Студент аналар кеңесі құрылды

1074

1

Бүгін «Ізденіс Жолы» қоғамдық қоры және облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Облыстық студент аналар кеңесінің» алғашқы семинар-тренингі өтті. Орталық Азиядағы әлеуметтік инновациялар бағдарламасы аясында өтетін шара аймағымыздағы студент аналардың мәселелерін шешуге бағытталған.

Семинар-тренингке жоғары оқу орындары мен колледж студенттері және отбасы институттарының өкілдері қатысты. Шарада әлеуметтанушылар, заңгерлер, психолог мамандар студенттермен кездесіп, өз тәжірибелері бойынша кеңес берді. Сондай-ақ, облыстық студент аналар кеңесінің төрайымы болып Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Айсара Болатқызы сайланды. Мұнан соң кеңес құрамы бекітілді.

«Ізденіс Жолы» қоғамдық қорының жетекшісі Серікхан Жүзеевтің айтуынша, бұл жоба елімізде, оның ішінде облысымызда алғаш рет өткізіліп отыр. Негізгі мақсаты  − студент аналарға психологиялық және әлеуметтік тұрғыда кеңес беру.

− Біздің аймақта 2000-ға жуық отбасылы студенттер білім алып жатыр. Қазіргі таңда кеңес құрамының төрайымы сайланып, 40 адам мүше болды. Енді алдағы 6 айда жоба бойынша жұмыс істейміз. Әрі қарай студенттер өз алдына жеке кеңес ретінде құрылып, жұмыстарын жалғастырады, − деді ол.

Жалпы, бұл жоба Евразия қоры жүзеге асыратын АҚШ халықаралық даму агенттігі (USAID) қаржыландыратын Орталық Азиядағы әлеуметтік инновациялар бағдарламасының қолдауымен ұйымдастырылған.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<