Шекара шебінде шыңдалған…

822

0

Биыл ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметіне 30 жыл толып отыр.  Кеңестік кезеңде Шекарашылар күні 29 мамыр болатын. 2012 жылдан бастап 18 тамызға ауысты.

Иә, тартылған теңізді өлкеден бастап Қызылды бойлай Жаңақорған жеріне жетіп жатқан шекара шебі Қызылорда облысына тиесілі. Ұзындығы – 745 шақырымнан астам. Құмды әрі шөлейтті өлке. Мұндай жерді кірпік қақпай күзету тек біздің қайсар шекарашыларға ғана тән. Отанына адал, ержүрек ерлердің еңбегін қалай мадақтасақ та жарасады. Ал біз әңгімелегелі отырған кейіпкер 2019 жылдан бері шекарашылар сапында. Ефрейтор Бақытбек Үмбетқұлов ҚР ҰҚК ШҚ облыс бойынша департаментінің арнайы мобильдік ұшқырлар іс-қимыл тобында қызмет атқарады.

Бақытбектің өзгелерден ерекшелігі – спортқа бар ынтасымен берілуінде. Рас, біздегі қай шекарашы болмасын, оның спорттық дайындығы алдыңғы орында тұратыны белгілі.

Әскери өмірде «қоян-қолтық ұрыс» деген бар. Бұны нағыз ер жігіттер үшін аса шыдамдылық пен техникалық әдіс-тәсіл және күшті қажет ететін спорттың бір түрі десек болады. Әлемдегі ең танымал жекпе-жек спорт түрлерінің (бокс, каратэ, күрес, таэквондо, т.б.) барлық шабуылын, қорғанысын қамтитын нағыз әмбебап жүйе. Кейінгі жылдары әскери қызметшілер арасында дәл осы спорт түрінің танымалдылығы артқан.

Былтыр сәуір айында Бақытбек осы спорт түрінен облыс атынан сынға түсті. Ерлер мен әйелдер арасында республикалық чемпионат Ақмола облысындағы Щучинск қаласында болған еді. Мұндайда әр өңірден келген шекарашы спортшылардың барлығында да жеңіске деген ұмтылыс бары анық.

Жарысқа тыңғылықты дайындықпен барған біздің кейіпкер бұл додада 90 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Барлық қарсыластарын ойсырата жеңіп, ақтық сайыста да өз айласын асырған Бақытбек шекара қызметінің туын желбіретіп, алтын медаль иеленді.

Бұл жеңіс шекарашы жігітке үлкен жүлде ғана емес, көрші елде өтетін үлкен жарысқа жолдама болып келді. Осылайша Бақытбек Өзбекстанның Ташкент қаласындағы әлем чемпионатына Қазақстан атынан қатысып, ел намысын тағы абыроймен қорғап шыққан еді. Батыр тұлғалы жігіт бұл жолы да 90 келі салмақпен тамаша өнер керсеткен. Иә, әлемнің 38 елінен келген, кіл «сен тұр, мен атайын» апайтөс жігіттерді жығу оңай шаруа емес. Бақытбек дүниежүзілік додада үшінші орыннан көрінді.

Жалағаштық жігіттің спортқа әуестігі бала күннен басталған сияқты. Өз достарымен грек-рим күресі үйірмесіне жазылып, бала күнінен жүлделі орын алып жүреді. Осындай сәтте өз жаттықтырушысы Бақытбекті кәсіби түрде шыңдалу үшін арнайы мектепке баруды ұсынады. Ұстаз кеңесін құп алған оқушы Бақытбек жетінші сыныптан бастап облыс орталығындағы Жалаңтөс баһадүр атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта білім алады. Мұнда да өз қабілетімен көзге түсіп, арнайы жаттығуларға да бар ықыласымен қатысады. Ал мектептен соң Алматыдағы республикалық спорт колледжін тәмамдап, грек-рим күресінен жаттықтырушы-оқытушы мамандығын алған.

Спортпен қатар әскери болуды қалаған жігіттің арманы да орындалды. Қаладағы «Болашақ» университетінде «құқықтану» мамандығын оқып, тіпті жоғары оқу орны қабырғасында да жарыстарға қатысып жүрді.

Осы уақыттары ол өзінің спорттық жолына басқа бетбұрыс жасап, аралас жекпе-жек өнеріне ауысады. Күресе жүріп, ұру, тебу тактикаларын машықтанған. Бокс, таэквондо сынды ұрыс дағдыларын меңгереді. Алғашында әуесқой жарыстарда өнер көрсеткен Бақытбек кейіннен қоян-қолтық ұрыс бойынша чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазы атаныпты.

– Менің қызығушылығым – тек грек-рим күресі ғана емес, жалпы жекпе-жектің кез келген түрі десек те болады. Спорттың қайсысы болмасын, ол тән мен жанды, рухты шынықтырады. Сонымен қатар, ерік-жігер мен мінезді шыңдауға көмектеседі. Сондықтан мен өз шеберлігімді шыңдауды еш ұмытпаймын. Үнемі жаттығу алаңында болған ұнайды. Жалпы, спорт деген дүние маған әскери өмірде көп көмектесті. Мысалы, әрбір десантшы жауды тек сеніп тапсырылған қарумен ғана емес, қарусыз ұрыста да жеңе білуі керек. Өйткені, шекара шебінде кез келген күтпеген жағдайға тап болуыңыз мүмкін. Тағы бір қуанатыным, мұнда спортпен шұғылдануға мүмкіндік көп. Әрдайым қолдау білдіріп, республикалық, әлемдік жарыстарға қатысуыма өз септігін тигізіп жүрген облыстағы департамент басшылығына да алғысым шексіз. Ендігі мақсат – әлем чемпионы болу, – дейді Бақытбек.

Шекарашы Бақытбек бүгінде «грек-рим» күресінен спорт шеберіне үміткер. Сондай-ақ аралас жекпе-жек және қоян-қолтық ұрыс түрлерінен спорт шебері. Жары Мәдина екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<