Сырдария – елдің өзекті мәселесі

5253

0

Жыл сайын арнасы тарылып, табаны құрғаған Сыр суы – Сырдария өзенінің жайы әлемді алаңдатып келеді. Оған ғасырлар бойы тоқтаусыз ағып, жағалай қоныстанған халыққа тіршілік нәрі болған өзеннің экологиялық ахуалы себеп болуда. Бүгінде мәселені шешуге көршілес елдер ғана емес, әлем халқы бірлесе кіріскен. Осы бағыттағы маңызды жобаның бірі –  АҚШ-тың USAID халықаралық даму жөніндегі агенттігі ұйымдастырған «Сырдария – достық өзені» атты конференциясы.

Трансшекаралық ынтымақтастықты жақсарту мақсатындағы шараны ұйымдастыруға облыс әкімдігі мен Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы да атсалысты. Игі бастама Сырдария күні аясында қолға алынып, мәселені шешуге бағытталған ұсынысқа толы  болды.

Конференцияға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Су ресурстары комитеті, Қызылорда облысы әкімдігі, Арал-Сырдария бассейндік кеңесі мен Өгем-Келес кіші бассейндік кеңесінің мүшелері қатысты. Жиында Сырдария өзені бассейнінің басқаруды жақсарту және орын алған проблемаларды шешу жолдары қаралды.

– АҚШ экономикалық өркендеу мен тұрақты дамудың құралы ретінде табиғи ресурстарды басқаруды жақсарту үшін Орталық Азиядағы әлеуетті арттыруға жәрдемдесуге ниетті. Сондықтан елдерде өзен күнін белгілеу аймақтағы болашағы үшін маңызды. Жобаның мақсаты Сырдария және Әмудария өзендерінің бассейндерінде су ресурстарын басқару және экологиялық тәуекелдерді төмендету бойынша өңірлік әлеуетті нығайту екенін айта кеткен жөн, – деді USAID-тің Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі аймақтық маманы Кевин Адкин.

Иә, су және климаттық мәселелер мен  Орталық Азияның су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы расында үлкен маңызға ие. Бәрімізге белгілі бір жайт. Сырдария өзенінің бассейні (және Әмудария өзені) аймақтағы өзен суының 90 пайызын қамтамасыз етеді. Бұл – Орталық Азия халқының 80 пайызының өмір сүру көзі деген сөз. Қос өзен түйткілі көршілес бес елдің экономикалық, медициналық олқылығының бастауына айналды десе де болады.

Бүгінде Сыр суының сапасы сын көтермейді. Өйткені өзге елден шыққан қалдық су Қазақстан бөлігіне өтеді. Бұл айналып келгенде экологиялық және экономикалық тұрғыда кері әсерін тигізіп, егіншілікпен айналысуға кедергі келтірді. Мысалы, жыл сайын Сырдарияға 20 млн тонна тұз түседі екен. Оның ішінде дақылға себілетін тыңайтқыштар да бар. Сонымен қоса, жылдан-жылға жоғарыдан келетін су мөлшері азайып, өзеннің арнасы тарылуда. Ал өзеннің арнасы тарылса, оны жағалаған елдің өзегі талатыны белгілі. Ауқымды  шарада көршілес елдермен меморундумға отырып, Сырдарияның ластануына жол бермеу керегі де айтылды.  Сондай-ақ, су мәселесін тез арада шешіп, Қазақстан мүддесі толық қорғалуы сөз болды. Қысқасы, «Судың басында отырған су ішеді, аяғында отырған у ішедінің» кері келмеуі тиіс.

Жиында Сырдария өзеніндегі су тапшылығы да назардан тыс қалмады. Әсіресе, егін егуде өзге елден келетін су мөлшерінің аздығы қиындық тудырып тұр. Нақтырақ айтсақ, 2020 жылдан бастап вегетациялық кезеңде Сырдария өзенінің жоғары бөлігінде орналасқан су қоймаларында жинақталған су көлемінің төмендігінен тапшылық орын алды. Ал оның жыл сайын күрделенуі халыққа арналар арқылы су жеткізуді қиындатпақ. Оған нақты дәлел де бар. Мәселен, биыл вегетациялық кезеңге дейін «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішіндегі жиналған су көлемі азайған. Салдарынан дарияның төменгі бөлігіндегі тұрғындарға су жетпеуде. «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының өзі 19 магистральді және шаруашылықаралық канал арқылы облыс аумағында егілген егістікке қажет судың мөлшерін әрең жеткізген.

– Жыл санап Сырдың суы сарқылып барады. Экологиялық ахуал да соған сәйкес өзгеруде. Кейінгі жылдары су тапшылығы жағдайының алдын алу бағытындағы «Жол картасы» жобасы әзірленді. Үкімет резерві есебінен 14 каналдың механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, қашыртқы суын қайта пайдалану мақсатында 67 дана насос қондырғысы шілде айынан бастап іске қосылды. Сондай-ақ, республикалық меншіктегі Келінтөбе, Жаңа Шиелі, Қызылорда Сол жаға, Қазалы Сол жаға және Оң жаға магистральді каналдарымен кезектестіріп су беру жұмыстары жүргізілді. Қазір дарияның төменгі бөлігіндегі халыққа су осы насостардың көмегімен жетіп отыр, – деді «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.

Иә, атқарылған жұмыс нәтижесінде облыс аумағында егілген егіске жоспарланған су көлемінің жеткізілгені рас. Әйткенмен, мәселе мұнымен біткен жоқ. Шарада су ресурстарын ұтымды пайдалану жайы да қозғаусыз қалмады.           

Қызылорда облысының суармалы егіс алқаптарының басым бөлігі сортаң және тұздылығы жоғары. Жыр болған су тапшылығы тағы бар. Соған сай,  енді диқандар әртараптандыру бағытында мейлінше суды аз тұтынатын дақылдарды өсіруді біртіндеп қолға алуға көшкен.

– Сырдария өзенінің жергілікті халық үшін маңызы зор. Бүгінгі іс-шарада аталған өзен жағдайына байланысты экологиялық мәселелер, су ресурстарын басқару, сумен қамтамасыз ету барысындағы көптеген өзекті сауалдарға жауап табылды. Арал теңізін сақтап қалуда атқарылып жатқан жұмыстарды әрі қарай жалғастыру бойынша да бірқатар ұсыныстар айтылды. Аймақта алғаш рет өткізіліп отырған шара алдағы уақытта да жалғасын табады деп ойлаймыз. Себебі Арал теңізі мен Сырдария өзенінің мәселесі Орта Азия мемлекеттері бас қосып, бірлескен кезде ғана шешімін табады, − дейді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов. 

Айта кетейік, USAID 26 қыркүйекте Қызылорда қаласында тиімді шешімдер қабылдау және су ресурстарын басқаруға қолайлы орта құру үшін өңірлік қорытынды іс-шара өткізеді. Ал өзен күні Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанда жалғаспақ.

Ақтілек Бітімбай,

«Сыр бойы»

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<