Адамзат тарихындағы ІІ дүниежүзілік соғыстың салдарынан 1945 жылы 6 және 9 тамызда АҚШ Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына атом бомбасын тастады. Бұл тарихтағы алғашқы ядролық қару қолдану оқиғасы, салдарынан 200 мыңнан астам адам қайтыс болып, екі қала қирады.
1947-1991 жылдар аралығында АҚШ пен КСРО арасында геосаяси, идеологиялық және экономикалық текетірес орын алды. Екі жақ тікелей соғыспағанымен, қарулану жарысы, технологиялық бәсеке (ғарыш), ақпараттық соғыс және жанама соғыстар (Корея, Вьетнам) арқылы дүниежүзін екі лагерьге бөлді.
Ал 1950 жылғы 15-19 наурыз аралығында Стокгольм қаласында өткен Бейбітшілікті жақтаушылардың дүниежүзілік конгресі тұрақты комитетінің сессиясында нақты құжат қабылданған болатын.
Бұл тарихта Стокгольм үндеуі деп аталды. Үндеуде: «Біз әлем халықтарынан атом қаруын толықтай тыйым салуды талап етеміз. Атом қаруын бірінші болып қолданған кез келген үкімет адамзатқа қарсы қылмыс жасаған болып есептелуі тиіс және соғыс қылмыскері ретінде жазалануы керек. Біз барлық бейбітшілік сүйгіш адамдарды осы үндеуді қолдауға шақырамыз» делінген.
Бұл үндеуге 1950 жылы әлемнің бүкіл халықтары арасында қол қойған адамдар шамамен 500 милионнан асты. Оның ішінде Кеңес Одағы елдерінің тұрғындары да бар.
Архив деректеріне сүйенсек, 1950 жылы Стокгольм үндеуі радиодан жарияланған кезде Қазақстанның қалалары мен ауылдарында жиналыстар, митингілер және қол жинау шаралары өткен. Бүгінде, Қоғамдық-саяси тарихы архивінде Қызылорда облыстық комитетінің секретарына берілген деректер сақталған. Құжаттарда бейбітшілікті жақтаушылардың бүкіл дүниежүзілік конгресі тұрақты комитетінің үндеуіне қол қойдыру науқаны кезіндегі жүргізілген саяси-көпшілік, мәдени-ағарту жұмыстары туралы жазба баяндамалар, ақпараттық хаттар, күнтізбелік жоспар, комиссиялар құрамы, қаулылар, телеграф және телефон шығындары үшін ағымдағы шотқа сұраныстар, әр аудан, ауылдардан дауыс жинау кестелері сақталған.
КСРО атом энергетикасын қарқынды дамытқан мемлекеттердің бірі болды. АЭС-тер негізінен Ресей, Украина, Литва және Армения аумақтарында орналасқан.
Апат айтып келмейді демекші, 1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль атом электр станциясының төртінші энергоблогында болған жарылыс адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апаттардың бірі ретінде тіркелді. Бұл қайғылы оқиға Украина аумағында, Киев қаласынан шамамен 110 шақырым жерде орналасқан станцияда орын алған. Биыл осы апатқа 40 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде апаттың салдары толық жойылған жоқ және оның зардаптары әлі күнге дейін зерттеліп келеді.
Чернобыль атом электр станциясы Припять қаласының маңында орналасқан. Апаттан кейін реактор маңында 30 шақырымдық арнайы оқшаулау аймағы құрылды. Бұл аймақ қазіргі таңда «Чернобыль тыйым салынған аймағы» деп аталады. Жалпы аумағы шамамен 2600 шаршы шақырым бұл өңірде тұрақты тұруға тыйым салынған. Радиоактивті ластану тек Украина аумағымен шектеліп қалмай, көрші Беларусь пен Ресей аймақтарына да тарады.
Ресми деректерге сүйенсек, 1986 жылғы 26 сәуірде түнгі сағат 01:23 шамасында төртінші энергоблокта жоспарлы сынақ жүргізу кезінде реакторда қуат күрт өсіп, екі мәрте жарылыс болған. Соның салдарынан реактор ғимараты қирап, атмосфераға радиоактивті заттар тарады. Реактордағы өрт бірнеше күн бойы сөнбей, оның салдарын жою үшін мыңдаған құтқарушы мен әскери қызметкер жұмылдырылды.
Апаттан кейін шамамен 155 мың шаршы шақырым жер радиациямен ластанды. Бұл аймақта шамамен 7 миллионға жуық адам өмір сүрген. 30 шақырымдық аймақтан 100 мыңнан астам тұрғын көшірілді. Припять қаласы толықтай бос қалып, бүгінгі күнге дейін қаңырап тұр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы деректеріне қарағанда, радиацияның ұзақ мерзімді әсері кейбір аймақтарда қатерлі ісік ауруларының көбеюіне, жүйке жүйесі бұзылыстарына және генетикалық мутацияларға алып келген. Радиоактивті ластанудың әсері әсіресе балалар денсаулығына ауыр тигені айтылады.
Бұл сынақтан Қазақстан да өтті. Олжас Сүлейменов 1989 жылы танымал «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысын бастап, КСРО-дағы алғашқы бейбіт антиядролық қозғалысты басқарды. Оның жетекшілігімен 1991 жылы Семей ядролық полигоны жабылып, Қазақстан аумағындағы сынақтар тоқтатылды. Бұл бастама қолдау тауып, ядролық қарусыздануға үлкен үлес қосты.
Қ. АҚПАНОВ,
Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві қоғамдық-саяси тарихы архиві филиалының басшысы





