Жарықтың жайы және ендігі міндет

475

0

Қызылордада жарық жиі сөнеді. Өйткені тозығы жеткен электр желілерінің сапалы әрі тұрақты тоқ өткізуге мүмкіндігі жетпейді. Жыл басында ауа райының қолайсыздығынан бұл жағдай тағы қайталанды. Облыс орталығының кейбір аумағы мен аудандардағы елді мекендерде жарық сөніп, толассыз жауған жаңбыр мен қар кесірінен көше біткен суға толды.

Жарықтың жайына байланысты күрделі мәселелер көп. Бірақ, қозғалыс, бастама, Үкіметтік деңгейде мәміле барын да ұмытпаған жөн. Мәселені Үкімет басшысына көтеріп, кредиттік түрде болса да республикалық бюджеттен қаржыландыру шараларын енгізуге ұсыныс та берілген. Облыстың электр желілері мен тораптарының 70 пайызының тозығы жеткен. Сондықтан жауын жауып, жел тұрса жарық өшіп, электр сымдары үзіліп, жұртты әбігерге салады. Халықты алаңдатқан мәселеге қатысты облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жыл басында айтып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар берген.

153 млрд теңге қаржы қажет

Қызылорда облысы бойынша «КРЭК» АҚ теңгерімінде 10 мың шақырымнан астам электр желілері мен 1800-ге жуық қосалқы трансформаторлық станция бар. Бүгінгі таңда осы электр қондырғыларының 68 пайызының тозығы жеткен. Алдын ала есептемелер бойынша электр жүйелерінің тозу деңгейін 68 пайыздан 30 пайызға төмендету үшін 153 млрд теңге қаржы қажет. Бұл мәселе облыс әкімі тарапынан Үкімет басшысының назарына жеткізіліп, қолдау тапты.

Биыл Қызылорда қаласында электр жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстарын бастауға облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, 2023 жылғы республикалық бюджеттің бірінші нақтылауына құны 19,4 млрд теңгені құрайтын электрмен жабдықтауға бағытталған 46 жобаның бюджеттік өтінімдері ұсынылды.

Осылайша қаралған 1,6 млрд теңге қаржыға елу жылдан бері ауыстырылмаған электр жүйелері жаңартыла бастады. Дегенмен, бұл қаржы саланың кезек күттірмейтін күрделі мәселесін жамап-жасқауға ғана жетеді.

Мәселе аймақта ғана емес, жалпы республика бойынша да өте өзекті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында Қазақстанда электр жабдықтары желісінің үштен екісінің тозығы жеткенін, қолдан ұстап тұру, тарифтерді «қиыстырып» қаржыландыру салдарынан істен шығып, апаттар орын алып, адам денсаулығы мен өміріне қауіп төнетінін айтқан еді. «Монополиялық нарықтарда «Инвестицияларды тарифке алмастыру» деп аталатын жаңа тарифтік жоспарға көшу керек. Желілер мен қуат тозығы көрсеткіштерін кем дегенде 15% дейін қысқарту керек» деді Президент.

Айта кету керек, «Инвестицияларды тарифке алмастыру» жаңа тарифтік саясаты үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Біріншісі – желілер мен жабдықтарды күрделі жөндеуге және жаңғыртуға бағытталған табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламаларын ұлғайту. Екіншісі – коммуналдық сала қызметкерлерінің орташа айлық жалақысының деңгейін облыс бойынша орташа айлық деңгейге дейін арттыру (бұл білікті кадрлардың саладан кетуін азайтады), үшінші – табиғи монополиялар субъектілерінің балансына иесіз желілерді қабылдау нәтижесінде тарифтің өзгеруі.

Желілердің 70%-ға жуығы тозған

Өткен жылу беру маусымы қазақстандықтардың есінде жылу-энергетика саласындағы бірқатар ірі апаттармен есте қалды. Сарапшылар олардың болашақта қайталануы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі жүргізген талдау көрсеткендей, оның бір себебі жылумен, сумен, электрмен жабдықтау саласындағы құнсыздану болып табылады. Өңіріміздегі «КРЭК» АҚ басшылығының айтуынша, электр желілері мен қосалқы станциялардың тозуы 70 пайызды құрап отыр. Биыл қаңтар айында ауа райының қолайсыздығына байланысты облыста электр қуатының апатты түрде жаппай өшуі орын алды. Тозығы жеткен желілер коммуналдық қызметтердің сапасына әсер етеді. Өңірдегі тиісті инфрақұрылымның жай-күйін, сондай-ақ бірқатар нысандардағы төтенше жағдайларды ескерсек, мәселе өте өзекті.

