Жайқалған жеміс бағы

380

0

Жосалы кентінде тұратын бағбан Мусағали Өскелең ағамызбен танысып әңгімелескелі «біздің жерге жеміс ағаштары шықпайды» дейтініміз құр сылтау екенін түсіндім. 

– Малшының баласы едім. Әскерде Германияда болдым. Көкорай шалғынды, малынған жеміс-жидекті сол кезде бірінші рет көрдім. Немістер тәртіпке бағынған халық қой, жеміс ағаштарынан керегін үзіп жейді, сындыру, бүлдіру дегенді білмейді, – дейді ол.

Екі жылдан кейін елге оралған соң, ол бақша егумен айналысты. Өзі ПМК-30 мекемесінде жұмыс істей жүріп, «Шошқакөл» деген жерден 3,5 гектарға дақылдың түр-түрін екті. Таңғы сағат 4-тен тұрып, суарып, арамшөбін отап, кері қайтады.

Кейін 90-жылдары 1 гектардай жерді өңдеп, қызанақты, қиярды, қауын-қарбызды молынан жинады. Біртіндеп өнім алу тәсілдерін жетілдіре бастады. Әсіресе, жас өскінге бой көтертпейтін арамшөптерді отаудың әдістерін ойлап тапты.

– Мәселен, жерді арамшөптен арылту үшін 1-2 сағат уақыт  жұмсау керек. Мен жерді аударып аламын да, топырақты арамшөптің былтырдан қалған дәндерінен тазартамын. Оған дейін көшеттер дайын тұрады, – дейді бағбан.

Ол бір бөлмені көшет егуге босатып, жер қызғанға дейін бой түзетіп қояды. Әлемге әйгілі агротехникалық компаниялардың әріптесі – «Беккер» ұсынған тұқым түрлері мен сорттарын, көшеттерін, жуаларын интернет арқылы тапсырыспен алдырады. Компания жіберген каталогтарда әр сорттың мінездемесі, неше күнде көктейтіні, қалай күтімге алу керектігі егжей-тегжейлі жазылған. Бағбан сондағы көрсетілген кеңестердің ізімен жүреді.

– Қазір сырт жерден келген тұқымдарды көбейтіп қойдым. Таңдаулыларын егемін. Күн райы бұзылып кетсе, үстін кленкамен жаба қоямын. Менің бақшам басқа жұрттың бақшасынан бір, бір жарым ай бұрын піседі.

Бағбан қызанақтың «Черная гроздь», «Черный принц», «Черри», «Бычье сердце»  сорттарының тұқымын біздің табиғатқа қалай үйреткенін айтты. Дәнді көшет етіп отырғызған соң, оқтын-оқтын далаға шығарып, әлсіреп бара жатса қайта үйге кіргізіп, баладай баптайды. Бір-екі аптада ресейлік тұқым жергілікті ауа-райына үйреніп кетеді. Бүгінде осы және басқа да сорттарға сұраныс жоғары. Кент тұрғындары көшеттің түр-түрін Мусағали Өскелеңнің бағынан алады.

Бақ демекші, бағбан жоғарыда айтқан 1 гектар жердің жартысына жеміс ағаштарын отырғызды. Қазір кез келген жеміс ағашын бір-бірімен будандастыруды меңгеріп алған. Жеміс ағашының нашар деген сортының өзінен будандастыру арқылы  тәп-тәуір өнім алуға болады.

– «Әйгілі апорт алмасы Қармақшыда бір үйде өседі екен» дегенді естіп, егесіне бардым. Алма ағашы қартайып қалыпты. Ағаштан бұтақ алып өз ағаштарыма будандастырдым. Қазір шығымы жақсы, – дейді.

Екі жүздей жеміс ағашы жайқалған бақта қарақаттың түр-түрі, алма, алмұрт, жүзім, өріктің түрлері өседі.  Ал бақшалық жағына қызанақтың 10-нан аса, қиярдың 17, болгар бұрышы мен баклажанның 4-5, асқабақтың «Титан» сорты егіледі.

– Күздегі берекелі шақта жиналған өнім қысқа сақтауға да, маринадтауға да, ағайын-туыс, көрші-көлемге беруге де, сатуға да жетеді. Пайдасын көріп отырмыз, – деді бағбан.

Жердің қызғанын күтіп отырған жұртшылық үйіргелік жеріне қызанақ, қияр егу үшін көшет іздейтін күн келді. Мұсағали Өскелеңнің айтуынша, бұрын көшетті базарға алып шығатын болса, қазір үйден алып кетеді.

Кейде енжарлық пен жалқаулықты ақтау үшін түрлі сылтауларды өзіміз ойлап табамыз. Соған өзіміз сеніп қалатынымызды айтсаңызшы… Әйтпесе бақты жайқалтып, бақшаның бабын тапқан бағбанмен су мен ауамыз ортақ, жеріміз бір емес пе?

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

Қармақшы ауданынан.  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<