Табиғатты өрттен сақтайық!

926

0

Орман қорындағы әртүрлі өсімдіктер мен жануарларға үлкен залал тигізетін қатердің бірі – өрт. Өрттің негізгі себептеріне тоқталсақ, олардың табиғи факторлар есебінен орын алатыны өз алдына, адамдардың бейқамдығы басты мәселе болып қала береді.

Қызылорда облысындағы құрғақ және желді климат, шөптесін өсімдіктердің көп болуы, орман, дала өртінің тез өріс алуына мүмкіндік туғызады. Орман және дала өрттері көбінесе аумақты қажет емес қалдықтардан тазарту және ауыл шаруашылығы жеріндегі қажет емес өсімдіктерді немесе қалдықтарды жағу кезінде болады. Тиісті бақылау жүргізілмеуінен, минералданған жолақтарының болмауынан, жақын орналасқан орман алқаптарына жалын тарап, артынша түзелмейтін шығынға әкеліп соқтырады.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «2021 жылы мемлекеттік орман қоры жерлерінде өрт қауіпті маусымды белгілеу туралы» бұйрығына сәйкес республиканың оңтүстік аймақтарында өрт қауіпті маусым 2021 жылғы 26 наурыздан бастап белгіленді. Осы кезеңнен бастап бүгінгі күнге дейін облыс бойынша орман қоры жерінде 23,5 га құрайтын 5 өрт оқиғасы тіркеліп, бұл көрсеткіш 2020 жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 17 есеге төмендеп отыр (2020 жылы – 22 өрт, 87,71 га). Табиғатқа келтірілген шығын көлемі 58700 теңгені құрайды (2020 жылы – 8 136 400 теңге).

Сонымен қатар, облыс бойынша тұрғындар тарапынан абаттандыру, жерді ашу үшін қураған шөптерді өртеу барысында, ашық отты қараусыз қалдыру салдарынан шабындық жерлерде, ашық алаңдарда, автожол бойы мен канал жағаларында қураған шөптердің, шеңгел, жыңғылдардың жануынан көлемі 3,1 гектарды құрайтын 3 жану оқиғасы тіркелді.

Облыс тұрғындарынан төменде көрсетілген ережелерді сақ­тауын сұраймыз:

– шабындық, егістік, орман алқаптарында қураған шөптерді, қоқыстарды өртегенде бақылаусыз қалдырмау;

– ауа райы құрғақ, ыстық және қатты жел кезінде алау жақпау;

– демалыс орнынан кетерде алауға су құйып, құм немесе топырақ сеуіп кету. Жанып жатқан қалдықтар мен сіріңкені лақтырмау;

– егер өрт аумағында болсаңыз, өзіңіздің күшіңізбен сөндіру мүмкін болмаса, оның таралу бағытын және шығу бағдарын анықтап құтқару қызметіне 101, 112 нөмірі арқылы хабарлау керек.

Орман, тоғайлы, далалық алқаптарда өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін кінәлі тұлғаларды жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметі, орман шаруашылығы мен төтенше жағдайлар қызметі қызметкерлері мобильдік топтар әкімшілік жауапкершілікке тартатыны жөнінде ескертеміз. Қазіргі таңда мобильдік топтар орман, тоғайлы, далалық және егістік алқаптарда рейдтік шаралар жүргізуде.

Өрт – тілсіз жау. Орман, тоғайлы, далалық алқаптарда өрт оқиғаларын болдырмас үшін қарапайым өрт қауіпсіздік шараларын сақтауды ұмытпайық!

Б.Ізбасаров,

облыстық төтенше жағдайлар департаменті

бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<