Сырдың сандуғашы

876

0

Жерлесіміз, жас әнші Құралай Мейрамбек – «Qazaqstan дауысы» музыкалық жобасының 2021 жылғы жеңімпазы атанып, 5 миллион теңге иеленді. Сонымен қатар, талантымен топ жарған Құралайдың өнерін әрі қарай дамытуға және насихаттауға «Қазақстан» телерадиокорпорациясы қолдау көрсететін болады. Айта кетейік, жобада Құралайға қазақ эстрадасының белгілі әншісі Сәкен Майғазиев тәлімгер болды.

«Жаңа ғана Құралай Мейрамбек «Qazaqstan дауысы» жобасының 2021 жылғы жеңімпазы атанды. Роза Бағланова, Мәдина Ералиева, Жеңіс Ысқақовадай күміс көмей, алтын дауыс әнші апаларының ізін жалғастырып келе жатқан Құралай қызымызды Сыр жұртшылығы атынан қуана құттықтаймыз!» – деп жазды облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өзінің facebоok парақшасында.

Жобаның шешуші сәтінде SMS-дауыс беру нәтижесі бойынша: 1-орын – Құралай Мейрамбек, 2-орын – Ерік Төленов, 3-орын – Ернар Амандық, 4-орын Аружан Айдарбекке бұйырды.

Айта кетейік, аталған жобаға 6 мыңнан астам адам қатысқан. Оның ішінде 200-ге жуық үміткер шақырту алып, жоба барысында өнерлерін ортаға салды. Олардың қатарында Украина, Қырғызстан, Грузия, Қытай елдерінен келіп бақ сынағандар бар

Жобада төрт тәлімгер – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Майра Мұхамедқызы, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Сәкен Майғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маржан Арапбаева, халықаралық конкурстардың лауреаты Батырхан Мәлік (Әлем) сияқты әншілер үміткерлердің өнеріне баға берді. Ал, жоба қатысушылары тәлімгерді өзі таңдады.  Осылайша, төрт тәлімгер өз тобының әншілерін әр кезең бойынша сайысқа қосып, іріктеуден өткізіп отырды.

Құралай Мейрамбек жобаның алғашқы сәтінде жерлестеріміз, ақын Оңталап Нұрмаханов пен композитор Рамазан Таймановтың «Қорқыт – қобыз» әнін шырқап, өзіндік шеберлігімен тәлімгерлерді түгел қаратқан болатын. Осыдан кейін-ақ ол көрермен назарына ілінді. Жас әнші жобаның барлық кезеңінен сәтті өтіп, жеңіске жетті. Айта кетейік, «Қорқыт – қобыз» әні жерлесіміз, талантты әнші Гүлнұр Оразымбетованың да өнер жолында бағын ашқан болатын. Нақтырақ айтсақ, 2000 жылы «Жас қанат» байқауында осы әнді орындап, жеңімпаз атанған.

Жобаның шешуші сәтінде Құралай Мейрамбек ақын Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған композитор Бейбіт Оралұлының «Толғау» шығармасын орындады. Сондай-ақ, тәлімгері Сәкен Майғазиевпен бірге «Арман-ау» халық әнін шырқады.

Таңғажайып талантымен қолдаушыларының үмітін ақтап, жеңіске жеткен Құралай Мейрамбек пен жетекшісі Сәкен Майғазиевті құттықтап, Г.Оразымбетова, М.Сәдуақасова сияқты Сыр өңірінен шыққан танымал әншілер, тағы басқа да жанкүйерлер әлеуметтік желі бетінде жылы лебізін білдірді. Ал, Құралай Мейрамбектің туған жері – Амангелді ауылының тұрғындары «Qazaqstan дауысы» жобасын далаға қойылған үлкен экраннан тамашалап, жанкүйер болды. Жалпы, жас әншіге Сыр елі түгел қолдау танытты.

«Qazaqstan дауысы» – әлемнің жүзден астам елінде көрсетілетін әйгілі «The Voice» тележобасының қазақстандық нұсқасы. Ұлттық арна арқылы насихатталған жоба жарты жыл бойы миллиондаған көрерменнің көңілін баурап алды. Ақпараттарға сүйенсек, YouTubе желісінде 37 миллионнан астам қаралым жинаған деседі.

Сыр елінің талантты перзенті осылай «Qazaqstan дауысы» жобасында топ жарып жатқанда Ресейде өтіп жатқан тап осы «Голос» шоуы бойынша қос бірдей қазақстандық – Әлішер Каримов пен Ернар Садырбаев (Әміре) финалға шықты. Енді олар 30 желтоқсан күні бақ сынайтын болады.

Қысқасы, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейлі мерекесі Сыр еліне ән әлемінен тамаша тарту алып келді. Енді қазақ ерлеріне де сәттілік тілейміз.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<