Егін даласына алғашқы дән себілді

232

0

Фото: Қармақшы ауданы

Бүгін аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі «Тұрмағамбет» серіктестігінің егін алқабында алғашқы дән себу рәсімі өтіп, егін егу науқаны басталды.

Аталған шараға аудан әкімі Жандос Еркінбек қатысып, дала диқандарының қажырлы еңбектеріне сәттілік тіледі.
– «Жері күрішті, елі ырысты» Қармақшы ауданы ауылшаруашылығы саласы бойынша жыл сайын толайым табыстарға қол жеткізіп келеді. Мұның бәрі, аудан еңбеккерлерінің ынтымақ, бірлігінің жемісі екенін айта кеткеніміз дұрыс. Сіздердің жаз бойғы қажырлы еңбектеріңіз бен тынымсыз күш-жігерлеріңіздің арқасында қамбаға алтын астық құйылып, ел несібесі молаяды. Бүгінгі жер-Анаға себілген түйір дән – ертеңгі елдің ырзық-несібесі. Дала диқандарының еңбектеріне табыс, елімізге тыныштық пен бақ-береке тілеймін, – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ, аудан басшысы Қармақшы жерінен шыққан Социалистік еңбек ерлерінің өнегелі өмірі мен еңбек жолын жас ұрпаққа үлгі ету, жастарды адал еңбекке баулу бағытындағы жұмыстарды жан-жақты жүргізу қажеттігін атап өтті.

Биыл аудан бойынша 25231 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланып отыр. Оның ішінде, негізгі дақыл – күріштің көлемі 12500 гектар. Сонымен қатар, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес сырттан келетін өнім көлемін азайтып, тұрғындардың негізгі бақша өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ету үшін аудан әкімдігі мен ірі шаруалықтар тарапынан егіс егемін дейтін аудан тұрғындарына бақшалық жерін жыртып, дайындап беруге қолдаулар көрсетілуде. Қазіргі таңда 408 гектарға қосымша бақшалық жер дайындау жоспарланып, бақша егуге ниетті отбасыларды нақтылау, бақшалық жерлерді белгілеу жұмыстары жүргізілуде.

Егінге алғашқы дән себу рәсімінде ауылшаруашылық саласының ардагері Бітімбек Пазлиев дала еңбеккерлеріне батасын берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<