«Жүректен шыққан сырлы сөз» поэзия кеші

146

0

Фото: Сырдария жастар ресурстық орталығы

Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастырумен аудандық басылымның 85 жылдығына орай Нағи Ілиясов ауылында «Жүректен шыққан сырлы сөз» тақырыбымен поэзия кеші өтті. Поэзия кешіне аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлім басшысының міндетін атқарушы Ж.Төрәлиев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, әйелдер кеңесінің төрайымы мен ауыл тұрғындары қатысты.

Поэзия кешінде сөз алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлім басшысының міндетін атқарушы Ж.Төрәлиев өз құттықтауын жеткізді.

Тарихы тереңде жатқан ауданның үнжариясының беделі қашанда биік. Қырық мыңға жуық халыққа ақпарат таратып келе жатқан «Тіршілік тынысы» газетінің 85 жылдық мерей тойы аудан көлемінде жоғары деңгейде аталып өтілуде.

Бүгін міне мерей той аясында «Жүректен шыққан сырлы сөз» тақырыбында жас ақындар арасында поэзия кеші өткізіліп отыр. Шығармашылық кеште «Аузымен құс тістеген» республикаға танымал ақындарымыз өлең-жырларымен көпшілікті сусындатпақ. Республикадағы үздік ауылына қатарына кіретін Нағи Ілиясов елді мекенінің көркі айшықталып, «Еңбек аллеясының» ашылуы Сыр дихандарына көрсетілген құрмет деп білеміз,- деді.

Жас ақындар Ұлықбек Тәңірбергенов, Ақжол Түменбай, Айдар Сайлауов, Дина Бөкебай және Ақтөре Ибрагимұлы поэзия кешінің құрметті қонақтары ретінде төрден орын алды. Өз кезегінде ақындар өлең оқып, өлең-жырға, поэзияға шөліркеген халықтың шөлін қандырды. Алдымен туған жер, Отан, отбасы туралы өлеңдерін ортаға салған ақындар махаббат поэзиясына да кезек берді. Одан кейін белгілі өлеңдердің авторы Ақжол Түменбай мен ақын қыз Дина Бөкебай поэтикалық дуэльге шығып, тартысты дуэль көрсетті.

Кеш соңына таяу ақын аға-апаларының ізін басып келе жатқан мектеп оқушылары Нұршат Ешмұратова, Нұрахмет Мансұров, Назым Кенжебекқызы, Жансая Әбибуллақызы ақындардың өлеңін оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жас ақындарға аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушевтің алғыс хаты мен естелік сыйлық табысталды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары поэзия кешінде қонақ болған ақындардың сөзіне жазылған бірнеше өлеңді қатарынан орындап, ауыл кешінің сәні мен мәнін үстей түсті.

Көтеріңкі көңіл-күйде тәмамдалған кешті ауыл әкімі Сағдат Нұрмағамбетов пен мәдениет саласының ардагері Күләш Құдабаева қорытындылап, жылы лебіздерін білдіріп, аудандық газетінің мерейтойымен құттықтады. Бірнеше сағат бойына сыршыл поэзиямен жан сарайын толтырған тыңдарман әдебиет әлемінде өзіндік өрнегін сызып келе жатқан жас ақындармен естелік суретке түсті.

Сырдария жастар ресурстық орталығы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<