Жаңа облыстар – маңызды бастамалар

1542

0

ҚР Президенті Қазaқстанда жаңадан үш облыс құру туралы жарлыққа қол қойған болатын. Жарлық 8 маусымда күшіне енді. Енді елімізде ресми түрде 17 облыс және үш мегаполис бар. Сонымен үш жаңа облыс ресми түрде жарияланды.

Өткен апта соңында жаңадан құрылған Ұлытау, Абай, Жетісу облыстарының әкімдері тағайындалды. Бұрынғы Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы – енді Ұлытау облысының әкімі. Ал, бұрын Сенат депутаты болған Бейбіт Исабаев Жетісу өңіріне басшылық етеді. Абай өңірінің басшылығына бұған дейін елорданың сәулет, қала құрылысы мен жер қатынастары басқармасына жетекшілік еткен Нұрлан Ұранхаев сайланды. Алматы облысына да жаңа әкім тағайындалды. Бұл лауазымға бұған дейін Қаржы вице-министрі болған Марат Сұлтанғазиев барды.

Атап өтерлігі, әр облысқа 2 кандидаттан ұсынылды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлер әкімдерін тағайындаудың жаңа ережелерін бекіткен болатын. Оған сәйкес, Мемлекет басшысы мәслихаттарға облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімі лауазымына кемінде екі кандидат ұсынады. Жаңа ереже бойынша өңірлердегі мәслихат депутаттары жаңа басшыларды дауыс беріп таңдады.

Ал, Даниал Ахметов пен Жеңіс Қасымбек орындарында қалып, Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарын басқара береді. Атап өтерлігі, бұған дейін Алматы облысының әкімі болған Қанат Бозымбаев басқа қызметке ауысуына байланысты босатылғанымен, жаңа жұмыс орны әлі белгісіз.

Дегенмен, облыстардың құрылуы, олардың басшыларының тағайындалуы негізгі жұмыстың басы ғана. Ауқымды шаруалар енді басталмақ. Осы орайда Қазақстан картасында жаңадан пайда болған өңірлерді дамытуда басымдық беретін негізгі бағыттарды да айқындау маңызды болып отыр.

Жаңа облыс орталықтарында инфрақұрылымды дамытумен қатар, экономиканы әртараптандыру бойынша кешенді шаралар қабылдау қажет. Мәселен, Алматы облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша жетекші орында. Талдықорғанды автоматтандырылған өндірісі бар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің ірі индустриялық орталығы ретінде қалыптастыру бойынша шаралар кешені қабылдануы мүмкін. Ал, Жезқазған қаласында түсті металлургия саласының әлеуеті жоғары.

Сарапшы мамандар жүргізіліп жатқан әкімшілік-аумақтық реформалар жаңа облыстардың дамуына жақсы әсер етеді деп санайды. Өйткені реформалар жаңа өңірлік саясаттың басымдықтарына сәйкес келеді. Оның негізінде әлеуметтік-экономикалық дамудағы теңгерімсіздікті төмендету, байланысты қамтамасыз ету және өңірлердің орнықты дамуы ескерілген.

Айталық, жаңадан құрылған Абай облысына енді Шығыс Қазақстан облысындағы өнеркәсіптердің 32 проценті тиесілі. Екі өңірдің қала-аудандары 1997 жылы Семей облысы қосылғанға дейінгі территориялар бойынша бөлінген. Ал, Ұлытау облысының жаңа әкімі енді өндірісті дамытып, жұмыссыздық мәселесін шешуге басымдық бермек. Ұлытау облысының өндірістік әлеуетінен бөлек, туризмді жандандыруға мол мүмкіндіктері бар. Ол үшін өңірдің инфрақұрылымын, туристік кластерін жан-жақты дамыту керек дейді мамандар. Осынау тарихы бай, киелі Ұлытау төрінде 16 маусым күні Ұлттық құрылтай өткізіліп, елдік бағыттағы келелі мәселелер ортаға салынады.

Сондай-ақ, Жетісу облысында да алдағы уақытта бірнеше өндіріс ошақтары салынып, халық жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Мұнда кезінде Талдықорған облысы таратылып, екі облыс қосылып Алматы облысы болған кезде бірнеше аудандар жабылып қалған. Бұған мысал, осындағы біріктірілген, таратылған Үйгентас, Қапал, Бөрлітөбе аудандары. Енді аймақта халық саны қайтадан артып, ауыл шаруашылығына басымдық берілмек. Жаңадан өндіріс орындарын ашуға да мүмкіндік туады. Бұрын облыста Алакөлде, Сарқанда, Ақсуда және Қарабұлақта төрт қант зауыты болған. Жергілікті халық осындай іргелі өндіріс орындары қайта іске қосылып, Текелі, Лепсі, Кербұлақ сияқты мекендерде туризм жанданады деп күтуде.

Айта кетейік, жаңа облыстар құрылуына байланысты облыстық мәслихаттар да екіге бөлінуде. ҚР Парламенті Сенатына да Ұлытау, Абай және Жетісу облысынан депутат сайланады. Бірақ Сенаттағы мандат саны көбеймейді. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, оған себеп – Президенттің квотасы 15-тен 10-ға дейін қысқарып жатыр. Сондай-ақ, Мәжілістегі ҚХА атынан сайланатын депутаттардың квотасы да қысқартылады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<