Байқоңырдан «Сұңқар» зымыран тасығышы ұшырылды

5

0

Фото: © Сергей Савостьянов/ ТАСС

Кеше Байқоңыр ғарыш айлағынан «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешені арқылы «Союз-5/Сұңқар» перспективті зымыран тасығышының алғашқы сынақ ұшырылымы сәтті жүзеге асырылды. Бұл ғарыш айлағы тарихындағы маңызды бетбұрыс болып саналады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі таратқан ақпаратқа қарағанда, ұшу-конструкторлық сынақтар аясында зымыранның бірінші және екінші сатылары штаттық режимде жұмыс істеп, габариттік-массалық макет есептелген траекторияға сәтті шығарылған.

Бұл еліміздің әлемдік ғарыштық қызмет көрсету нарығындағы үлесін арттыруға, күрделі инженерлік нысанның пайдалануға дайын екенін растады.

«Бәйтерек» кешенінде жерүсті инфрақұрылымын жаңғырту, ұшыру жүйелерін басқару, жанармай құю және қауіпсіздік жүйелерін салу мен бейімдеуде ауқымды жұмыс атқарылған.

Автоматтандыру және қауіпсіздік талаптарына толық жауап беретін заманауи кешен құрылған.

Зымыран кешенінің сәтті ұшырылуы ғарышты игеруде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Еске салайық, «Бәйтерек» БК» АҚ – Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны. Экологиялық қауіпсіздіктің жоғары деңгейімен, экономикалық тиімділігімен және ұшу алдындағы операциялардың толық автоматтандырылуымен ерекшеленеді.