Ұрпақ тәрбиесінде ұтылмауымыз керек

603

0

Ақпараттық технология ғасырында қол жеткен жоғары жетістіктерге қарамастан, қоғамда  ұрпақ тәрбиесі алаңдатарлық жағдайға жеткені жасырын емес.

Жастардың бойында рухани-адамгершілік қағидаларының толық сақталмауы, жалпы адами әдеп негіздерінің жетіспеушілігі, адал еңбек ету ниеті мен ерік-жігердің төмендеуі, өмірлік мақсаттарының айқын еместігі, сабырсыздық, ашуланшақтық, қатыгездік, кек сақтаушылық, әлсіздерге күш көрсету, тағы сол сияқты жағымсыз қасиеттердің кең таралуы қоғамда алаңдатушылық туғызуда. Сондықтан 2021 жылы елімізде «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар бірлестігі құрылған болатын. Ал облыста былтыр қазан айынан бастап жұмыс істей бастаған филиал қандай тірліктер атқарды? Бірлестікте қанша мүше бар? Бұл жайлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте филиал басшысы Шерхан Арапбай кеңінен тоқталды.

Бүгінде республика бойынша 18 филиалда 100 мыңнан астам мүше бар. Ол 16 облыс және екі қалада ашылған. Қазірге дейін кездесулерге, 7 мыңға жуық ата-ана қатысқан. Бала тәрбиесіндегі зерттеуді қажет ететін мәселелермен танысып, жинақталған ұсыныстар сарапшылық кеңеске жолданған. Ата-ана, мектеп, бала үштігін нығайту мақсатында челендж өткізілген. Баланың қабілетін білу, онымен күнделікті қарым-қатынас орнату, жеке дамуына бағыт-бағдар беру жұмыстары жүргізілген. Оған 100-ден аса отбасы қатысып, түрлі дидактикалық тәсілдер арқылы өздерінің қабілетін көрсеткен.

– Баланың 18 жасқа дейінгі физиологиялық-психологиялық дамуында, қабілетіне байланысты мамандық таңдауда нені ескеру керек? Әр облыстағы филиалда сарапшылық топтар жиналып, олардың бойына ұлттық құндылықтарды қалай дарытамыз деген сұрақтың төңірегінде жұмыс істеуде. Ақпараттық, ағартушылық, кеңес беру бағытымен  мамандар кәсіби бағдар береді. Мәселен, баланың болашақтағы мамандығы оның үш жасында-ақ белгілі болады екен. Оны әрі қарай үйірмелерге, қосымша сабаққа қатыстыру арқылы дамытуға болады. Ал бізде мектепті бітіретін кезде қандай мамандық таңдайтынын білмейтін оқушылар көп. Мұндайда ата-анасы шекті балына қарай осы оқу орнына түсе сал деп кеңес беріп жатады. Статистикалық мәліметтер 100 мың оқушы жоғары оқу орнын бітіріп шығатын болса, оның 61 пайызы өз  мамандығымен жұмыс істемейтінін көрсетіп отыр. Біз баланың қызығушылығы мен қабілетін екінші орынға қоямыз, – дейді Шерхан Жұмабекұлы.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<