Шетелдік көлікті заңдастыру шарттары қандай?

923

0

Фото: ашық дереккөз

Шетелдік автокөліктерді біржолғы заңдастыру 23 қаңтарда басталады. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетел көліктерін заңдастыру мәселесіне байланысты Үкімет жұмысын сынға алып, көпшіліктің әлі күнге дейін ақпаратпен толық қамтамасыз етілмегенін айтқан болатын. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, бүгінде ел аумағында заңдастыру тізіміне іліккен 300 мыңнан астам  автокөлік жүр.

Үкімет 11 қаңтарда ел аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудың және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінен босатудың қағидаларын бекітті. Ереже 23 қаңтарда күшіне енеді және сол күннен бастап шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталады.

Енгізілген тиісті өзгерістерге сәйкес, заңдастырылатын көліктердің иелері утилизациялық алым төлемейді. Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрмахан Пазыловтың айтуынша, елге өткен жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген көліктер заңдастырылады. Көлік иелері тек 200 000 теңге мөлшеріндегі бір реттік төлем жасайды. Бұл жұмыстар Үкімет бекіткен тиісті қағидалар мен талаптарға сай жүргізіледі.

Біріншіден, көлік 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінуі керек. Екіншіден, ол іздеуде болмауы тиіс. Үшіншіден, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы қажет. Соңғысы – кедендік тексеруден өтуі керек.

Тіркелетін шетелдік автокөліктерге «жасына» және экологиялық сыныбына талаптар қойылмайды. Заңдастыруға өтінішті «Электронды үкімет» порталы немесе арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарына жеке жүгіну арқылы беруге болады. Өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін көлік құралы арнайы ХҚКО жанындағы тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады. Салыстыруды ішкі істер органдарының сарапшы-криминалисі жүргізеді. Екі күнге дейінгі мерзімде салыстырып тексеруден өткеннен кейін көлік құралы заңдастыруға жататыны немесе жатпайтыны анықталады.

Кіру күні ҰҚК Шекара қызметінің немесе мемлекеттік кірістер органдарының дерекқорлары бойынша айқындалады, бүгінде бұл үдеріс толығымен автоматтандырылған және автомобиль шекарасынан өтуді есепке алу оның коды бойынша жүргізіледі.

Бұл ретте, егер көлік шетелде тіркеуде тұрса, оны есептен шығаруды көлік иелері өздері жүзеге асырғаны дұрыс. Әзірге оны мемлекеттік реттеудің тетігі бекітілмеген.

– Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігі тарапынан Ресейдің мемлекеттік тіркеу органдарымен интеграциялау жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен, өзге мемлекет болғандықтан, шетелде тіркелген көлікті онлайн есептен шығару, арадағы хат алмасы процестері қанша уақыт алатыны әзірге белгісіз. Негізінен басқа мемлекетте тіркелген жерінен есептен шығаруды көлік иелерінің өздері реттегені дұрыс, – деді Нұрмахан Пазылов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Заңдастыру ережелері 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін күшінде болады. Сонымен қатар жеңіл автокөліктерге, шағын, орта автобустарға және шағын жүк автокөліктеріне, оның ішінде рөлі оң жақта орналасқан көліктерге қолданылады.

Сондай-ақ, 12 қаңтардан бастап Қазақстан азаматтарына шетелдік көліктерді сақтандыруға тыйым салынады. Заңға енгізілген өзгертулерге сәйкес, сақтандыруды алу үшін көлік Қазақстанда тіркелген болуы немесе шетелдік азаматтың меншігінде және басқаруында болуы керек. Қазақстандықтарға шетелдік нөмірлері бар көліктерге полистер беруге заң жүзінде тыйым салынады. Тиісінше, сақтандыру бойынша мұндай көліктерді бір-біріне сату мүмкін болмайды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха заңның күшіне енгенін және онда тіркеусіз көліктерге сақтандыру полисін беруге жол берілмейтінін хабарлаған болатын. Бұл ретте елге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген, яғни, заңдастыру бағдарламасына жататын автокөліктер сақтандырылуы мүмкін.

Ал, 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген автокөліктер үшін азаматтар полисті қайта рәсімдей алмайды. Бірақ біріншісі мерзімнің соңына дейін жарамды болады, яғни, заңдастырылмаған көлік иелері 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап сақтандыруды ала алмайды. Сақтандырусыз көлік жүргізгені үшін 10 АЕК айыппұл қарастырылған, оның үстіне патруль мұндай көлікті арнайы тұраққа қоя алады.

Заңдағы өзгертулер жолдардағы жағдайды жақсарту мақсатында енгізілген. Біріншіден, тіркелмеген көліктердің иелері оларды жазалай алмайтынына сенімді бола отырып, жол ережесін жиі бұзады. Екіншіден, шетелден келіп жатқан көліктердің көбі экологиялық талаптарға сай келмейді.

Сондықтан, көліктерді заңдастырумен қатар, елге заңсыз көлік әкелу арнасына тосқауыл қою маңызды міндет болып отыр. Бұл ретте заңда халықаралық қозғалыс қатысушылары сақтандыру полисін ала алады деген тармақ бар. Дегенмен, мұны қазақстандықтар пайдалана алмайды. Себебі Қазақстан Республикасының азаматтығы немесе Қазақстанда тұруға ықтиярхаты барлар бұдан былай халықаралық қозғалысқа қатысушыларға жатпайды.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<