«Сай-салаға қашқан су дарияға қайтсе қайта құяды?»

559

0

Фото: ашық дереккөзден

«Сыр бойы» газетінің 8 желтоқсан №186 санында жарияланған жазушы, журналист Нұрмахан Елтайдың «Сай-салаға қашқан су дарияға қайтсе қайта құяды?» мақаласында айтылған мәселелер тіршілігі сумен байланысты сырбойылық халықты алаңдатып келетіні рас.

Біздің бір қателігіміз – Абай атамыз айтқандай, «Қолымды мезгілінен кеш сермедімге» келіп тіреледі. Біз қателікті болдырмауды ойлаудың орнына, қателікті жоюмен ғана күресіп жүрміз. Неге соның алдын алуды ойламаймыз? Ойлаймыз ғой, бірақ соны тыңдайтын құлақ мезгілінде бітеліп қалады. Сөйтеміз де бүгінгідей мезгілінен кеш сермеп, әттеген-айға саламыз. Заман солай болды деп заманды кінәлаймыз. Заманның еш кінәсі жоқ, заман өзгермейді, заман жалғасады, ал адамдар алмасады. Кемшілік пен кем-кетіктің бәрі осы алмасқандардан болып тұр ғой.

Нұрмахан Елтай ағамыз айтқандай – өзен суы халық игілігіне бағытталған, алайда, мол судың есепсіз жұмсалуы табиғи қалыпты бұзды дейді. Мен мына сөзін өте құптаймын: «Неге екенін кім білсін, тақ пен креслоға қонжиғандар өзінің алдындағы әріптестерінің барша тірлігін жоққа шығарып, парақтың жаңа бетінен бастап жазғысы келеді де тұрады» дейді.

Расында, бізді әлі де болса кері тартпалап келе жатқан осы мінез.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда осы суға қатысты да мәселе көтеріп өткен.

«Өнім өндіру үшін, ең алдымен, жер керек.  Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды. Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет» деді Президент.

Қазір ауыл шаруашылығына жарамды жерлердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Дұрыс жолға қойылған жүйе жоқ. Бізді құртып отырғаны осы, барлығы істің жүйесіздігінен деп түсінемін.

Мұнда да цифрландыру проблемасы туындап тұр. Ал цифрлық платформа осының бәрін  бір жерге жинақтайды. Ауылдарда көп жерлер есепте жоқ, бірақ барсаң бос емес, иесі шыға келеді. Бұл да бір салықтан қашудың жолы ма? Түсінбедім.

«Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда.  Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес» – делінді Жолдауда.

Су жағдайы – адамзат үшін өте маңызды стратегиялық мәселе. Сондықтан оған немқұрайлы қарауға болмайды. Суды қатты бақылауға алу қажет. Оны жер иеленушілер мен жер иелерінен талап ету керек. Қазір жеке қожалықтар мен бау-бақша егушілер көп. Күріш егісінің жайы да белгілі. Енді солардың егістік алқабының нақты көлемі мен өзеннен алып отырған су көлемін айқындау аса маңызды. Себебі, қағаз жүзінде көрсетілген жер көлемі нақты жағдайдан бөлек болуы мүмкін. Айналып келгенде, есепсіз тіршіліктен су тапшылығы туады.

Су тапшылығы тығырығынан шығатын тағы бір жол – жерасты су қорларын барлау деп ойлаймын. Бұрын мал шаруашылығына пайдаланылған скважиналар бар, артезиан су қорлары бар, солардың көзін ашу артық болмас.

Мемлекет басшысы Жолдауда: «Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн» деді.

Шынында ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл жерде Сыр өңірі үшін, әсіресе жергілікті Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әлеуеті жетерлік деп есептеймін. Университеттің бұл салада базасы жақсы қалыптасқан, тәжірибесі жоғары, 50 жылға жуық білікті де білімді су шаруашылығының мамандарын шығарды.

Естеріңізде болса, 2017 жылы Қызылорда облысы әкімдігі мен Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) ұйымдастырған халықаралық тұрақты даму форумында қордың құрылған күнін – 26 наурызды – «Арал теңізі күні» деп атап өту туралы шешім қабылданған болатын. Осы орайда Қорқыт ата атындағы Қызылорда  университетінің Химиялық зертханасының ұйымдастыруымен ғылыми семинар өткізілді. Семинарға Жаратылыстану бағытындағы бакалавр мамандығы мен магистранттар қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.

