Шырша шырағынан төгілген шуақ

1220

0

Жаңа жыл – адамзат баласын үмітке жетелейтін, жарқын болашаққа ынталандыратын мереке. Жыл алмасқан шақтағы әсіресе, балалардың қуанышына, шаттығына не жетсін?!

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Жаңа жылдың ажырамас нышаны саналатын шырша жағу рәсіміне қатысты. Іс-шарада Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев болды.Дәстүрге сай Сыр елінің бас шыршасы орталық алаңға орнатылды. Іс-шара барысында көпшілік назарына театрландырылған көрініс ұсынылып, қазақша жыл атауын иеленген жануарлар туралы  қысқаша мағлұмат берілді. Жыл иелері  шырша жағу рәсіміне жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Өнерпаздар  әсем ән әуелетіп, би биледі.

Мерекелік іс-шарада аймақ басшысы тұрғындарды ғажайып сәттерге толы Жаңа жыл мейрамымен құттықтап, өңір үшін биылғы жылдың табысты болғанын айтты, әр отбасыға бақ-береке тіледі.

– Баршаңызды келе жатқан Жаңа 2022 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Биыл еліміздің ең басты ұлық мерекесі – қасиетті де қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойын атап өттік. Қандай қиындық болса да, берекелі бірлігіміз бен тату тірлігіміздің арқасында оларды бірге еңсеріп, ауыртпалықты жеңе білдік. Пандемияға қарамастан өңірде бірқатар көрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткіздік. Көптеген әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандары, тұрғын үйлер салынды.

Тәуелсіздік күні қарсаңында ірі индустриялық жоба – шыны зауытын іске қостық. Енді оның айналасында қосалқы өндірістерді дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашамыз.

Жаңа жылға осындай игі істерімізбен, ізгі үмітімізбен қадам басып отырмыз. 2021 жылды жемісті аяқтасақ, ол – сіз бен біздің бірлесе атқарған еңбегіміздің нәтижесі. 2022 жыл әрбір отбасына мол ырыс-несібе әкелсін! Сыр қамбасы қазыналы болып, берекеміз арта берсін! Жаңа жыл құтты болсын, қадірлі жерлестер! – деді аймақ басшысы.

Биіктігі 22, диаметрі 10 метрді құрайтын орталық алаңдағы шырша алуан түрлі ойыншықтармен безендіріліп, түрлі-түсті диодты шамдармен әрленген.

Мұнан соң, өңір басшысы 2020 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Азия чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев және Македонияда өткен халықаралық ән байқауының І орын, «Бала дауысы» ән конкурсының ІІІ орын иегері, жас әнші Серік Мадиярмен бірге жаңажылдық шыршаны салтанатты түрде жақты.

Думанды шарадағы концерттік бағдарлама мерекелік  әсер сыйлап, кештің сәнін келтірді.

Айта кету керек, кеше Сыр елінде 200 балаға бір мезетте 200 Аяз ата мен Ақша қар Президенттің арнайы сыйлығын табыс етіп, балғындарды қуанышқа кенелтті.

Президент шыршасы мерекесі аясында облыс әкімі балаларға телевизиялық форматта тілек білдіріп, Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Ал, облыс әкімінің орынбасары, қала, аудан әкімдері көпбалалы отбасынан шыққан дарынды, озат оқушыларға жаңажылдық сыйлықтарды үлестіріп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. 

Президент атынан ұсынылған сыйлықта bilimbook кешені, 6 айға тегін интернет роутер мен естелік кітаптар және тәтті сыйлықтар бар.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<