Жүйелі жұмыс – табыс кілті

341

0

Қоғамның даму барысын көңілде биік, істе мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес. Себебі, бүгінде нәзік жандылар қоғамның қай саласында болсын ерлермен иық тіресе жұмыс істеп жүр. Қазіргі таңда республика бойынша кәсіпкер қыз-келіншектердің қатары артып келеді. Солардың бірі – Ғазиза Мұңайтбасова. Ол түрлі емханаларда еңбек етіп, тәжірибе жинаған.

  Мұнда металлокерамика, жұмсақ протездер, оксидті-цирконды қаптамалар, винир, брекет салу, тісті қайта қалпына келтіру, тіс жұлу және емдеу ісі жолға қойылған. Барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған емханада тәжірибелі мамандар жұмыс істейді. Бүгінде кәсіпкер тұтынушыларға көмек көрсетіп, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр.

– Емхана ашпас бұрын тәжірибе мен абырой жинау керек. Пациенттердің қолдауынсыз кәсіп алға баспайды. Мен өз кәсібімді ашу үшін ұзақ уақыт бойы дайындалдым. Өзімнің осы саланың маманы әрі тәуелсіз адам екенімді түсінген кезде ғана жеке емхана ашу туралы шешім қабылдадым, – деді кәсіпкер.

«Алистом» жеке стоматологиялық клиникасын ашты. Былтыр кәсібін кеңейтуді ұйғарып, жылжымайтын мүлік пен құрал-жабдықтар алу үшін «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы 14%-пен несие алған. «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жылына 6%-ін төлеп, қалған 8% айырмасы мемлекет тарапынан субсидияланған.

Айтуынша тіс дәрігері боламын деп бұрын-соңды ойламаған. Бала кезінде денсаулығы сыр беріп, қатты ауырған. Дәрігерлердің көмегімен ауруды жеңіп, қалыпты өмірге қайта оралған.

– Қандай мамандық таңдаймын деп ойланбадым. Бар ынта-жігеріммен медицина саласында жұмыс істеуді қаладым. Мүмкін бұл аурудан айығуыма себепші болған дәрігерлерге деген алғысым шығар. Дәл осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше ем іздеп келген жандарға кішкене болса да көмегім тисе қуанамын, – дейді.

Өз ісінің шебері, үй мен түздің шаруасына уақытылы үлгеріп, тиянақтылық танытып жүрген кәсіпкердің еңбегі елеусіз қалып жатқан жоқ. Ел игілігі жолында еңбек етіп келе жатқан білікті маман қашан да қоғам назарынан тыс қалмайды.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<