Тың кәсіп

549

0

Жалағаш ауданында «SinPro» сауда белгісімен тосол, антифриз тәрізді суыққа төзімді сұйықтықтар шығарыла бастады. Жеке кәсіпкер Асхат Ермекбаев өңірде болмаған тың кәсіпті мемлекеттік бағдарлама арқылы жүзеге асырған. Оған себеп – сырттан келетін өнім бағасына тәуелділікті азайту.

Расымен бізде өзге елден келетін өнім көп. Бұл түрлі делдалдар арқылы қолдан қолға өтіп, бағаның өсуіне әсер етпей тұрмайды. Осындай кедергіні жоюға кейінгі жылдары қызылордалық кәсіпкерлер де бел шеше кіріскендей.

– Антифриздің де, тосолдың да атқарар жұмысы бірдей деп айтуға болады. Қыста нөл немесе -1 градуста су мұзға айналып қата бастаса, бұл өнім -40 градусқа дейін қатпайды. Сондай-ақ жаз айларында автокөлікте судың қайнауы жиі кездесіп жатады. Антифриз болса ондай кедергілерге жол бермейді.

Айта кетейін, мен өзім химик-технологпын. Содан болар, осы өндірістің қыр-сырын меңгеру онша қиынға түспеді. Жеке қаражатымды салдым, қосымша мемлекеттік бағдарлама арқылы қолдау алдым. Дұрысы, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 5 млн теңге қайтарымсыз грант ұттым. Одан бөлек, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы алты пайыз мөлшерінде 6 млн теңге несие рәсімдеп, бизнесті кеңейтуге күш салдық. Бастысы, мемлекет қолдауы біз секілді жас кәсіпкерлердің дамуы мен шығаратын өнімнің құнын тұрақтандыруға көп көмегін тигізіп келеді, – дейді Асхат Ермекбаев.

Асхаттың шағын өндіріс орнында шығатын өнімді алғашқы отандық тауар деп есептеуге болады. Еуропалық стандартқа құрылған кәсіпорын күніне автокөлікке арналған антифриз бен тосолдың әрқайсысынан 1000 литрден шығарады.

– Барлық технологиялық құрылғыларды, химиялық қоспаларды Ресейден алдырамыз. Жеңіл көліктен бастап үлкен кәсіпорындарда жұмыс істейтін қозғалтқыштарға қажетті антифриз түрлерін өндіруді бастадық. Қазір өндірісте бес адам жұмыс істейді. Шетелдік брендтерге қарамастан, біздің автохимиялық өнім нарықта өз орнын тапты. Қазір ауданның барлық автобөлшек сататын дүкендерінде біздің тауарлар тұр. Енді кәсіпорын көлемін үлкейткім де келеді, – дейді кәсіпкер.

Асхат жақында антифриз өніміне «СТ-KZ» сертификатын алғанын айтты. Аталған сертификат – тауардың Қазақстан аумағында өндірілгенін немесе өңделгенін растайтын құжат. Демек, өзімізден шыққан өнімнің өзге де елдерге экспорттауға мүмкіндігі бар.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Жалағаш ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<