«Таңның» өнімі ТМД елдерінде

621

0

Сырдағы диқандар егінге орақ салғалы бір апта болды. Егінші қауымның ала жазғы еңбегі ақталар күн алыс емес. Өңірдегі шаруашылықтар су тапшылығын аз сезінбесе де, бұл мәселеде өте мұқият болғанға ұқсайды.

Бүгінде күріш атыздарынан суын тартып, Сырдың басты дақылын жинауға кіріскендердің бірі – Жалағаш ауданындағы «Таң» ауылына қарасты «Таң ЛТД» серіктестігі. 3000 гектарға жуық егін еккен шаруашылық осылай биылғы дәнге орақ салды.

Орақ салу рәсіміне шаруашылық еңбеккерлерінен бөлек, Жалағаш ауданында өтіп жатқан облыстық ардагерлер ұйымының көшпелі семинарына келген қариялар қатысты. Әр өңірден келген қонақтар серіктестік төрағасы Имамзада Шағыртаев бастаған егіншілерге ақ батасын беріп, күзгі өнімнің мол болуына тілек білдірді.

«Таң ЛТД» ЖШС 2003 жылы құрылған.  Ауылмен аттас серіктестік көп жылдан бері күріш егіп келеді.

– Бүгін диқан қауым үшін ерекше күн. Өйткені, жаз бойы бейнет қылып, сол еңбектің нәтижесін көрер күнге жақын қалдық. Биыл шаруашылық бойынша егілген күріштен орташа есеппен әр гектардан 60-70 центнерден аламыз деген жоспар  бар. Ал жыл сайын біздің ақталған күріш Қазақстаннан бөлек, көрші мемлекеттерге де экспортталады. Шаруашылықтың техникалық паркі 2011 жылдан бастап жаңартылды. Соңғы технологияларды пайдалана отырып, күріш сапасын арттыру жұмыстары да қолға алынған. Ал әлеуметтік жұмыстарға келер болсақ, ауыл ішіне керекті нысандар салуға шаруашылық қолдауы әрдайым жалғасын табуда, – дейді серіктестік төрағасы Имамзада Шағыртаев.

2016 жылдан бастап жеке қаражаты есебінен «Таң» елді мекенін абаттандыру және тұрғындарды әлеуметтік қамсыздандыру бағыттарына 701 млн теңге қаржы бөлген. Мысалы, 100 орындық «Таң бөбегі» балабақшасы мен мешіт қайта жаңғыртылып, жаңа спорт кешені пайдалануға берілген. Биыл аталған спорт кешенін ұлғайту мақсатында тамыз айында 150 орындық жаңа ғимараттың іргетасы қаланған. Бұл нысан келесі жылы бітеді. Өз өнімімізді шығару мақсатымен ет өңдеу цехын да іске қостық. Бұдан өзге ауылды абаттандыру-көркейту жұмыстарына да жиі қолдау көрсетіп жүр.

Сондай-ақ серіктестік 2019 жылы тұқым шаруашылығы статусын алды. Екі мың тоннадан астам тұқым дайындаса, соның жартысын өзге аудандағы шаруашылықтар сатып алады. Бізбен кездескен төрағаның сенімді өкілі Сәкен Шағыртаев жұмыстарын баян етті.

– Шаруашылық «Таң» ауылының өзінен бөлек, Мырзабай ахун, «Мақпалкөл», көрші Қармақшыдағы «Ақжар» ауылына да инвестор есебінде күріш екті. Қаржы салып, осы ауылдағы тұрғындардың жұмысқа орналасуына ықпал жасап отыр. Қазір күзгі жиын-терім басталды. Күріштің шығымы да жақсы. Әртараптандыру мақсатында бақша өсіреміз. Мал азығына жоңышқамыз да бар. Жыл сайын техника жаңартылып отыр. Жалпы 2011 жылдан бері ауыл шаруашылығы машиналарын алып келеміз. Жаңа технология, заманауи шаруашылық көліктерінің бізге үлкен көмегі бар. Осының арқасында серіктестік жоғары өнім алып, облыста алдыңғы қатардан көрініп келеді. Технология дегенмен де, күрішке тәжірибелі маман қажет. Өз басым шаруашылықтағы еңбеккерлерді мақтан тұтамын, – дейді ол.

Сәкен Шағыртаевтың айтуынша, егін даласынан жиылған күріш облыс орталығына кетеді. Өйткені, күріш ақтайтын зауыты сонда. Неге десек, тапсырыс берушілердің көбі дайын өнімді үлкен қала орталығынан іздейді екен. Жергілікті жерге келуге жол шығындарын ауырсынатыны тағы бар. Қазір «Таң ЛТД» шаруашылығының өнімдері Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты көршілес республикаларға да жіберілуде.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<