Жанкенттен жеткен жәдігер

1640

0

Оғыздардың ордасы болған ортағасырлық қалалардың бірі – Жанкент шаһары құпияcын ашудан жалығар емес.

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музей қорына түскен Жанкенттің жауһар жәдігерлері қатарында ғылыми қызметкерлердің назарын аудартпай қоймаған сирек жәдігерлер кездесіп отыр. Қорқыт Ата атындағы ҚУ «Археология және этнография»  ғылыми орталығының Жанкент қалашығына 2020 жылы жүргізген қазба  жұмыстары нәтижесінде табылған керамикалық ыдыстармен қатар қола қоңырауша, сүйектен жасалған түйме және құс пішінді бұйым фрагменті келіп түсті.

Қоңыраушаның атқарған қызметін зерттей келе, үш нұсқасы бар болуы мүмкін деген тұжырымға келдік. Бірінші нұсқа – қазақ халқының ерте заманда күнделікті тұрмыста пайдаланған көне музыкалық сілкімелі аспаптардың бірі – сылдырмақтың қоңыраушасы болуы мүмкін. Шулы-сілкемелі сылдырмақаспабы әдетте тұтасымен қола, мыс, жез секілді металлдар мен шырша, емен, үйеңкі сияқты ағаштардан жасалады. Үн-үйлесіміне байланысты «күлдіреуікті», «сәлпеншекті» деген түрлері бар. Сыртқы келбеті ұстауға ыңғайлы әрі жеңіл болады. Жанкент қоңыраушасы салтанатты діни-ғұрыптық рәсімдерде қобыз, даңғара, дауылпаз, керней сияқты аспаптармен қатар қолданылған ортағасыр сылдырмағының бір бөлшегі болуы әбден мүмкін. Қоңырауша қоладан жасалған. Диаметрі – 2,6 см. Қоңыраушаның астыңғы бөлігі тілінген, жоғарғы бөлігінде жіп өткізуге арналған тойнақ бөлігі бар. Соған қарағанда, қоңыраушалар ағашқа бекітіліп, сілку арқылы әдемі әуен шығарған.

Екінші нұсқа – мойынға тағатын әшекей бұйымдардың (алқа, бойтұмар, жырға) салпыншағына бекітілген қоңырауша болуы мүмкін. Қай дәуірде болмасын сұлулықтың символы болған әшекей бұйымдар нәзік жандылар тарапынан әрқашан сұранысқа  ие.  Салтанатты шараларда қыз-келіншектер тағынған көлемді алқалардың қоңыраушаларының бірі болуы мүмкін деген деректе жоқ емес.

Үшінші нұсқа – мал мойнына тағылатын қоңырау болуы мүмкін. Мал мойнына тағылатын қоңыраушаны халық арасында «гак» деп атайды. Гак әдетте қаңылтыр темірден, мыстан, қоладан жасалады. Жанкент жәдігері – қоңырауша қоладан жасалған. Тотығу әсерінен астыңғы бөлігі жасыл түске боялған. Сыртқы пішіні шұңғыл дүңгіршек жұмыртқа формасына ұқсайды. Төмен жағы дыбыс шығару үшін арнайы тілінген. Жоғарғы тұсына тойнақ орнатылған. Тойнаққа қайыс бүлдіргі өткізіліп, мал мойнына тағылған. Ашық қуысында гак қабырғасына тиген кезде дыбыс шығаратын көлемі шағын, дөңгеленген ақ қиыршық тас салынған. «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімі қызметкерлерлері  зерттеу жұмыстары нәтижесінде Жанкент жәдігерінің ұсақ мал төлінің мойнына тағылатын «гак» деген тұжырымға келді.  Гак жайылып жүрген мал бағытын, қайда жүргенін біліп отыру үшін қолданылады. Этнографиялық мәліметтерге қарағанда, гак малға көз тиюден де қорғайды. Гакты көбінесе жас бота, бұзау-торпақтың, сондай-ақ, бөлініп қалатын саяқ, қашаған малдың мойнына тағады. Мұндай сәндік қоңыраулар жас малдың мойнына өсіп жетілгенге дейін тағылып, табынға қосылатын кезде шешіледі.

