Салық – халық қазынасы

658

0

Қай мемлекеттің болсын экономикалық әлеуетінің басты тірегінің бірі – салық екені белгілі. Мемлекеттің материалдық мүддесі мен қоғамдық өмірі де осы салада тоғысады.

Мемлекет басшысы 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында экономиканың тұрақты өсуі – салық саясатына тікелей байланысты екендігін атап өтті. Осы орайда, биыл жаңа Салық кодексін халыққа түсінікті, қолдануға ыңғайлы  әрі жеңіл  болатындай етіп әзірлеуге арнайы тапсырма берді. Жалпы, кірістер органдарының басты мақсаты – салықтар мен міндетті төлемдердің бюджетке мерзімінде және толық түсірілуін қамтамасыз ету, «көлеңкелі» экономиканы болдырмауға қызмет жасау, қоғамдағы салық мәдениетін көтеру және сапалы мемлекеттік қызмет көрсету.           

Облыс бойынша кірістер департаменті І тоқсанның қорытындысын шығарды. Мемлекеттік бюджеттің салықтық түсімдерінен бекітілген жоспар 109%, республикалық бюджет 100% және жергілікті бюджет 129%-ға орындалды. Өткен жылмен  салыстырғанда   мемлекеттік   бюджеттің  салықтық түсімдері 11,5 млрд теңге артып отыр немесе 26%, республикалық бюджет 6,5 млрд теңге немесе 22%, жергілікті бюджет 5 млрд теңге немесе 33%.

Түсім қарқынын қамтамасыз ету, оны облыс бойынша орташа көрсеткіш деңгейінен арттыру мақсатында салықтық бақылауды күшейту, аумақтағы ірі салық төлеушілердің қызметіне болжамдық-талдамалық бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

Департамент мамандары салықтық және кедендік әкімшілендіру жұмысын жандандыру нәтижесінде 3,1 млрд теңге қосымша түсім өндірді,  оның ішінде   республикалық бюджетке 1,7 млрд теңге (54%) және жергілікті бюджетке 1,4 млрд теңге (44%). Сонымен қатар, салықтар мен төлемдер бойынша  жыл басымен салыстырғанда берешек сома 739 млн теңгеге төмендеді.

Қазіргі таңда ақпараттық және инновациялық технологиялар жаңарған сайын салық, кеден жүйесіндегі бақылау мен әкімшілендіруді жетілдіруге байланысты  өзгерістер де күн санап дамып келеді. Осы орайда мемлекеттік кірістер органдары мемлекеттік қызметтің 24 түрін көрсетеді. Оның 17-сі салықтық, 7-еуі кеден бағытында.

Мәселен, осы жылдың І тоқсанында 290400 қызмет көрсетілді. Қағазбастылықты, адами факторларды болдырмау мақсатында электронды көрсететін қызметтер бағытындағы жұмыстарға баса назар аударылуда. Сонымен бірге, бүгінгі күнге мемлекеттік кірістер комитетінің тарапынан цифрландыру бағытында бірнеше өнімдер іске қосылып, кәсіпкерлер мен жалпы халық пайдалануда. Соның бірі азаматтар үшін қолайлы «e-Salyq Азамат», «SalyqBot» бизнес өкілдері үшін «e-Salyq Бизнес», «Онлайн-БКМ», «Үш компонентті интеграцияланған жүйе», кедендік әкімшілендіру бойынша іске қосылып жұмыс жасалуда.

Салықтық әкімшілендірудің бір түрі – салық төлеушінің ақпараттық жүйедегі мәліметтеріне сәйкес, қашықтықтан камералдық бақылау жүргізу. Департамент салықтық және кедендік әкімшілендірудегі басты назарды  салық төлеуші өз міндеттемелерін ерікті түрде орындауға бағыттаған.

Келесі мәселе, сауда-саттық заман талабына сай дамуы үшін мөлшерлемесі ойға қонымды әрі рәсімдері қарапайым бөлшек сауда салығын қолдануды кеңейту, салық реформасы аясында «сән-салтанат салығын» салуды енгізу сияқты жаңа тапсырмалар берді. Мұның орта топқа қатысы жоқ, бұл тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады. Басты мақсат – елімізде төлемнің әділетті жүйесін қалыптастыру. 

Сөз соңында айтарым біз өзіміздің негізгі міндеттерімізді яғни, мемлекет қазынасын толтыру, салықтық және кедендік әкімшілендіру бағытында сапалы жұмыс жасай беретін боламыз.

Ғани АМАНОВ,

Қызылорда облысы бойынша кірістер

департаментінің басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<