Жанынан жылу таратқан

1039

0

Көктем мерекесі қарсаңында облыстық әйелдер кеңесі сол жаға­лау­дағы «Болашақ»  универси­тетінің жаңа ғимаратында ақ жаулықты аналардың, әр салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектердің, Батыр аналардың басын қосып, құрмет көрсетті. Кездесу үлкендердің ұлағатын ұлықтау, еңбекпен көгеріп-көктеген аналардың жолын үлгі ету сипатында өтті. 

Ақын, ардагер ұс­таз Сәнімкүл Жел­дер­баева, мемлекет және қоғам қай­­рат­кері ­Бақ­бер­ген Досмамбетов тір­шілік оянған кездегі мерейлі ме­ре­кенің маңы­зын атап өтіп, жиналған жұрт­­шы­лыққа ізгі тілегін арнады. Кезінде Ыбырай Жақаевтың үн­деуі­мен комсомол-жас­тар бригадасын құрып, күріш еккен,  Кәм­шат Дөненбаеваның «Қыздар – тех­никаға!» деген ұранына үн қосып, трактор айдап, жер жыртқан Ырыс­ты Өкшебаева – бүгінде ұрпа­ғының жақсылығына кенеліп отырған жан. Жер жыртудан Краснодарда, Челябинскіде, Чехословакияда, Баш­құртстанда өткен жарыстардың барлығында жеңіске жеткен. Жарыс­тардың жүлдесі – өзінің есімі жазыл­ған «К-700» тракторын, «Урал» мото­циклін, «Москвич» автокөлігін иелен­ген. «Ленин» орденінің иегері, Сыр­дария ауданының құрметті азаматы.

– Адал еңбек пен маңдай теріміз бізді биікке жеткізді. Ел ағалары сенім артып, талабымызға қанат бітірді. Бүгінгі зейнетіміз – жас кездегі көрген бейнетіміздің өтеуі, – деді ол өзінің құттықтау сөзінде.

Бұл кездесуге еңбек ардагері, 40 жыл еңбек жолында алдымен жанармай таситын көлік айдаған, кейін күрішшілер бригадасының бригадирі болған, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Райкүл Жалғасбаева да келді.  Жастық жігерін еңбекке жұмсаған Әзия Қыс­таубаева мен Айша Наубаеваның да айтары мол.

– Ол кезде қазіргідей емес, бірен-саран әйел ғана көлік руліне отырады. Жұмыс қиын, отбасындағы жауапкершілік тағы бар. Науқан кезінде жұмысымыз екі есе ауырлайды.   Бірақ, алған бетімізден қайт­падық, – дейді олар. Емен-жарқын әң­гіме үстінде ұрпақ тәрбиесі туралы да келелі ойлар айтылды.

Қоғам қайраткерлері Алмагүл Божа­нова, Дариха Ақмағамбетова Тәуел­сіз­дігіміздің 30 жылдығына аналар қос­қан үлестің қомақты екенін атап өтті.  Облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова жинал­ғандарға ізгі лебізін білдіріп, марапат тапсырды. Көңілдерге көктем шуағын себелейтін әсем әндер шырқалды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<