ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі, «Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры Раиса Шер университеттегі жастар ұйымдарының жұмысымен танысты.
Студенттер сарайында өткен жиын барысында Раиса Петровнауниверситеттегі«Бизнес-старт» жастар кәсіпкерлігі орталығының резиденттері, «Ақиқат» саяси пікір-сайыс клубы, «Студенттік Парламент», «Жайдарман», «КТА» және «Жауқазын» студенттер театры, «Алтын домбыра», «Сырлы қалам», «Кітап құрттары» және «Book club» ұйымдарының мүшелерімен кездесті.
Жиын барысында университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова студенттік өзін-өзі басқару жүйесі – болашақ мамандардың әлеуметтік белсенділігін көтерудің ең маңызды жолы екенін атап өтті.
– Университетте 2004 жылы ашылған «Ақиқат» саяси пікірсайыс клубы – ұшқыр ойлы көшбасшылардың мектебі. Бүгінде бұл ортада шыңдалып, үлкен жетістіктерге жеткен түлектер өте көп. Ұйымның барлық институтта бөлімшелері ашылды. Клуб мүшелері Қызылорда қаласындағы мектептермен тығыз байланыста. Бүгінде 25 мектепте филиалы бар. Филиалдар бойынша 250-ден астам оқушы тіркеліп, жұмыс жасауда. Жыл соңына дейін тағы да 20 мектепте филиал ашу жоспарлануда, – деді «Ақиқат» саяси пікірсайыс ұйымының төрағасы Айжан Орынбасар.
Жиында Раиса Шер дебат клубтары еліміздің әр аймағында жандана түскенін атап өтті.
-Пікірсайыс ең алдымен жастардың білімді болуына ықпал етіп, көшбасшылыққа баулиды. Сенімділікті арттырып, дипломатиялық қасиеттеріңіздің дамуына әсер етеді. Көшбасшылық қасиет сіздерге өмір бойына көмектесетін болады.
Университетте жастардың сапалы білім алуына, мәдени, спорттық шараларға қатысуына, студент кезден-ақ кәсіпкер атануына қолайлы жағдай жасалғаны қуантып отыр. Бұл – сіздер үшін үлкен мүмкіндік, – деді Райса Шер.
Бүгінде университет Қазақстан Республикасының үздік көпбейінді жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингісі бойынша ондыққа кіреді. Оқу ордасында студенттердің білім ала жүріп ғылыми ізденістер жасауы, қоғамдық шараларға белсене қатысуы, шығармашылық қабілеттерін дамытуы, кәсіпкерлік салаға бейімделуі үшін жұмыстар жүйеленген. Қазіргі уақытта 22 жастар ұйымы жұмыс жасайды.
Университеттің негізгі мақсаттарының бірі – сапалы маман даярлаумен қатар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған кәсіпкер тәрбиелеу. Оқу орнында ІТ саланы игеріп, бизнес бастаймын деген жастарға нақты қолдау бар. Студенттер арасында кәсіпкерлікті дамыту үшін «Business-START» жастар кәсіпкерлігі орталығы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта бизнес-инкубатор резиденттері 40 студентті тіркеді. Оқу орны тарапынан жас кәсіпкерлерге тиімді түрде жұмыс орны беріліп, жобаларына инвестор тарту бойынша қолдау көрсетіледі.
2020 жылы университет пен Astana Hub халықаралық технопаркі арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Меморандум нәтижесінде облысымыздағы инновациялық жобаларды дамыту мақсатында бірлескен түрде жұмыстар жүргізілуде. Бұл студенттер үшін инновациялық жобаларын халықаралық деңгейге шығаруға бағытталған үлкен мүмкіндік деуге болады.
Жиын «Дидар» халықтық фольклорлы-этнографиялық ансамблі және вокальды-аспапты ансамбльдің бірлескен концертімен қорытындыланды.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
медиа орталығы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<