Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі – Ұлттық кітап күні аясында «Кітап qala» атты «Әдеби автобус» жобасын жүзеге асырды. Қала тұрғындарына рухани азық сыйлауды мақсат еткен бұл игі шара көпшіліктің көңілінен шығып, мазмұнды әрі әсерлі өтті.
Танымдық мәні терең, дәйекті сөздер мен қанатты тіркестер жазылған плакаттармен, түрлі-түсті шарлармен сәнді безендірілген №11 бағыттағы автобус жолаушыларға ерекше атмосфера сыйлады. Сапар барысында жолаушылар тек тыңдарман болып қана қоймай, кітап туралы өлең-жырларға қосылып, рухани кештің белсенді қатысушыларына айналды.
Сарқылмас қазына – кітапты ұлықтауға арналған шара қалалық кітапханалар жүйесінің қызметі туралы ақпарат беруден және кітап мерекесінің маңызын насихаттаудан бастау алды. Қатысушыларға кітаптың адамзат өміріндегі орны, оның тарихи-мәдени мәні жайлы тағылымды ойлар ұсынылып, ұлттық құндылықтардың қадір-қасиеті кеңінен сөз болды.
Шара барысында кітапхана оқырмандары қазақтың әсем әндерін нақышына келтіре орындап, жолаушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Іс-шара аясында кітапхананың тұрақты оқырмандары Сұлтанғали Інжу, Ережепбай Жанерке, Сұлтанғали Ілияс, Темір Бейбарыс, Берікқызы Кәусар қазақ ақындарының жырларын мәнерлеп жатқа оқып, көрерменнің ықыласына бөленді. Сонымен қатар белсенді оқырмандар Айдарбек Рауан, Таубақабыл Кәусар, Мұса Бибімариям, Бақберген Нұрбақыт, Мирамбеков Бақтияр да өз өнерін ортаға салып, әдеби кештің ажарын аша түсті.
Жолаушыларға арналған викториналық ойындар шараның мазмұнын байыта түсті. Қатысушыларға қызықты әрі танымдық сұрақтар қойылып, тапқырлық танытқан оқырмандар түрлі сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар халық ауыз әдебиетінің інжу-маржандары – мақал-мәтелдер мен жұмбақтар кеңінен насихатталып, жолаушылар өз білімін ортаға салды.
«Әдеби автобус» жобасының басты мақсаты – заманауи ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында кітап оқуға деген қызығушылықтың бәсеңдеуіне назар аударып, жастарды кітапқа қайта бет бұрғызу. Адамзат даналығының алтын кілті – кітап екенін, ал өркениетті қоғамның айқын көрсеткіші – кітапхана екенін ұғындыру арқылы оқырман мәдениетін қалыптастыру көзделді.
Жолаушылардың белсенділігі мен шынайы қызығушылығы шараның жоғары деңгейде өтуіне ықпал етті. «Кітап qala» әдеби автобусы – кітаптың мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте айқындап, қала тұрғындарының жүрегіне рухани шуақ сыйлаған тағылымды бастама болды.





