Емші

784

0

Әлеуметтік желіде Шымкенттің Созағындағы Қарағұр ауылының тумасы, қазір Алматыда тұратын бір әйел адам сол ауылдағы  жап-жас емші қыз туралы баяндапты.

«Алматыдан ағамның жылдық асына, әрі әпкемнің туған күніне деп арнайы жолға шықтым. Көп жылдан бері буын ауруынан зардап шегіп жүрген жайым бар еді, аяғыңды тең басып жүре алмаған соң жол жүруге де жасқаншақтайсың. Дәрігерге қаралып ота жасату керек екенін білген соң, қыс айына қалдырғанмын. Сонымен не керек, балалық шағымның бал мекені, аяулы ата-анамның қара орман, қарашаңырағы болған Қарағұрға келіп мәз-мейрам болып қалдық. Туыстарым мені көргеннен-ақ «ойбай әпке, не болған сізге, қисайып қалыпсыз ғой?» деп жанашырлық танытып, сүйемелдеп жатты. «Сол баяғы тізе-буын ауруы ғой» деп мән бермеуге тырысып жатырмын.  «Сізге Аружанға бару керек» деп шуласты ағайындар. «Аружаны кім, кімнің қызы?» деп мен де елеңдеп қалдым. «Ойбай-ау, мына өзіміздің Кәдеш дей беретін Қадырсыздың қызы, қолының кереметі бар. Сынған, шыққанның бәрі осында келеді, грыжаны да емдейді» деп тамсанды бір жеңгем.

Көпшілік ықыласпен айтып мақтауын асырған соң мен де тезірек Аружанға жетуге асық болдым. Аптаның жұма күні қыз оқуынан ауылға келеді екен, сол күнді күтіп, «келді» деген хабар жетісімен біз де жеттік. Біз дегенім, қасымда көптен бері белі, басы ауырып жүрген сіңілім бар. Емші қыздың әкесі Кәдеш пен анасы Сәуле бізді жылы шыраймен қарсы алды. Әңгімелесіп отырғанымызда бөлмесінен Аружан шығып, ашық-жарқын сәлемдесті. «Бұл Аружан деген сіңілдеріңіз. Қызым, мына кісілер Алматыдан келген әпшелерің болады, сені неше күннен бері күтіп жүр» деп анасы жай-жапсарды қысқаша айтып өткен соң Аружан бізді бөлмесіне бастады. Ауыратын аяғымның тізесін бір сипап өтті де, «тізедегі тобық шығып кеткен» деді. Расында да аяғым қисайып, көптен бері ақсап жүретінмін. Дәрігерлер «тізедегі сұйықтық таусылған, содан ақсап басасыз, ота жасатып, титан қою керек» деген. Аружан тіземді майлап біраз отырды да «әпше, шыдамды болып, көзіңізді жұмып еркін отырыңыз, қазір тобықты орнына саламын» деді.

Тобығымды пытырлатып орнына әкелгенше, жаным алқымға келгендей болды, қисайып шығып кеткен тобық етпен кірігіп, орнығып қалған екен. «Болды» деген кезде көзімді аштым, сол сәттегі сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Аяғым түп-түзу болып қалпына келгенін көргенімде көзімнен жас ыршып кетті. «Әпше жатыңыз, неше жылдан бері ақсаңдап жүргеніңізде омыртқа, сегізкөзге де зиян келген сияқты, қарайын» деп, жатқызып, бірінен соң бірін пытырлатып омыртқаны орнына түсіріп отырғанын әрі ауырсынумен, әрі рахаттана сезініп жаттым. Кіп-кішкентай қыздың қолына Құдайдың осынша қасиет бергеніне қайран қалмасқа шарам болмады. Сіңілім де дертіне дауа табылғанына риза болып шықты. Біздің жастау кезімізде Аружан ойын баласы еді, зырлаған уақыт-ай. Биыл мектепті Алтын белгіге бітіріп, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иассауй атындағы қазақ-түрік университетіне оқуға түсіпті. Атасы Жүсіп Арынов сол ауылда тұрған, қасиет қонған елге белгілі емші еді».

Дәл осы тұстан Аружан қызға емделген алматылық әйелдің айтқан әңгімесін кілт тоқтатуыма тура келді, себебі, емші қыздың атасы Жүсіп Арыновты мен білетін едім, білгенде жақсы танымаймын, тек дертіме дауа іздеп сандалып жүргенде алдына барғанмын. Бұл туралы сәл тарқатып айтсам артық болмас деп ойлаймын.