Арал мәселесі Үкімет алдындағы басты мәселелердің бірі болып отыр. Әсіресе, Сырдың суы жылдан жылға мардымсызданып бара жатқаны Орта Азия елдерін ғана емес, әлемді алаңдатуда. Себебі, Аралдың экологиялық мәселесі өңірлік шектен шығып, ғаламдық деңгейде проблемалар туғызуда.

Сырдария өзенінің тағы бір проблемасы туындап тұр, ол – бастауын алатын мұздықтар мәселесі.

Ғалымдардың болжамдары бойынша, Қырғызстандағы мұздықтардың көлемі  2025 жылы 30-40%-ға азайып кетуі мүмкін. Ол өз кезегінде, Орталық Азиядағы өзендер суының 25-35%-ға азаюына алып келеді. Солай кете берсе 2100 жылы Қырғызстанның географиялық картасында мұздықтар жойылуы ғажап емес. Ал Қазақстанның, бүкіл өңірді көкөніс, бақша дақылдарымен қамтамасыз етіп отырған оңтүстік аймағы қуаңшылыққа ұшырап, шөл далаға айналуы мүмкін. Өйткені бұл өңірде басқа су көзі жоқ. Оған қоса Кіші Арал тартылып экология ушығады. Бұл бір ғана Қазақстан емес, әлем елдеріне әсер етеді. Қысқасы, газетте көтерілген мәселе бей-жай қарайтын жағдай емес. Есепсіз дүние түбінде игілік әкелмейді. Ал оның су тағдырына қатысты болуы, ел тағдыры екенін бәріміз білеміз. Сондықтан нақты іс-шаралар жасалуы керек деп ойлаймын.

Оразхан АЙДАРОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы

Айтылған мәселе аяқсыз қалмаса игі

«Сыр бойы» газетіне шыққан  «Сай-салаға қашқан су дарияға қайтсе қайта құяды?» атты мақалада  («Сыр бойы» №186) Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Нұрмахан Елтай өте өзекті мәселені дұрыс көтеріп отыр.

Осы өңірдің тұрғындары біздер де дарияның жағдайын көріп қынжылып қаламыз.

Өздеріңіз білетіндей, Президент 1-қыркүйектегі Жолдауында: «Су тапшылығы ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан бетер қиындатып бара жатыр» деп айтылған еді.

Осы мәселеге тікелей қатысты жағдаят Шиелі ауданы, Иіркөл ауылдық округіне қарасты Жансейіт ауылында да туындап отыр. Округ аты айтып тұрғандай, осы өзек айналып – иіріліп ауылды үш жағынан қоршай ағады. Көптеген жерлерінде су жолдарын қамыс қопалары, қоға басып судың көтеріле жайылып кетуіне, сөйтіп ауылдарды, егістерді ыза су басуына әкелуде.

Бұл мәселе бұрын да газет беттерінде жарияланды. «Өскен өңір» газетінің 2021 жылдың 27 сәуіріндегі №33 санында «Сушар» мекемесінің инженер-гидротехнигі Ә.Сейітовтің «Ыза су тудырмасын десек» атты мақаласы және «Шарайна-Сейхун» газетінің 2021 жылдың 9 шілдедегі №27 санында «Ыза судың әлегі. Айтуын айтамыз, алайда тыңдар  құлақтар бар ма?» – деген тақырыппен Жансейіт елді мекені ақсақалдарының да ұсыныс-пікірі шыққан болатын. Сондай-ақ бұл мәселе де ауылдық, аудандық деңгейдегі жиындарда айтылса да түрлі себептермен шешімін таппауда.

Егерде осы өзек бойындағы бөгесін боп тұрған қамыс қопалары, басқа да кедергідер тазаланып алынып тасталса, өзек бойымен ағатын мол су Ханқожа көлі арқылы іркіліссіз дарияға қайта құяр еді.

Дәл осындай жағдай осы округтегі «Пірімбет базы» аталатын өңірде де болып отыр. Осы аумақтағы Қ-9 қашыртқысымен келетін су да діттеген жеріне жетпей, сай-саламен құм арасына сіңіп кетіп жоғалуда. Ал бұл қашыртқы суы Ошақты көліне құйып, одан әрі дарияға құюы тиіс.

Біз Нұрмахан Елтайдың «Сай-салаға қашқан су дарияға қайтсе қайта құяды?» атты мақаласындағы айтылған негізгі де негізді пікір-ойларын қолдаймыз. Иесіз, қайда кетіп жатқаны белгісіз қашыртқы суларын мамандар зерттеп-зерделесе, көп судың дарияға қайта қосылуына ықпал етсе, Аралға да демеу болар еді дейміз.

Мейірбек Ташмұхамед,

Шопанбек Сәреке,

Жансейіт ауылы тұрғындары.

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<