Зерттеу қорытындысы жарияланды

245

0

«СОЦИС-А» Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты – Астана» жеке қоры 11-12 қыркүйек аралығында халық арасында телефон арқылы сауалнама жүргізді.

Сауалнама ауқымы 1000 респондентті қамтыды.

Анкетаға келесі сұрақтар енгізілді:

1) Сіз АЭС салу бойынша референдумға қатысасыз ба?

2) Қазақстанда АЭС салу туралы қандай ақпарат сізді қызықтырады?

3) Сіз Қазақстанда АЭС салуға келісесіз бе?

Сауалнама қорытындысы төмендегіні көрсетті:

«Міндетті түрде барамын» (35,6%) және «Мүмкіндігінше баруға тырысамын» (20,2%) нұсқаларын таңдаған респонденттердің үлесі 55,8%. Осылайша, әрбір екінші адам референдумға баруға дайын екендігін көрсетті. Ал оннан бір бөлігінен астамы «референдумға қатыспаймын» деген (12,2%). Алдын ала болжанғандай референдумға қатысу-қатыспау туралы «әлі бір шешімге келмеген» респонденттердің үлесі жоғары болды (16,6%). 13,6%-ы «бұл жаңалықты бірінші рет естіп отыр». Респонденттердің аз бөлігі (1,8%) бұл сұраққа «жауап беруге қиналамын» деп көрсеткен.

«Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы қандай ақпарат сізді қызықтырады?» деген сұраққа пікірлер эмоционалды ұстанымнан бастап толығымен прагматикалық дәлелдерге дейін құбылады. Мәселен, «азаматтардың денсаулығына әсер етуі ықтимал» және «экологияға әсер етуі ықтимал» деген эмоционалды пікірлері бар жауаптарды таңдау тиісінше 59,5% және 54,1% құрады. Бұл, ең алдымен, желіде АЭС салу ықтималдығы туралы алғашқы ақпарат пайда болған сәттен мұндай жобалардың қаупі туралы әртүрлі пайымдар тарала бастағанына байланысты болуы мүмкін.

Айта кету керек, сауалнамаға қатысқан халық АЭС-те қауіпсіздікті қамтамасыз етудің нақты шаралары бойынша прагматикалық ойлар айтқан: «Апаттардың алдын алу жөніндегі қауіпсіздік шаралары» (43,1%); «Радиоактивті қалдықтарды басқару» (24,9%); «Кадрлық әлеует» (16%).

«Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сұраққа келісетіндердің үлесі 60,4% құрады, 30,1%-ы қолдамайды. Әрбір оныншы адам (9,5%) сұраққа жауап беруден бас тартқан.

Зерттеудің жалпы қорытындысына келсек, респонденттердің 55,8%-ы өз азаматтық ұстанымын көрсетуге және АЭС салу мәселесіне қатысты дауыс беруге ниет танытты. АЭС құрылысын қолдаушылардың үлесі – 60,4%.

Жүргізілген социологиялық сауалнама нәтижесінде әрі қарай жария түсіндіруді талап ететін экологиялық және техникалық қауіпсіздік критерийлерінің контуры межеленді. Атап айтқанда, халық денсаулық қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғауға, сондай-ақ құрылыстың техникалық жағы және атом станциясының болашақ жұмысшыларының кадрлық құрамының кәсібилік деңгейіне алаңдайды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<