Сүйек түйме – Жанкент қалашығына 2020 жылы жүрізілген қазба жұмыстары нәтижесінде табылған аксессуарлардың бірегейі. Түйме диаметрі -2 см, қалыңдығы – 0,4 см.  Түйме ортасында  0,3 см тесігі бар.Тесік айналасы ойылып, шеңберленіп қоршалған. Түймені бойлай 7 дөңгелекше ойылған. Әр дөңгелекшенің ортасы нүктелеу әдісімен тесілген. Түйме жиегі параллельді сызықтармен шеңберленген. Түйменің тесігінің орнында тойтарма болуы әбден мүмкін. Тойтарма түйме тесігіне орнатылып, киімге бекітілген болу керек. Түйменің ерекшелігі – материалы мен жасалу технологиясының өзгешелігінде, әсем безендірілуінде. 

 Құс пішіндес бұйым фрагменті – құс қанаты. Аталмыш қос қанатты көгершін құсына тиесілі деп пайымдауға болады. Оғыздардың символы болған бүркіт, сұңқар сынды киелі құстардың қатарында көгершін де болған. Көгершін құсы оғыздар арасында қасиетті саналған. Оған музей экспозициясында орналасқан Кескен-Күйік қалашығынан табылған көгершін формасындағы хош иістендіргіш бұйым да дәлел. Ал, Жанкент қалашығынан табылған құс пішіндес бұйым фрагменті культтік бұйым болуы әбден мүмкін. Аталмыш бұйым қонақтап отырған көгершіннің бейнесін береді. Симметрия сақталған. Ою әдісімен жасалған қанат қауырсындарының ізі айқын көрініс тапқан. Культтік бұйым – көгершіннің басы, құйрығы, аяғы сынғаны анық көрінеді. Бұйым бүтін күйінде жетпеген. Дегенмен, осы бір фрагменттің өзі орта ғасыр қолөнерінің биік үлгісін көрсетеді. «Көгершін» культтік бұйымы мистикалық, яғни діни-ғұрыптық рәсімдерде пайдаланылуы мүмкін.

Екінші нұсқа – ортағасыр ойыншығы болуы әбден мүмкін. Ғылыми қызметкерлердің зерттеуінше, осы нұсқа санаға қонымдырақ. Өйткені, бұйым фрагменттінің көлемі: ұзындығы – 5 см, биіктігі – 3 см, қалыңдығы – 3,2 см. Бұл өлшщемдер культтік бұйымға қарағанда, бала ойыншығына келіңкірейтін іспетті. Бұйым қызғыш түске енгенше жоғарғы температурада  жақсылап күйдірілген, нәтижесінде сапалы бұйым жер қойнауында үгілуден қорғалған. Сыр өңіріне жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде жылқы бейнесіндегі ойыншықтар жиі табылса, құс пішініндегі ойыншықтың табылуы – үлкен жаңалық. Балалардың ой-өрісін дамытатын ортағасыр ойыншықтарының қатарын көгершін ойыншығы толықтырып отыр десек, артық айтқанымыз емес. Аталған бұйымдардың барлығы  ІХ-ХІ ғғ. мерзімделеді.

Жанкент қаласы – Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы Өркендеу ауылынан оңтүстікке қарай 1,5 км жерде орналасқан, мықты бекіністі ортағасырлық қала. Қаланың жоспары шығыстан батысқа қарай созылып жатқан «Т» әрпі тәрізді, шығыс бөлігі шығыңқы тіктөртбұрышты болып келеді. Жанкент алдағы уақытта да өзінің сырын ішіне бүккен жәдігерлерімен бізге талай ой саларына күмәніміз жоқ.

Ләззат  Жалғасбайқызы,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің

«Археология және этнография»  ғылыми зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<