Энергетика министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бүгінгі таңда республика бойынша электр желілерінің 70%-ға жуығы тозған. Кейбір облыстарда 1970-1980 жылдардағы электр бағанасы әлі күнге дейін қолданылады. Электр желілері ең көп тозған өңірлер қатарында Қызылорда облысы да бар. Өңірімізде де 1970 жылдардан бері ауыстырылмаған электр бағаналары мен желілер, әбден ескірген трансформаторлар көп. Салдарынан күз бен көктемгі жауын-шашын не қар еру кезінде жиі апаттық жағдай орын алып келді.

Мысалы, облыста 1867 қосалқы станция бар. Олардың негізгі бөлігі өткен ғасырдың 60-шы, 70-ші жылдары қолданысқа берілген. Кезінде кірпіштен салынған, жауын-шашынның әбден ескірген нысандардың төбесінен су кетіп, әбігерге салады. Облыстық бюджет есебінен былтыр 548 млн теңге бөлініп, «КРЭК» АҚ-ның жарғылық капиталы ұлғайтылды. Облыстағы жөндеуді қажет ететін электрмен қамту нысандары анықталып, жаңғырту-жөндеу, ауыстыру жоспары жасалды. Оның бірінші кезеңіне облыстық бюджеттен 1,6 млрд теңге қаражат бөлінді.

Бұл қаржыға кернеулігі 10/0,4 кВ 35 қосалқы станция ауыстырылып, 27 дана кірпіштен жасалған ескі күштік трансформатор күрделі жөндеуден өтуде. Оған қоса 32 шақырым желі ауыстырылып, апаттық бригадалардың жедел әрекет етуі үшін 16 УАЗ автокөлігі сатып алынады.

Апаттың алдын алған абзал

Апта басында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов бұл жұмыстардың жасалу барысымен танысқан болатын. Облыс әкімінің орынбасары Қызылорда қаласының 35/10 кВ-тық «Силикатная», «Промышленная» және «Комсомол» қосалқы станцияларындағы жаңа трансформаторларды да көріп, жұмысымен танысты.

– Бұған дейін облыс орталығында әбден тозығы жеткен, жағдайы өте мүшкіл 5 қосалқы станция болған. «Силикатная» солардың бірі еді. Бүгінде мұнда екі трансформатор ауыстырылып, жағдайы дұрысталды. Жалпы, қалада қыста жауын-шашын, жел болса, жазда күн ыстық болып, кондиционер, басқа да тұрмыстық техникаларды қосқанда жарық жиі өшеді. Мұндай жағдай былтыр жазда, биыл жыл басында болды. Алдағы жаз айларында да жарыққа қатысты мәселе туындамайды деп айту қиын. Дегенмен, бұл бағытта жұмыстар жасалуда. Үкіметтен, облыстық бюджеттен қаржы бөлінуде. «КРЭК» акционерлік қоғамы да өзінің инвестициялық тарифі есебінен қосалқы станциялар, трансформаторлар алып жатыр. Энергетика саласындағы ахуалды үнемі бақылауда ұстап, болашақта апаттық жағдайларды болдырмауға тырысамыз, – деді Серік Қожаниязов.

Алдын-ала есептеулерге қарағанда, электр жүйелерінің тозу деңгейін 30 пайызға төмендету үшін 153 млрд теңге қаржы қажет екен. Бұл ауқымды қаражат болғандықтан, желілерді жаңарту кезең-кезеңімен жүргізілмек.

«КРЭК» АҚ қалалық электр тораптары басқармасының директоры Ерболат Кәленовтың айтуынша, жаңа қосалқы станциялар жағдайды біршама жеңілдетері сөзсіз.

– Биыл бөлінген қаржыға облыс орталығындағы тозығы жеткен, кірпіштен қаланған 35 қосалқы станция жаңасына ауыстырылуда. Жаңаларының ескілерінен айырмашылығы – ауа райының қолайсыздығы, жауын-шашын өтіп кетпеуіне, герметизацияға жақсы. Қуаттылығы да ескілеріне қарағанда 1,5 есе артық. Халыққа үздіксіз электр энергиясын беруге өте қолайлы. Жаңа қосалқы станциялар 20-25 жылға дейін қызмет көрсетеді. Бұл жұмыстардың барлығын қысқы маусым басталғанға дейін аяқтау жоспарлануда, – дейді Ерболат Кәленов.

Қазір облыстың бір тәуліктегі электр тұтыну көлемі 120 МВт шамасында. Бұл көрсеткіш шілде-тамыз айларында 150-170 МВт-тан асып, электр желілерінің жүктемесі артады. Сондықтан жыл басындағы жағдай жазда да қайталанбауы үшін жұмыс күшейе беретін болады.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<