Түйеқұстың түгіне дейін теңге

1000

0

Өңірде түйеқұс өсіру табысты кәсіпке айналтын секілді. Сырдария ауданы Бесарық ауылында кәдімгі теледидардан ғана көретін африкалық түйеқұс жерсіндірілді. Кейін арнайы салынып жатқан қоражайда 100 түйеқұс күтімге алынып, инкубатор арқылы екі есеге дейін көбейтілмек. Бұл жоба ойдағыдай жүзеге асса, қосымша 10 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Түп-төркіні Африка құрлығынан өрбитін түйеқұсты әкелуге демеушілік еткен «Абай-Дәулет» ЖШС. Құс Өзбекстан арқылы жеткен. Климаттың ылғалдығы мен жылылығына үйренген бұл құсқа еліміздің климаты басында ыңғайлы болмаған. Сол үшін де әуелгіде бабын жасап, Сарыағашта бір ай бойы үйретілген. Карантинде тұрған. Көпшілікке таңсық, бұрын-соңды өңірде болмаған түйеқұсты ауылға алғаш рет әкелгенде басында жергілікті халық бұған біртүрлі қарағанмен, біраздан соң көздері де, бойлары да үйреніпті.

Сұсты көрінетін бұл құстың пайдасы шашетектен көрінеді. Бойы 3 метрге жуықтайтын аталығы 100-140 келі ет береді екен. Ал аналығы әбден толысып-жетілген шағында биіктігі 1 метр 70 сантиметрге жетеді. Қауырсындарын бас киімге, сахналық костюмдерге пайдалануға болады. Жұмыртқасының салмағы 2,5 келіден 4 келіге дейін барады.

Шаруашылықты жүргізіп отырған «Бесарық» ЖШС директоры Мақсат Биболатов түйеқұс шаруашылығын қалдықсыз өнім ретінде қарастыра отырып, одан үлкен табыс күтетінін айтты.

– Осыдан бір ай бұрын 12 түйеқұстың әрқайсысын 400 мың теңгеден сатып алдық. Көбі 5 жаста. Жуырда екінші бөлігі жетті. Баға өзгеріссіз. Жасы мен салмағына қарамайды. Бұл құсты қазір елімізде өсіруді қолға алған шаруашылықтардың ісі оңынан жүріп жатыр. Өйткені, өнімі сұранысқа ие. Еті  пайдалы, әсіресе, қан қысымы және қант диабетімен ауыратындар үшін мың да бір ем екен. Сондықтан қызығушылық уақыт өткен сайын артуда. Бір қызығы, күтімді, қамқорлықты қажет ете бермейді. Шаруашылықта екі баптаушы бәріне үлгеріп жүр. Көбінесе құсқа ашық жер пайдалы. Алда бұлардың өсіп-өнуіне барынша қолайлы жағдай жасаймыз. Негізі 1,5 жасында жұмыртқа туа бастайды. Сәтін салса,  инкубатор құрылғысын  сатып алу жағын тиісті мамандармен келісіп қойғанбыз, – дейді ол.

Негізінен түйеқұсқа шөп, әсіресе, жоңышқа, жүгері, бидай береді. Сондай-ақ, уақытында суарып отырса, бабының аса қиындығы жоқ. Өзі көп ауыра да бермейтін секілді. Ал ауыра қалса, Сарыағаштағы мамандар көмек колын созуға даяр екен. Әзірге түйеқұсты тек өсіріп, санын көбейтуді мақсат еткен шаруашылық, құс саны артқан соң өнімдерін сатумен айналыспақ. Шама жетіп, өнімге сұраныс болса, сыртқы нарықты да байқап көрмек ниетте.

– Көпшілік біле бермейді. Негізі түйеқұстың өнімдері өте пайдалы. Терісі, тұяғы, тұмсығы, еті, жұмыртқасы бәрі кәдеге жарайды. Оның үстіне тез өседі, тез көбейеді. Тірі салмағының 60%-ы еттен тұрады. Мейрамханаларда диеталық тағам ретінде сұранысқа ие. Ал оның терісінің беріктігі піл мен қолтырауынның терісіне пара-пар. Оны аяқ киім қаптауға, басқа да сәндік бұйымдарды жасауға пайдалануға болады, – дейді серіктестік директоры.

Жалпы түйеқұс жыл бойы емес, негізінен сәуір мен қазан айы аралығында жұмыртқалайды екен. Ол кезде біреуі аптасына бір-екіден, бір маусымда 50-60 жұмыртқаға дейін беруі ықтимал. Нарықтағы бағасы – 3-5 мың аралығында. Ал етінің 1 келісінің бағасы 7-12 мың теңгенің о жақ бұ жағында саудаланады. Демек, жем-шөбін уақытылы берсе, пайдасы да көл-көсір деген сөз.

Елімізде «Бесарық» ЖШС сияқты түйеқұсты жерсіндірген фермерлердің қатары көбейді. Келешекте біздің өңірде де бәсекеге қабілетті шаруа қожалықтарының саны артады. Қазірдің өзінде ауылда оған қызығып, сатып алу жолын сұрастырып жатқандардың қатары көбейіпті. Әрине, қарапайым азықпен қоректеніп, өнімді мол беретін, аса қамқорлықты қажет ете бермейтін, ал өнімі қымбат бағада бағаланып жатса, неге өсірмеске? Сұраныс артса, алдағы уақытта бұл бағытта бірталай жұмыстар атқарылатын секілді.

Орайы келгенде айта кетейік, бұл ерекше құстар планетада  миллиондаған жыл бұрын пайда болды деп саналады. Австралия мен Африка елдерінде өмір сүреді, яғни, шөлейтті жерге барынша бейім. Шамамен 300 жыл бұрын, түйеқұстар тек Африкада ғана емес, Палестинада және Кіші Азияның үлкен аумағында өмір сүрген.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<