Талғам мен талантты тоғыстырған орта

365

0

Театр – бекзат өнер. Таным мен тағылым, талғам мен талантты тоғыстырған ортаның әлемі бөлек, айтары өзекті. Себебі мұнда замана келбеті, мәселесі көркем жеткізіліп, тіпті кейде шешім жолы ұсынылып жатады. Бұл міндетті аймақтағы сала өкілдері де сәтті орындауда десек, артық емес. Жыл сайын облыстық театрдағы қойылым саны артып, өнер ордасына келуші көбейді. Таланттардың танылып, жаңа есімдердің ел назарына ілігуінен тақырып аясының кеңігенін көреміз. Мұның бәрі – ілгерілеудің көрсеткіші.

Халықаралық театр күні баспасөз конференциясы өткізіліп, театрдағы жетістік пен жоспарлар, жарыққа шығатын қойылымдар туралы ақпарат айтылды.

Алғаш сөз алған Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының директоры Мұхтар Ниязов өткен жылды қорытындылап, айшықты қадамдарға тоқталды. Әсіресе, театр қоржынындағы қойылымдардың сапалық мазмұны артқанын жеткізді.

– Өткен жыл Сыр өңірі театры үшін табысты түйінделді. Жыл басында Ш.Айтматовтың «Жәмила» атты шығармасын сахналадық. Оған қоса Көрғұлы бейнесін дәріптеуге арналған қойылым мен «Болмаған балалық шақ» спектаклі көрерменнің оң бағасын алды. Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының студенті «Шырмауық» психодрамасын қойды.

Алдағы уақытта жоспар бойынша қойылым көрсетілімі жүргізіледі. Мәселен, 1 сәуірде театр құрамындағы «Сыр әзілі» күлкі отауы өнер көрсететін болады, – деді театр директоры.

Оның сөзінше, кішкентай көрермендер де назардан тыс қалмаған. Биыл Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» шығармасын сахналау үшін Астанадан арнайы режиссер алдырған. Алдағы уақытта спектакльдерді тұрақты қою жоспарлануда.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейін Әмір-Темір театр мамандарының кәсіби шеберлігі туралы ой бөлісіп, біліктілік арттыру ісіндегі ілкі қадамды атап өтті.

– Жыл өткен сайын театр қызметкерлерінің кәсіби деңгейі өсуде. Оған шеберлік сабақтары мен түрлі өнер додалары септескені аян. Мысалы, жас артист Санат Жүзбай Ресейдегі жазғы театр мектебінде шыңдалса, Қанат Арқабаев еліміздегі халықаралық деңгейдегі мамандарды тоғыстырған арнайы біліктілік курсын оқыды. Өнер сайыстарында да сырбойылық таланттар көш басынан көрінуде. Мысалы, театр артисі Жауһар Еркінова «Raiymbek Fest»  I республикалық театр фестиваліне қатысып, «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын еншіледі. Сондай-ақ театрдың техникалық топ өкілдері Беларусьтің Витебск қаласында тағылымдамадан өтті, – деді Хұсейін Жүсіпұлы.

Баспасөз алаңына биыл қайта құрылған «Жастар театрының» өкілдері де келді. Театр директоры Нұрмат Мансұр мен көркемдік жетекшісі Оңталап Нұрмахан жас өнер ордасының аяқалысын баяндады.

– Сегіз жыл бұрын үйірме ретінде ашылып, қалың көрермен алдына алғаш шыққан ұжым үшін биылғы жыл қуанышты жаңалықпен басталды. Шағын ұжым театр статусын иеленді. Алдағы уақытта репертуар жасақтап, көрерменге сапалы еңбек ұсынуға тырысамыз. Бұл бағытта жас актерлер жаңа қырынан көрініп, алдыңғы буын сала мамандарының кеңесін алуды тоқтатқан емес, – дейді Н.Мансұр.

«Жастар театрының» көркемдік жетекшісі Оңталап Нұрмахан да өзгеріс жетістікке бастайтынын айтты. Сондай-ақ қойылым қалыптастыру бағытында атқарылар жұмыстың жайын да айтты.

– Жаңа театр құрылғасын жаңа міндет жүктелетіні анық. Ендігі мақсат – республика деңгейіне өзімізді таныту, бар екенімізді білдіру. Бүгінгі көрерменнің талғамы қалай, олар нені қалайды, қандай қойылым көргісі келеді – сол талапқа сай болуымыз керек. «Күлтегін-Тоныкөкті» жазып бітірдік, «Құрыш қазақ» жазылу үстінде. Алда осы туындыларды сахналаймыз, – дейді ол.

Берен ШАҒЫРОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<