«Жайлы мектеп»: Мердігерлерге талап жоғары

731

0

Президент бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғаны белгілі. Оқушының сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасайтын жоба аясында алдағы үш жылда ел бойынша 401 жаңа мектеп салынбақ. Ал Сыр өңірінде 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарттарына сай 21 мектеп салу жоспарлануда. Биыл өңірде 10 білім ордасының құрылысы басталады.

Аталған жұмыстардың жүргізілу барысын талқылау үшін облысқа «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов арнайы келіп, облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың төрағалығымен өткен жиынға қатысты.

Қала әкімі, бірқатар облыстық басқарма басшылары мен департаменттер, мердігер мекемелердің басшылары, онлайн режимде аудан әкімдері қатысқан жиында «Жайлы мектеп» бойынша қолға алынған жұмыстар айтылды. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиевтің айтуынша, 2023-2025 жылдары облыста екі кезең бойынша аталған жоба толық іске асырылмақ. Биыл бірінші кезеңде іргетасы қаланатын 10 мектептің жер учаскелері нақтыланып, инженерлік желілермен қамтамасыз етілген халыққа тиімді аумақтардан «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның атына рәсімделген.

– Қызылорда қаласындағы бес мектепке тоқталатын болсам, Сырдария өзенінің сол жағалауынан 900 орындық мектептің құрылысы үшін 3,7 гектар, «Арай» және СПМК шағын ауданындағы 2000 орындық мектепке 3,8 гектар, «КБИ» шағын ауданындағы 600 орындық білім ордасына 2,04 гектар, сондай-ақ, «Қызылжарма» ауылдық округіндегі 900 орындық мектепке 2,5 гектар жер учаскелері табысталды. Ал Арал ауданындағы 2 мектепке 2,04 гектар жер, Қазалы ауданы Жанқожа батыр ауылындағы 300 орындық мектеп құрылысына 2,8 гектар жер, Жаңақорған ауданындағы 600 және 300 орындық білім ордаларына 2,2 гектар жер телімдері берілді. 2024 жылы құрылысы басталатын 11 мектептің жер телімдері нақтылануда, – деді Е.Төрәлиев.

Өз кезегінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, білім ордаларының талапқа сай болуын жіті қадағалау керегін жеткізді. Сондай-ақ, оқушылардың қауіпсіздігі мен сапалы білім алуы үшін толықтай бейнебақылау камералары және жоғары жылдамдықтағы интернет желісі орнатылуы қажет екенін айтты.

– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын білім ордалары заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Тағы бір ерекшелігі, мектептердің өз логотипі мен ішкі және сыртқы құрал-жабдықтары бірдей толықтырылады. Сондай-ақ, бұл мектептер қай елді мекендерде салынатын болса да, халыққа ыңғайлы аумақта болуы қажет, яғни, ата-аналар мен оқушылардың мектепке баруы қиындық тудырмауы тиіс. Бұдан бөлек, мектеп орналасқан шағын аудандардағы жолдарда көше жарықтары мен бейнебақылау камералары міндетті түрде болуы керек. Ол оқушылардың қауіпсіздігі үшін аса маңызды, – деді басқарма төрағасы.

М.Айманбетов мердігерлерге қатаң талаптар қойылатынын айтты. Құрылыста отандық өндіріс материалдарын пайдалануға басымдық берілмек. Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1 200, 1 500, 2 000 немесе 2 500 орындық деп белгіленген жеті түрлі нұсқаның біріне сай салынуы қажет. Олардың әрқайсысында роботтехника кабинеті, бірнеше зертхана, хореография залы, үш коворкинг алаңы болуы керек. Әр сыныпқа интерактивті тақта және мұғалімге арналған компьютер қойылады.

Ұлттық жобаны жүзеге асыру барысында «Samruk-Kazyna Construction» АҚ іс-шаралардың ашықтығы мен қоғамдық бақылауға ерекше көңіл бөлмек.

Құрылысты қадағалау инженерлік қызметтері де ашық конкурстық негізде сатып алынады, бұл қосымша ашықтықты қамтамасыз етеді. Барлық сатып алу «Samruk-Kazyna Construction»-ның сатып алуға арналған онлайн платформасында жүзеге асырылады. Құрылыс кезінде жалпы жағдайды бақылайтын ақпараттық цифрлы платформа жұмыс істейтін болады. Ақпараттық жүйе алғаш рет осындай ірі ұлттық жобада қолданылмақ. Электронды жүйе құрылыстың барлық кезеңін ашық бақылауға мүмкіндік береді.

Жүйенің ерекшелігі – тапсырыс беруші, құрылысшылар, әкімдіктердің бірнеше басқармасы, министрліктер, техникалық бақылау сарапшылары және басқалары бірлесіп жұмыс істеп, бірге тапсырма беріп, оны бақылап, мәселе туындаса, сол бойда бюрократиясыз, уақытылы шешіп отырады.

Айтпақшы, мердігер компанияларға қойылатын талап та қатаң. Бұл жобаға кеше ашылып, бүгін майлы жіліктің басын ұстап отыратын бір күндік фирмалар қатыса алмайды. Ережелер жергілікті компанияларға жеңілдіктер ұсынатынын да айта кетейік, яғни, мектеп қай облыста салынса, сол өңірдің компанияларына белгілі бір деңгейде жеңілдіктер қарастырылады.

Жиын соңында мердігер мекеме басшыларының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, жүргізілетін басты жұмыстар нақтыланды.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<