Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Өскемен қаласындағы көпбейінді Онкология және хирургия орталығының базасында ашылған Сәулелік терапия және диагностика орталығына барды.
Президентке жоғары дәлдікпен диагностика жасауға және онкологиялық ауруларды емдеуге мүмкіндік беретін соңғы буындағы магнитті-резонансты томография (МРТ), Elekta Versa HD желілік үдеткіші, Discovery RT компьютерлік томографы сияқты заманауи медициналық құрылғылардың жұмысы таныстырылды. Сондай-ақ Орталық радиологиялық суреттерді сақтауға және оларды тез тауып, нақты уақыт режимінде зерттеуге арналған PACS архивтеу жүйесімен жабдықталған.
Көпбейінді онкология және хирургия орталығының директоры Гүлмира Сағидуллинаның айтуынша, жыл сайын мұнда 3 мыңнан астам хирургиялық операция жасалады, оның 60 пайызында аз инвазивті емдеу тәсілдері қолданылады. Орталықта медицина мамандарының шетелдерде біліктілігін арттыру және қайта даярлау ісіне айрықша мән беріледі. Отандық және шетелдік мамандар шақырылып, тұрақты түрде шеберлік сағаттары ұйымдастырылып тұрады.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Шығыс Қазақстан облысындағы онкологиялық қызметтің қазіргі жай-күйі жөнінде баяндалды. Өңірде қатерлі ісіктерді ерте анықтау көрсеткіштері айтарлықтай артып, ауру деңгейі үшінші, төртінші сатыға дейін асқынып кеткен сырқаттардың саны қысқарған. Сәйкесінше, онкологиялық аурудан қайтыс болатын азаматтардың саны азайып келе жатқаны байқалады.
Мемлекет басшысы орталық дәрігерлерімен әңгімелесіп, медициналық ұйымның жұмысына табыс тіледі. Сондай-ақ елімізде осындай заманауи медициналық орталықтар ашу маңызды екенін атап өтті.
– Өте жақсы медициналық мекеме екен. Заманауи әрі сапалы құралдармен жабдықталған. Науқастарды емдеу керек. Қазір мұндай ауруханалар жалпыұлттық маңызға ие болды. Өкінішке қарай, онкология дерті жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін екінші орында тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы «Өскемен титан-магний комбинаты» акционерлік қоғамындағы өндіріс жұмыстарының жай-күйімен және кәсіпорынның даму перспективасымен танысты.
Комбинат шикізат өндіруден бастап одан дайын өнім алуға дейінгі өндірістің бүкіл циклын қамтитын кеуекті титан, титан құймалары мен қорытпаларын шығаратын әлемдегі біртұтас кәсіпорындардың бірі саналады. Өндіріс құрылымы 5 негізгі және 6 қосалқы цехтан, сондай-ақ еншілес әрі бірлескен кәсіпорындардан тұрады. Әлемдегі титан нарығының 11 пайызы Қазақстанға тиесілі, ал аэроғарыш саласындағы титанның 20 пайыздан астамын біздің ел қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысына комбинат өнімін Airbus, Boeing, TIMET, ATI, Safran, UKAD, Pratt&Whitney, General Electric, Dynamet, Howmet, POSCO, Baoti, MIDHANI секілді әлемдік ірі компаниялар сертификаттағаны туралы баяндалды. Қазақстан титаны кеме жасау ісінде, энергетика, аэроғарыш салаларында, мұнай-газ кәсіпорнында және медицинада кеңінен пайдаланылады. Өнім АҚШ-қа, Ұлыбританияға, Францияға, Оңтүстік Кореяға, Үндістанға және Қытайға экспортталады. Алдағы он жылда комбинат жалпы сомасы 207 миллиард теңге болатын 25 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Мемлекет басшысы Шығыс өңіріндегі элиталық тұқым шаруашылығының қызметімен танысты. Президентке көпжылдық практикалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде сұрыпталған күнбағыстың жаңа будандары, сондай-ақ соя мен бидай сорттары таныстырылды. Кәсіпорын дайындайтын тұқымдар отандық шаруалардың арасында жоғары сұранысқа ие әрі Ресей Федерациясының 7 өлкесіне экспортталады.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде майлы дақылдардың егістік алаңын көбейтудің перспективасы жөнінде сұрады. Мекеме басшысы Фарид Әбітаевтың айтуынша, соңғы кезде майлы дақылдарды егу көлемі жыл сайын 12-15 пайызға артып келеді, сәйкесінше, нарықтағы сұраныс та жоғары. Бұған қоса, мол жем-шөп қоры мен селекциялық жұмысты сауатты жүргізудің арқасында агроөнеркәсіп кешені сүт өнімдері бағытындағы жетекші мал шаруашылығының қатарына кірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне барып, жоғары оқу орнының қызметімен танысты және оның базасында құрылған «Лу Бань шеберханасы» оқу орталығын аралап көрді.