1977 жылы Қазалы локомотив депосына тепловоздың дизелін жөндеуші-слесарь болып жұмысқа орналастым. Жұмысым өзіме ұнады, осы жерден табан аудармай, арасында 1978-80 жылдары әскерге барып келіп жұмысымды жалғастырғаным бар, он бір жыл еңбек еттім, 4-ші разрядты слесарьге дейін көтеріліп, шәкірттерімді үйрете бастадым. Бірақ, өкінішке қарай, 1988 жылдың маусым айынан бастап белгісіз бір ауру айналдыра бастады. Өзім он бір жыл емін-еркін ұстай жүріп жұмыс істеп келген темір-терсекті жалаңаш қолмен ұстай алмаймын, оған қоса ұйқысыздық дерті меңдеп алды, күндіз-түні мең-зең болып жүремін де қоямын.

Аудандық аурухананың неврология бөліміне үш қайтара жатып шықтым, Қызылорда теміржол ауруханасына, облыстық ауруханаға жатып ем қабылдадым, Алматыға барып тексерілдім, басымды, ішкі құрылысымды сол кездегі тәуір деген жабдықтарға салып тексерттім, анализ тапсырдым. Бәрі де «денсаулығыңда алып бара жатқан кінәрат жоқ» дейді. Жұмыс орныма қайта-қайта еңбекке жарамсыздық парағын тапсыра берген соң кадр бөлімінің басшысы «не мүгедектік анықтама ал, не болмаса өз еркіңмен жұмыстан шық» деп қысқа қайырды. Жасым отызға енді келіп жатқанда мүгедек атанғанды жөн көрмей, әрі диагнозым дәлелденбегендіктен ондай анықтаманы маған кім берсін, қазан айының соңында өз еркіммен жұмыстан шықтым. Денсаулық жөнделе қоймады, ұйқысыздық бір жағынан, әрі жалаң қолмен темір ұстай алмаймын, тамақтың өзін арнайы ағаш қасықпен ішіп жүрдім. Осылайша бірде ауру, бірде сау, мең-зең күйде бес-алты ай өтті.

Келесі жылдың сәуір айының басында менің жағдайымды білетін бір жолдас жігіт «мынаны оқып көрші» деп қателеспесем, «Ленин жолы», (қазіргі «Сыр бойы») газетін әкеліп берді. Сол кез емшілердің жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай бас көтере бастаған кезі болатын. Оқыдым, «Шымкент облысы, Созақ ауданы, Энгельс совхозында емші Жүсіп Арынов мынадай, мынадай ауруларды, соның ішінде ұйқысыздықты емдейді» депті. Көп ойланған жоқпын, әлгі жолдас жігітті қолқалап, қасыма ертіп алып, 5-сәуір күні түн ауа Қазалыдан поезға отырдым. Шымкенттен кешке түсіп, таңға жақын автобуспен Созаққа, онан Энгельс совхозына автобуспен кешқұрым жетіп, емшіге ертеңіне көрінетін болып, шағын сарайына демала кеттік. Жасырып қайтейін, жастық шақ, аса үйір болмағанымызбен аздап ішімдікке әуеспіз. Поезда келе жатып сыра іштік, одан Созақтың автобусына мінеміз дегенше жолдас жігіттің бажасының үйінде үшеуміз бір шыныны қылдай бөлістік, сонда емшіге көрінуге бара жатқандағы бетіміз, жаныңа мейірімің келмейтін жастық-ай десеңізші. Сонымен, таңертең кезегім келіп Жүсіп ағаның алдына кірдім. Шоқша сақал-мұртты, бидай өңді, өте аз сөйлейтін, жас шамасы 45-50-лердегі адам екен. Тамырымды ұстап отырып «жүрегің қаға ма?» деп сұрады. Мен оған мән бермегенімді, байқамағанымды айттым. Сосын етпетімнен жатқызып, киімімнің сыртынан жауырын тұсымды, басымды 3-5 минуттай уқалап «ертең кел» деді. Уқалаған қолдарының дауысы маған пытыр-пытыр етіп естіліп тұрды. Осы емді ол кісі бір мезгілде 3-5 минуттан үш күн қайталады да, «қайта бер» деді. Шынымды айтсам, онша риза болған жоқпын, әйтсе де, «мынау еңбегіңіз» деп көрпешенің астына советтік он сом қалдырып кеттім. Сыртқа шыққан соң жолдас жігіт «ал, қалай екен?» деді. «Киімімнің сыртынан уқалап қоя берді» дедім селқос қана. Кідірмей Қазалыға оралдық, денсаулықта пәлендей өзгеріс байқалмады, аз-аздан ғана ұйықтаймын, ұйқысыздық басым. «Қалайсың, денсаулығыңда өзгеріс бар ма?» деген анама: «киімімнің сыртынан уқалап қоя берді ғой» дей салдым.

