Жалағашта жаңа мешіт пайдалануға берілді

1195

0

Жалағаш ауданында Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының, аудан әкімі Асылбек Шаменовтың қатысуымен 900 орындық «Иманқұл» мешітінің ашылу рәсімі өткізілді.

Ашылу рәсімінің алғы сөзін Қазақстан Мұсылман Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алып, жаңадан бой көтерген мешіттің халқымызды имандылыққа тәрбиелеуде алар орны ерекше екенін атап өтті.

– Тәуелсіздік алған жылдар ішінде елімізде дін саласында үлкен жұмыстар атқарылды. Ел тізгіні өз қолымызға тиген сонау 1991 жылдардан бері елімізде бірқатар мешіттер бой көтерді. Бүгін Жалағаш ауданында осындай игілікті шараның куәсі болып отырмыз. Сауапты іске атсалысқан Ерлан Ізбасқанұлына алғысымыз шексіз. – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Шарада аудан әкімі Асылбек Шаменов сөз алып, жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, мешітті өз қаражаты есебінен салып берген жеке кәсіпкер Ерлан Сағынбаевқа аудан халқының атынан алғыс білдірді. Шарада мемлекет және қоғам қайраткері Қожахмет Баймаханов, Ибрагим Әбибуллаев, кәсіпкер, «Жалағаш ауданының Құрметті азаматы» Ерлан Сағынбаев сөз сөйлеп, ел игілігіне пайдалануға берілгелі отырған мешіттің халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуіне тілектестігін білдірді.

Жиылған қонақтар жаңа мешіттің лентасын қиып, жұма намаз оқылды. Шара санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді.Айта кету керек, 2017 жылы «Туған жерге тағзым» жобасы аясында жеке кәсіпкер, Ақсу ауылының тумасы Сағынбаев Ерлан Ізбасқанұлының демеушілігімен Иманқұл мешітінің жаңа ғимаратының және 350 орындық асхана құрылысының іргетасы қаланып, бүгінде аудан тұрғындарының көз қуанышы, сәулетті нысанға айналып отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<