Президентке білім ошағының ғылыми-инновациялық экожүйесі туралы мәлімет берілді. Ректор Сәуле Рахметуллинаның айтуынша, былтыр университет базасында Smart engineering құзыреттер орталығы ашылған. Орталық машина жасау, тау-кен және металлургия кешені салаларындағы импортты алмастырушы технологияларды дамытуды көздейді.
«Лу Бань шеберханасы» «Автомобильдердің инновациялық конструкциясы» және «Автомобильдердің SMART технологиясы» сияқты екі зертханадан тұрады. Орталықтың бір ерекшелігі – мұнда студенттер практикалық дағдыларды меңгеріп, автомобиль жүйелеріне симуляциялық сынақ жүргізе алады. Сондай-ақ орталықта электромобильдер мен гибридті көліктерге техникалық қызмет көрсету және диагностика жасау үшін жаңа технологияларды игеру ісіне айрықша мән беріледі.
Мемлекет басшысы жол қозғалысын интеллектуалды тұрғыда ұйымдастыруға арналған SMART-үстелмен танысты. Сонымен қатар Президентке гибридті автомобильдерді, электромобильдерді және оларды қуаттау принциптерін үйренуге арналған оқу стендтері көрсетілді.
Елімізде «Лу Бань шеберханаларын» ашу бастамасын былтыр мамыр айында Сианьда өткен «Орталық Азия-Қытай» саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин көтерген болатын. Университет мақсаттарының бірі – осы «Лу Бань шеберханасы» базасында отандық автомобиль құрастыру өнеркәсібі үшін жоғары білікті техникалық және инженерлік кадрларды даярлау.
Орталықты аралап көрген Президент студенттермен әңгімелесіп, оларға табыс тіледі. Сондай-ақ экономиканы дамыту үшін елімізде «Лу Бань шеберханасы» сияқты орталықтардың санын көбейту маңызды екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығын және оның базасында ашылған Жеңіл атлетика бойынша облыстағы балалар мен жасөспірімдерге арналған олимпиадалық резерв мектебін аралап көрді.
Ольга Рыпакова елімізде жеңіл атлетиканы дамытуға қатысты бірқатар ұсынысын жеткізді. Атап айтқанда, ол өңірде спорт медицинасы орталығын құру маңызды деп санайды. Бұл Алтайдың әсем де жанға жайлы табиғаты аясында өтетін жеңіл атлетика бойынша оқу-жаттығу жиындарын емдеу-оңалту процедураларымен сабақтастыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, 2015 жылдан бастап спорт аренасында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова атындағы турнир өткізіліп келеді. Аталған жарысқа World Athletics Continental Tour деңгейі берілген, яғни, бұл спортшылар әлемдік рейтингте ұпай жинай алатын ең жоғары деңгейдегі сайыс саналады. Даңқты спортшы осы турнирдің мәртебесін «күміс» деңгейге дейін көтеруге ықпал етуді сұрады. Ол үшін жеңіл атлетика манежінің жабындысын жаңарту, сондай-ақ жүлде қорының сомасын арттыру қажет.
Мемлекет басшысы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мен ШҚО әкімі Ермек Көшербаевқа аталған мәселені бақылауға алуды тапсырды.
Содан кейін Президент спортшылармен әңгімелесіп, мемлекет спорт инфрақұрылымын жақсартуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
– Мұнда балалардың футбол ойнайтынын, жеңіл атлеттердің жаттығатынын көріп отырмын. Әрине, спортпен айналысу керек, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанған жөн. Мен спортты дамытуға баса мән беремін. Баршаңыздың мықты спортшы болуларыңызға, қоғамның басқа да салаларында жетістікке жетулеріңізге тілектеспін. Басты міндет – еліміздің лайықты азаматы болу. Сіздерді мықты маман, Олимпиада чемпионы, спортта үлкен жетістікке жеткен бапкер жаттықтырады. Сондықтан үлгі алатын адамдарыңыз бар, – деді Мемлекет басшысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<