Сыр өнімдері 21 елге экспортталады

649

0

*сурет ашық дереккөзден алынды

Мемлекеттік қолдау нәтижесінде биылғы 10 айда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 200,3 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6% артқан. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы негізгі қорына 9,4 млрд теңге инвестиция құйылды. Оған қоса тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестиция өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1 есеге артты.

– Биыл облыс бойынша 193,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Негізгі дақыл күрiштің көлемі – 89 мың гектар. Егіс өткен жылмен салыстырғанда 4,8 мың гектарға ұлғайды. Әртараптандыру бағытында дән жүгері, сүрлем жүгері, күнбағыс, соя, қант құмайы, қант қызылшасы секілді 3 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Су үнемдеу технологиясына мән берілуде. Нәтижесінде 872,5 гектарға тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістері пайдаланылды, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев. 

Облыстан 22,1 млн долларды құрайтын 40,9 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 21 мемлекетіне экспортқа шығарылды. Олардың қатарында күріш, балық өнімдері, күріш қалдығы, қамыс, күнбағыс тұқымы, көкөніс, ірі қара, тұқымдар мен жемістер, қызанақ, қарбыз, қауын бар. Экспортқа шығарылған тауарлардың 84,8 пайызын күріш құрайды. Оған Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Түркіменстан, Грузия, Моңғолия және Ирак мемлекеттері сұраныс беріп отыр. Оған қоса балық өнімдері Ресей, Польша, Литва, Германия, Франция, Грузия, Әзербайжан, Австрия, Нидерланды, Қытай, Дания және Румынияға жол тартты.

Облысқа «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру бойынша биыл 3 млрд теңге қаралған. Бұл бойынша қаржыландыру бағыты анықталып, барлық ауылдық елді мекенде түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде өңдеу, егін, кооперативтерді жабдықтау, мал өсіру және басқа да бизнес жобалар бойынша бес бағытта 600 жобаға кредит беру жоспарланып отыр.

Айта кетерлігі, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы 2023-2026 жылдарға арналған инвестициялық жобалардың жол картасында 26 жоба қамтылған. Сол арқылы 618 жаңа жұмыс орнын ашу ойластырылуда. Қазірге дейін 8 жоба іске асырылған. Олардың жалпы құны – 6,2 млрд теңге.

Облыста жыл басынан 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының 9 түрінің бағасы қымбаттаған. Олардың қатарында қырыққабат, күріш, сиыр еті, сары май, сүзбе, нан, ұн, рожки, жұмыртқа бар. Ал қарақұмық жармасы, күнбағыс майы, пияз, қант, картоп, сәбіз, тауық етінің бағасы төмендеген. Биыл күзгі егіннен форвардтық сатып алуды қамтамасыз ету мақсатында 4952 тонна көкөністі сатып алуға келісім-шарт жасалған. Оның ішінде картоп 2945, сәбіз 677, пияз 800, қырыққабат 530 тоннаны құрайды. Бүгінгі күнге тұрақтандыру қорына пияз, картоп жеткізілді. Қалған өнімдер қараша-желтоқсан аралығында толықтырылады.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<