«Таза су айдындары – 2021» акциясы

983

0

«Адамның табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ» – десе де қазіргі таңда көптеген табиғат тазалығы жөнінде акциялар өткізіліп келеді. Сол акцияның бірі «Таза су айдындары» жыл сайын өткізілуде. Акцияның мақсаты табиғатты тазалап қою ғана емес, жастарға, келер ұрпаққа адамзаттың табиғатсыз күні жоқ екенін ұқтыру. Таза су – денсаулық кепілі, тіршілік көзі. Көктем келіп, қар мен мұздың еріп, күннің көзі шуағын төге бастағаннан демалыстың қызғатын шағы. Көпшілік халықтың осы мамыражай кезеңде жасыл желекке оранған табиғат аясына асығатыны бәріне аян. Көбіне өзен-көлдердің жағалауында демалатындар тек тынығып қана қоймай, су айдындарын ластап кетіп жатады.

Осы орайда, Арал – Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының ұйымдастыруымен «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп,  биыл да жалғасын тапты. Бұл акцияның маңыздылығы су айдындарын тұрмыстық қалдықтардан тазалау.

Осы жылы «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің 2021 жылғы 19 ақпандағы бұйрығына сәйкес ағымдағы жылдың 1 наурызы мен 31 мамыр айлары аралығында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жасалған іс-шара жоспарына сәйкес, табиғат қорғау мекемелерінің, табиғат пайдаланушылардың, еріктілердің және қоғамдық, ғылыми ұйымдардың өкілдерінің, балық шаруашылығы су айдындарына жақын орналасқан ауыл тұрғындарының, оқу орындары студенттерінің қатысуларымен Қызылорда облысы су айдындарында, Сырдария өзені мен Кіші Арал теңізінде және Түркістан облысы аумағындағы су айдындарда, Шардара су қоймасы мен Сырдария өзенінде кең көлемде өткізілді.

 Акция нәтижесі бойынша, тазалау жұмыстарына 1144 адам қатысып,
186 арнайы техника мен 76 шағын көлемді жүзу құралдары (кеме, қайық және т.б.) жұмылдырылып, 59,78 тоннаға жуық әр түрлі қоқыстар мен суда қалған 789 дана аулардың қалдықтары жиналып тиісті орындарға шығарылды. Бұқаралық ақпарат құралдарына 23 рет (соның ішінде 4 ТВ, 13 газет журнал, 6 әлеуметтік желі) шығарылым жасалды.

Бұл акцияның негізгі мақсаты – халықты тазалыққа шақыру, жастарды, соның ішінде студенттерді табиғат ананы аялауға баулу, су айдындарының экологиялық жағдайын жақсарту болып табылады. Сол себепті, облыс тұрғындарын тазалыққа шақырамыз.

Б. БАЛЖАНОВ,

Арал-Сырдария облысаралық бассейндік

балық шаруашылығы инспекциясы балық

шаруашылығы бөлімінің бас маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<