тәркілеу, 1930 жылдардағы зұлмат-нәубет аштық, «жапонның, т.б тыңшыларын әшкерелеу», ұлтымыздың ақиқаты мен ары іспетті бар қаймағын сыпырып алған 1937-нің қасіретті қырғыны қазақ диаспорасының алыс-жақын шетелдердегі санының еселеп артуына әкелді.

1931-1933-тегі зұлмат аштық жылдарында Қазақстан тұрғылықты халқының 64 пайызынан айрылған. Халық саны 1930 жылы 5,9 миллион адам болса, 1933 жылы 2,5 миллион адамға дейін азайып кеткен. Шекарадан шығып, босқыншылыққа ұшыраған қазақтар саны 1 миллион 31 мыңға жеткен. Олардың 165 мыңы бұрынғы Кеңес одағының шекарасынан әрі асып, Қытайға, Моңғолияға, Ауғанстанға, Иранға, Түркияға өтіп кеткен. Көпшілігі туған жеріне қайтып оралған жоқ. Ал жақын көрші елдерге және Ресейге қоныс аударып, орнығып қалғандар санын дерек көздері 450 мың деп көрсетеді.

Сондықтан қазіргі уақытта қазақтар – Ресей Федерациясында шашырап орналасқан ірі диаспоралардың бірі. Олардың басым бөлігі ирреденттерден тұрады. Ресейдегі қазақтар саны жағынан мари, аварлармен тең болса, ұлттық республика мәртебесі бар еврей, бурят, осетин, кабардин, якуттардан басым түседі.

Қазақстан мен Ресей шекарасының ұзындығы жеті мың шақырымнан астам. Тұрғындарының бір-бірімен тығыз қатынасатыны да заңды құбылыс. Қазіргі статистика есептері бойынша Ресей Федерациясында әртүрлі бағамдау тұрғысынан алғанда 1 миллионнан астам этникалық қазақтар тұрады. Біздің отандастарымыздың көпшілігі Ресей Федерациясының Қазақстанмен шекаралас он екі аймақтық субъектілерінде жинақы тұрып жатыр. Бұл – Алтай өлкесі, Астрахань, Орынбор, Самар, Қорған, Шелебі, Омбы, Сарытау, Волгоград, Новосібір және Түмен облыстары мен Татарстан, Қалмақия. Дегенмен Ресейдегі қазақ отбасыларының тығыз тұрақтылығы Еділ маңы федералдық аймағында (228016), Оңтүстік аймағында (201095), Астрахань облысы (142633), Орынбор облысы (125568), Сібір федералды аймағы (123914), Мәскеу қаласы (7997), Санкт-Петерборда (2830) байқалады.

ҚР Статистика агенттігінің деректеріне сүйенсек, 1993-2001 жылдар аралығында Қазақстанға Ресейден 47811 қазақ көшіп келсе, Қазақстаннан Ресейге 61519 қазақ қоныс аударған. Ресейдің тегін де сапалы білімі, зейнетке шығу жасының төмендігі және тағы басқа жағдайлар негізінен шекаралас тоғыз облыстағы қазақтарды қоныс аударуға мүдделі етеді екен. Әсіресе Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарынан 1994-1997 жылдары қазақтар сегіз-он мыңдап Ресейге көшіп отырған. 1998 жылдан бастап қоныс аудару үдерісі қайтадан толастай бастаған. Мысалы, 2001 жылы 4613 қазақ ғана көшкен.

Ресейдегі қазақ диаспорасын екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа шекаралық аймақтарда тұратын, көпшілігі ауыл шаруашылығымен айналысатын қазақтар енеді. Қазақстан Республикасының 17 облысының 7-еуі – Қостанай, ШҚО, СҚО, Абай, БҚО, Павлодар, Ақтөбе, Атырау және Ақмола Ресей Федерациясымен шекараласады. Екінші топқа қалада тұратын диаспора өкілдері кіреді. Олардың көпшілігі – жоғары білімі бар және шығармашылық еңбекпен айналысатын адамдар.

Кеңес Одағының күйреуі ресейлік қазақтарға жаңа саяси және әлеуметтік жағдай туғызып, тың мәртебе берді. Себебі, одақ кезеңінде РСФСР-да тұратын қазақтар өздерін диаспора ретінде сезінген жоқ. Өйткені, КСРО барлық ұлттардың отаны болып саналды. Ал әлемдік кеңістікте тәуелсіз Қазақ мемлекетінің пайда болуы, өзге кеңес елдеріндегі қазақтарды автоматты түрде диаспораларға айналдырды. Сонымен қатар, Қазақстанның дербестікке қол жеткізуі қазақ диаспорасының ұлттық санасын оятып, ұлтының тарихын, мәдениетін, тілін тануға және бүгіні мен ертеңін болжауға ұмтылдырды. Диаспора өкілдерін сол елде өмір сүру себептері бойынша екі топқа бөлуге болады. Бірінші – бұрыннан өмір сүріп жатқандар (Орынбор, Омбы және т.б. қазақ диаспоралары мен ирреденттері), екінші – білім алу мақсатымен барып, тұрақтап қалғандар (Мәскеу, Санкт-Петербордағы қазақ диаспоралары).

