Сапалы өнімге сұраныс көп

490

0

Қазалыда жыл басынан бері кәсіпкер болуға ынталы 1858 адам тіркелген. Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің мәліметінше, ауданда барлығы 5883 кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның ішінде 4005 жеке кәсіпкер, 302 заңды тұлға және 1586 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Бүгінде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерліктің саны – 5631.

Ауданда дүкен ашып, үлкен қалалардан зат арту, сауда жасайтындармен қатар кейінгі уақытта өз өнімін дайындап, тұтынушы сұранысын өтеп жүргендер де бар. Тіпті, көбейіп келеді десек болады.

Соның бір мысалы, «BagNur» кондитерлік дүкені. Аудан орталығы – Әйтеке би кентінің тұрғыны Нұргүл Кенжебаева тәттінің түр-түрін пісіріп, елге қызмет көрсетіп келеді. Кәсіпкер мұнымен 9 жылдан бері айналысады.

– Мектеп кезінен қызығушылығым болды. Ол уақытта интернет жоқ. Бірақ аспаздық журналдарды сатып алып, содан оқып үйрендім. Басында үйдегі мерекелік кештерге пісіріп, бірте-бірте осы кәсіпке төселе бастадым. Қазалыдағы жеке кондитерлік цехта жұмыс істеген кезім болды. Сол уақыттары Алматы қаласынан келген кондитер маманнан біраз курс алдым. Жалпы өз-өзімді дамыттым десем болады. Кейіннен кондитерлік цехты жалға алып, кәсібімді толық қолға алдым. Маған көбіне-көп қолдау білдірген ағам. Осылайша бір-бірімізді қамшылап, көп кедергілерді жеңіп, нәтижеге жеттік. Бір түсінгенім, өніміңіздің сапасы, дәмі, сондай-ақ дизайны ерекше тартымды болса, ешқашан да тұтынушыдан айырылмайсыз, – дейді ол.

Биыл орталықтан екі қабатты ғимаратты жалға алған Нұргүл төрт адамды тұрақты жұмысқа қабылдапты. Ғимараттың жоғарғы қабаты түрлі  тәтті дайындайтын цех болса, ал төменгі қабатында өнімдерді сату бөлімі орналасқан. Бүгінде ол дайындаған тәтті пирог пен тортқа кент тұрғындарынан бөлек, ауылдағы үлкен той иелері мен аудан орталығындағы мейрамханалардан жиі-жиі тапсырыс түсіп жүр.

Кенттегі тағы бір отбасы, ерлі-зайыптылар Ғани мен Айнұр да дайын өнімді әкеліп сатудан көрі жергілікті жерден шығатын өнімнің мол болғанын қалайды. Олар үш жылдан бері терезеге арналған түрлі жалюзи, ролл-штор, жапқыштар мен дастархан түрлерін тігіп, халыққа қызмет көрсетуде.

– Негізі бұл кәсіпті 4 жыл бұрын бастағанбыз. Ал кәсіпкерлікке тіркеліп, заңды түрде жұмыс істегенімізге биыл екі жыл толды. Жолдасым жұмыс істесе де, жалақысы аз еді. Ал мен үш баламен үйде отырғанмын. Тиыннан тиын құрап, алғаш рет жалюзи, дастархан тіге бастадық. Әйел адамдарға ұнамды дүниелер болғандықтан, біздің өнімімізді көбіне солар сатып алады. Жалпы отбасылық кәсіпті 400 мың теңгемен бастадық. Қазір кәсібіміз бірте-бірте ұлғайды, үйге қажетті дүниенің біршамасын тігіп жүрміз, – дейді Айнұр Сүлеймен.

Кәсіпкер отбасы екі жыл бұрын  кент ішіндегі «Ай-Тоғжан» сауда орталығының бірінші қабатынан «Декор» студиясы деп аталатын қызмет көрсету орнын ашыпты. Әдетте, олар тіккен қай өнім болмасын жергілікті тұрғындардың көңілінен шығып жүр. Сондай-ақ Айнұрдың ескірген дастархандарды қайта жөндеп, (реставрация) өзгеше әрі әдемі қалыпта тігіп беретіні де бар.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<