Жолдың жарамдылық мерзімі қанша?

598

0

«Көшің көлікті болсын!» деп бата береді қазақ. Ал көліктің күрежолсыз күні қараң екені, сәйкесінше, кез келген мемлекеттің экономикасы осы инфрақұрылымсыз дами алмайтыны, көші қарқынды ілгерілемейтіні белгілі. Жол сапасы халықтың тұрмыс деңгейіне, экономиканың дамуына тікелей әсер етіп қоймай, елдің әлеуметтік-саяси жай-күйінде де маңызды рөл атқарады.


Көлік жолдары кеңейген са­йын мемлекеттің өркендеуінің, халықтың әл-ауқатының жаңа көкжиектері, зор мүмкіндіктері ашыла түспек. Экономиканың күретамыры саналатын сала туралы жол жұмыстарында 40 жылдан астам уақыт қызмет еткен Әтен Қалымбетовтен сұрап білдік.


Еңбек ардагері автожолдардың даму қарқыны елдің экономикалық өсу серпініне сәйкес болуға тиіс екенін айтады. Бұл заңдылық әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес.


– Мен еңбек жолымды 1970 жылы техник болып бастадым. Салада қызметтің барлық сатысынан өттім десем де болады. 2009 жылы зейнетке шықтым. Жалпы Тәуелсіздік алғалы бері бұл бағытта тың серпін бар. Бұл ретте ең алдымен осы уақыт ішінде жол салу техникасы жаңарғанын айту керек. Мысалы, бұрын асфальт төсейтін арнайы техника жоқ еді. Оны жаю, тегістеу жұмыстары да бүгінгіден басқаша жүзеге асатын. Техниканың түбегейлі жаңаруы сәйкесінше жол сапасының да жақсаруына септігін тигізді, – дейді Ә.Қалымбетов.


Оның айтуынша, ел тарихында бұрын-соңды қазіргідей ауқымды жол салу бойынша жұмыс жүргізілген жоқ. Оған дәлел іздеп жатпай-ақ, 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын айтсақ жеткілікті.


– Мысалы, өткен жылы республикалық маңызы бар жолдарды пайдалануға беру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 4 есе артық. Сонымен бірге, жергілікті маңызы бар 3,5 мың шақырым жолды жөндеуден және құрылыстан кейін пайдалануға беру межеленді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында былтыр облысымыздың өзінде жарты мың шақырымға жуық автожол мен көше жөнделіпті. Бұл – өте жақсы көрсеткіш, – дейді ол.


Бір сөзбен айтқанда, жол салуға айтарлықтай көңіл бөлінуде. Жөнделетін жолдың көлемі де үлкен, бөлінген қаражат та қомақты. Сала ардагері басты міндет межені толығымен және уақытында орындаумен қатар, сапаға мән беру екенін атап өтті.


– Сапалы жол орта есеппен 17-20 жылға жарауы тиіс. Жолдың талапқа сай салынбауы оның жарамдылығын 40 процентке дейін төмендетіп жібереді екен. Жұмыс сапасына назар аудармайтын болсақ, әр 10 жыл са­йын, Қазақстанның ауа райының ерекшелігін ескерсек, тіпті 4-5 жыл сайын күрделі жөндеу жүргізуге тура келеді. Сол сапасыздыққа жол бермеу керек. Бұл бағытта Жол активтері ұлттық сапа орталығы көп шара атқарып келеді, – дейді ол.


Жол активтері ұлттық сапа орталығы – жаңа формациядағы мемлекеттік кәсіпорын. Қазіргі күні жолдың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында жол активтерін басқару жүйесі мақсатты түрде жүзеге асырылуда. Енді аталған жүйе бойынша жолдардың нақты жағдайын бағалауға, жөндеудің ұтымды стратегиясын жасауға мүмкіндік ашыла түспек. Одан бөлек, осы жүйе арқылы кез келген қолданушы жол саласында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысып, қай уақытта басталып, қашан аяқталатыны жөнінде хабардар бола алады.

Сонымен қатар, орталық жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары мен елді мекендердегі, қала көшелеріндегі жүргізілген жұмыстарға және қолданылатын материалдардың сапасына сараптама жасауды да назардан тыс қалдырмай келеді.


Одан өзге, халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын талапқа сай да­йындауды жұмылдыру шараларын жүзеге асыру және жол-көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін бақылау да осы мекеменің негізгі құзыретіне кіреді. Бұл «барлығы керемет, барлығы тамаша» деген сөз емес. Әтен Қалымбетов кем­шіліктердің бәрі уақыт енші­сіндегі шаруа екенін айтады.


– Қызылорда жолдарының сапасы өзге өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары деп есептеймін. Оған бірден-бір себепші фактор өңіріміздің климаты болса керек. Орын алған олқылықтар мен қателіктердің де саны азаяр, сапа да артар. Дегенмен, маман ретінде «Қызылорда-Жезқазған» тасжолы мәселесі ойландырады. Жақында Үкімет үйінде өткен жиында осы жолдың биыл жөнделетіні айтылды. Мен 1974 жылы жобалау институтының мамандарымен бір­ге барып, Қызылордаға дейінгі нүк­телерін, белгілерін орнату жұ­мыстарына қатысқан болатынмын. Сол уақыттан бері ілгерілеу байқалмады.

Биыл жөндеу басталса бұл мәселе де оң шешімін табады деп сенемін, – дейді еңбек ардагері.

Биболат СӘТЖАН,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<