Текстиль өнері

948

0

Қазіргі таңда елімізде ғасырлар бойы жиналып, қордаланған құнды қазыналарымыз бен ұлттық мұраларымызды зерттеу, қорғау, сақтаумен қатар, оларды отандық жəне халықаралық деңгейде насихаттап, таныту бағытында да біршама жұмыстар атқарылуда. Отандық ұлттық тарихымыздың, әсіресе, Сыр өңірінің тарихын зерттеуде, «Мәдени мұра», «Ұлы даланың жеті қыры» сияқты мемлекеттік бағдарламалардың қабылданғаннан бері де, оны бүгінгі тарих ғылымының жетістіктерімен қайта саралап, бұрын жарық көрмеген мұрағат ескерткіштерден бастап тарихшы ғалымдар зерттеулеріне сүйеніп, аталмыш өңірде арнайы ғылыми мекемелермен бірлесіп археологиялық, зерттеулер кең көлемде жүргізіліп, тарихымыз тың деректермен толықтырылу үстінде. Ежелден тарихы терең Сыр өңірі адамзаттың қалыптасу кезеңіндегі ескерткіштерден бастап тарихи мәдени мұраларға өте бай өлке.

Б.д.д. І мыңжылдықтың екінші жартысы – Сыр бойын мекендеген сақтардың мәдениеті гүлденіп, дамыған кезең болып саналады. Бұл құбылысты сипаттайтын ең көрнекті ескерткіштердің біріне Бәбіш мола оазисі бойында шоғырланған ескеркіштерді жатқызуға болады. Жалпы, Сырдарияның төменгі ағысына археологиялық қазба жұмыстарын Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Шірік Рабат археологиялық экспедициясы жүргізіп келе жатыр. Нәтижесінде, т.ғ.к., PhD Жанболат Раймқұлұлы Утубаевтың жетекшілігімен қазылғанБәбіш мола қалашығы маңындағы кесенеден Сыр бойын мекендеген сақтарға тән, өсімдік талшықтарынан тоқылып, полихромды безендірілген алғашқы кілем және мата бөліктері табылды. Аталмыш кесененің пішіні дөңгелек, диаметрі 12,5 м, биіктігі 1,4 м,жерлеу рәсімі кісіні ағаш зембілге қою болған.

Анықталған үш матаның екеуі мақтадан (хлопок), біреуі зығырдан (лен) жасалған. Матаның негізгі фоны ақ түсті, бірақ, қызыл және көк түстермен біркелкі етіліп, полихромды боялған. Табылған полихромды мата бөлшегіне Павлодар педагогикалық университеті жанындағы Марғұлан орталығының археологы, реставратор Т.Н. Крупа химиялық-технологиялық талдаулар мен консервациялық жұмыстар жүргізді.

Мата тоқу дәстүрін, кілем бұйымдарының ою-өрнегі мен семантикасын зерттеу – белгілі бір халықтардың этникалық тарихын, этномәдени үдерістерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жіп иіруді технологиялық тұрғыданғана емес, салт-жоралық мағынадан да қарастыру маңызды болып саналады. Жалпы, қызыл жіптің салт-дәстүрлік мағынасы өмірде орын алатын үрдістерді және оның нысандарын (бала, қалыңдық пен күйеу жігіт, қайтыс болған адам) жерасты әлемімен тығыз байланыстырады. Кейбір аймақтарда бұл жіптерді бәле-жаладан сақтаушы тұмар ретінде де пайдаланған.

Сонымен Сыр өңірінен табылып отырған алғашқы текстиль кешеніәлі де терең зерттеулерді қажет етеді.

Бірақ бұл маталар жиынтығын қайтыс болған адамның қоғамдағы жоғары мәртебесін көрсететін ерекше әрі қызықты үлгісі деп айта аламыз. Кесенеден табылған барлық маталар қымбат импорттық және мәртебелі маталар санатына жатуы мүмкін. Мысалы, оның ұқсастықтарын Алтайдағы пазырық мәдениетіне тән ескерткіштердентабылған кілемдерден көруге болады.

Жалпы, мата тоқу дәстүрлерін зерттеу – белгілі бір халықтардың басқа да туыс және көршілес этностармен этногенетикалық және этномәдени байланыстарын көрсетеді.

А.Аққалиева,

 Ә.Х. Марғұлан атындағы

археология институты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<