Ресейде ұлт саясатының құқықтық негіздерін қалайтын маңызды құжаттар РФ Конституциясы, РФ-дағы ұлттық саясат концепциясы, «Ұлттық-мәдени автономия туралы» және басқа да азаматтардың конституциялық құқын қамтамасыз ететін заңдар қабылданған. Сондықтан қазақ диаспорасы қоғамның әлеуметтік-экономикалық стратификациясына жақсы бейімделген. Өздерінің қырықтан астам қоғамдық бірлестіктері мен мәдени орталықтарын құрған. Мәскеуде «Қазақ тілі» қоғамы, «Қазақ диаспорасы» қоры, қазақ жастарының «Мұрагер» қоғамы, ұлттық-мәдени автономиясы, Санкт-Петерборда «Атамекен» қоғамы, Қазан қаласында «Қазақстан қоғамы», Орынбор облысында қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясы, Астрахань қаласында қазақтардың «Жолдастық» мәдени қоғамы, Омбы облысында аймақтық ұлттық-мәдени автономиясы, Түмен облысында «Достық» қоғамдық ұйымы, Саратов облысында қазақ мәдениетінің «Қазақстан» орталығы, Волгоград облысында аймақтық «Қазақстан» ұйымы және тағы басқа ұйымдар мен бірлестіктер қызмет жасайды.

Қазіргі уақытта Башқұртстанда тұратын қазақтардың 38 пайызға жуығының жоғары білімі бар екен. Ал Алтай өлкесі қазақтарының білім деңгейі басқа ұлттармен салыстырғанда төмен екені анықталған. Волгоград облысындағы қазақтардың 77, Челябинск облысында 73, Саратов облысында 82, Омбы облысында 58 пайызы жоғары білімді. Басқа субъектілерде селолық жерде тұратындықтан, олардың білім деңгейі өзгелермен салыстырғанда жоғары емес.

Тағдырын Ресеймен байланыстырған қазақ интеллигенциясының көптеген танымал өкілдері елдің ғылым мен білімінің дамуына, экономикасы мен мәдениетінің көтерілуіне өз үлесін қосып келеді. Олардың ішінде белгілі ғалым-филолог, ҚР ҰҒА академигі,  М.Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің профессоры Кеңесбай Мұсаев, тарихшы-ғалымдар Найля Бекмаханова, Тұрсын Сұлтанов, Ресей Академиясы ядролық физика институтының ғылыми қызметкері Ниғматбек Қамбаров, РФ Үкіметінің ғылым мен техника саласы сыйлықтарының лауреаттары, мәскеулік инженер-физиктер Жұмабек Жылқыбаев, Батырбек Нарбаев, РФ еңбек сіңірген дәрігер Ризек Нұрғалиев, «Достық» орденінің кавалері Никита Искаков, Астрахань облысы құрылыс және жол шаруашылығы министрі Табарак Мұқатов, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері Сағит Жақсыбаев, Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі Марғуба Шұмова, кәсіпкер Гүлжан Молдажанова, Байбек орта жалпы білім беретін мектеп директоры, РФ еңбек сіңірген мұғалімі Оразғали Алатаев, Мемлекеттік Думаның екінші шақырылымының депутаты Жақсылық Алтынбаев, Ресей Үлкен театрының солисі Нұрлан Бекмұхамбетов, жоғары категориялы кинорежиссер Райса Ерназарова, Ресей суретшілер одағы мен Санкт-Петербор қазіргі заман өнер академиясының мүшесі, суретші Латиф Қазбеков, ақын, прозашы, композитор Айгүл Комелькова, моңғолтанушы Шакен Назиров, Алтай университеті археология, этнография кафедрасының ғалымы, түріктанушы Ержан Әділбекұлы, «Ресей ғылымының дамуына белсенді үлес қосқаны үшін», «Ресей ғылымы мәртебесін нығайтқаны үшін» медальдарымен мараппатталған инженер-металлург Равиль Арықбаев, инженер-құрылысшы, қоғам қайраткері Бақытжан Ысқақов және тағы басқалар бар. Б.Ысқақов В.Янның «Шыңғыс хан», «Хан Бату», «К последнему морю» романдарын, Бирюковтың «Чайка» романын қазақ тіліне аударып шыққан танымал қайраткер. Мұның барлығы Қазақстан мен Ресей арасындағы саяси-мәдени қарым-қатынастар мен достастықты нығайтудың көп факторларының бірі болары анық.

Ресейдегі қазақ интеллигенциясының өкілдері ұлттық мәдениеттің, білімнің сақталуы мен дамуына, ана тіліндегі ақпараттық кеңістіктің кеңеюіне жағдай жасауға тырысады. Бұл тұрғыда Орынбор облысында «Жерлестер» телеарнасында ай сайын қазақ тілінде журнал дайындалады. Осы облыстың радиосында 50 минут қазақ тілінде хабар жүргізіледі. Орынборда «Айқап» атты қазақ газетін, Еділ жағалауы қазақтары «Хабар» газетін шығарады. Астрахань облыстық «Ақ арна» газетін 1991 жылы журналист М.Утежанов «Жолдастық» қазақ мәдениеті және тілі қоғамы белсенділерімен бірігіп шығаруды бастаған. Сондай-ақ, олар «Атамекен» бағдарламасында апта сайын қазақ тілінде 20-30 минут хабар таратады. Омбы қаласында қазақ-орыс газетін құрастырушы және шығарушысы Дастан Бейсебаев болған. Бірақ оның айтуынша демеушілердің қолдауынсыз газет шығару көп қиындық тудырады. Осы Омбы облысында қазақ тілін және ұлттың мәдениеті мен тарихын насихаттауға 16 клуб, «Мөлдір», «Достар», «Аманат» ансамбльдері мен мәдени бірлестіктер шама-шарқынша өз үлесін қосып келеді.

Жалпы Ресейдегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі жақсы. Содан болса керек, олар қазір Қазақстанға жаппай көшуді ойламайды. Есесіне, бауырларымыз елдің саяси өміріне қатысуға ерекше ынталы. Себебі Ресейдегі қазақтар арасында оқыған азаматтар да, ауыл, аудан өнеркәсіп орындарын басқарып отырған мамандар да жеткілікті.

Ербол ӘБЕНОВ,

саяси ғылымдарының кандидаты,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік

университетінің доценті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<