Арада бір айға жуық уақыт өтті, 1-мамыр мерекесі келді, жора-жолдастар болып отырыспа жасап көңіл көтердік, ішімдік іштік. Кештеу келіп, төсегіме жатқан бойдан бірден ұйықтап кетіппін. Шамамен таңға жуық болуы керек, түс көріп жатырмын. Бөлмеме Жүсіп аға кірді, басында бөрік, үстінде шапан. Мен малдас құрып отырмын, ол кісі алдыма келіп қарама-қарсы отырды да, «балам, осы сен не айтып жүрсің?» деді. Ештеңе дей алмадым, өйткені не айтып жүргенім өзіме белгілі. Мен үндемегесін «жарайды, келе ғой» деді де, көйлегімді шешіп тізесіне етпетімнен жатқызып, алақанымен жауырынымнан, басымнан біраз уақыт жақсылап уқалап берді, жылуын, әсерін, бойымды басқан зіл батпаннан жеңілдеп қалғанымды айқын сезініп жатырмын. Бейне бір осының бәрі өңімдегідей. Содан соң орнымнан қозғап қарама-қарсы отырғызып қойды да «ішімдік ішесің бе?» деп сұрады. «Жоқ, ішпеймін» дедім ойланбастан. «Неге өтірік айтасың, түнде ғана ішіп жаттың ғой» деді ол кісі аздап жымиып, сосын, «бүгіннен бастап  ішімдік ішуші болма» деді әмірлі үнмен. Содан кейін қайдан әкелгенін білмеймін буы бұрқыраған қамырымен бір табақ ет әкеліп, жақсылап майдалап турап менің алдыма ысырып қойды да, бөлмемнен шығып кете берді…

Оянсам таң атып кетіпті, белуарыма дейін жалаңашпын, шалбармен жатырмын, өте жақсы ұйықтаппын, ұйқысыз өткен күндерімнің есесін алғандаймын. Көргенім өң бе, түс пе, біразға дейін ажырата алмай отырдым да сыртқа шықтым. Аулада анам жүр екен, «апа, есіңізде ме, бір айдай бұрын емшіге барып келіп едім ғой, сол кісіні түсімде көрдім» деп, көргенімді қалдырмай айтып шықтым.  Анам «балам, бұл Алланың қалауымен болған іс қой, дертіңнің беті қайтқан екен, ішімдік ішпе десе мүлдем ішпей-ақ қойсайшы сол құрығырды, онсыз да ішіп ізіне түсіп жүрген жоқсың ғой» деді. Ештеңе деген жоқпын, бірақ, сол күннен бастап ішімдікті де, темекіні де тап-таза тастап кеттім, ұйқысыздықтан біржола құтылдым. Ал, темір-терсекті жалаңаш қолмен ұстай алмайтын дертім сол күйі қалып қойды, жалаңаш қолмен  ұстасам тұла бойым құрысып ауыра бастаймын да, сақтанып жүрсем еш зияны жоқ, тірлігімді жасай беремін.

Қорыта келгенде айтқым келгені, әуелі Алланың, сонан соң марқұм, иманды болғыр Жүсіп ағаның шерепетімен дертіме шипа тапқаным. Жарнама үшін емес, шын ниетіммен жақсылығын көрген соң, жоғарыда естетіліп өткен Жүсіп немересі Аружан қыздың атасынан ауысқан шипагерлік қасиетінің Жаратушыдан берілгеніне күмән келтірмей, дертіне дауа іздеген жандарға бағын сынап көруге болатынын айтар едім.

                                                                                             Әлімжан ҚИЯС,

                                                                                              Қазалы ауданы,

                                                                                              Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<