Жылу маусымына дайындық пысықталды

470

0

Кеше облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда жылу маусымына дайындық барысы және мүлік  иелерінің бірлестігі институтын құру бағытындағы мәселелер талқыланды. Жиынға тиісті басқарма басшылары,  селекторлық режимде аудан, қала әкімдері қатысты.

– Халқымыз «қыстың  қамын жазда ойла» деп бекер айтпаған. Осы бастан тиісті жұмыстарды атқарып, мәселелерді жүйелі түрде шешсек, қыстан қамсыз шығатынымыз анық. Алдыңғы аптада тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар басшыларының есебі тыңдалды.   Алдағы жылу маусымына облыс бойынша 1064 әлеуметтік нысан дайын болуы тиіс. Жауапты мамандарға алдын ала ескертемін, 1 қазанға осы мекемелердің барлығы сақадай сай болуы қажет, – деді Мархабат Жайымбетұлы.

Мәжілісте жылу маусымына дайындық барысы туралы облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Дәрібаев баяндады.

Оның айтуынша, алдағы жылу беру маусымына кәсіпорындар дайындық жұмыстарын бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізуде. «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның дайындық жұмыстарына жалпы көлемі 784,1 млн теңге  қаржы қарастырылған. Қазіргі кезде кәсіпорын бойынша жоспарланған жөндеу жұмыстарының 63 проценті іске асқан. Атап айтсақ, негізгі қондырғылардың жөндеу жұмыстары  40 процентке, оңтүстік қазандықтың жөндеу жұмыстары, ВОНО қазандықтары толықтай, КЕ маркалы қазандықтар 76 процентке, АБМҚ-лар 65 процентке, ОРУ-220/35 толығымен, «Қазалы Теміржолжылу» қазандықтарын жөндеу жұмыстары 25%-ке орындалған.

– Облыста 1064  әлеуметтік нысан бар. 529 білім  беру нысанының 196-на, 288 мәдениет, спорт саласы нысанының  147-не, 247 денсаулық сақтау нысанының 79-на жөндеу жұмыстары жүргізілді. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 835 көпқабатты тұрғын үйдің 25%-і дайын. Биыл 23 әлеуметтік нысанның жылу қазандықтарын қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. 4 нысан бойынша  мердігерлері анықталды. Сонымен қатар, білім басқармасына қарасты нысандардың қазандықтарын құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестендіру үшін 11 нысанның жоба -сметалық құжаттамалары әзірленіп, сараптаманың қарауына ұсынылды, – деді басқарма басшысы.

Қала және аудан әкімдіктерінің жоспарларына сәйкес әлеуметтік сала нысандарына алдағы жылу беру маусымында  34 мың тонна қатты және 24 мың тонна сұйық отын, ал жергілікті тұрғындарға 142 мың тонна көмір қажет. Нақты бүгінге тұрғындарға 3,5 мың тонна, әлеуметтік салаға 1,1 мың тонна  жеткізілген.

– Биыл 30 мамырда Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі М.Қарабаевтың бюджеттік ұйымдар мен халықты көмірмен қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес, 1 шілдеге дейін бюджеттік ұйымдар үшін  көмір дайындау жұмыстарын аяқтау және 1 шілдеден халық үшін көмір дайындауды бастау қажет болатын. Алайда, қала  және аудан тарапынан ұсынылған көмір қажеттілігінің жоспарына сәйкес бюджеттік ұйымдарға және тұрғындарға көмірді жеткізу мүлдем жоспарланбаған. Бұл өз кезегінде алдағы жылу беру маусымын сапалы және тұрақты өткізуге кері әсерін тигізуі және жергілікті тұрғындар арасында наразылық туғызуы ықтимал.  Осыған орай, бюджеттік ұйымдар мен халық үшін көмір жеткізу шараларын күшейту үшін, көмір жеткізуші кәсіпкерлердің өтінімдеріне сәйкес келісілген жоспарды ұсыну қажет, – деді Айдос Дәрібаев.

Сондай-ақ, басқарма басшысы коммуналдық қарыздарға да тоқталды. Биылғы 1 шілдеде облыс бойынша тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін берешегі 1495 млн теңгені құрап отыр.

Мемлекет басшысының «Мүлік иелерінің бірлестігі» институтын енгізу тапсырмасына сәйкес облыста біршама жұмыстар атқарылуда. Жаңа басқару формасымен құрылуы қажет  913 көпқабатты тұрғын үй толығымен басқарудың жаңа формасына көшкен.  Дегенмен, бүгінгі күнгі жағдай бойынша басқарудың жаңа формасын құру жұмыстары толыққанды аяқталмай отыр.

Мәжілісте осы мәселеге байланысты да Айдос Дәрібаев хабарлама жасады. Оның айтуынша, өңірдегі жаңа басқару органына өткен 913 үйден 88 үй кондоминиум нысаны ретінде әділет органына тіркелген. Оның ішінде, Шиелі ауданы 38 үйді кондоминиум нысаны ретінде тіркесе,  Қызылорда қаласы мен аудандарда  мүлдем тіркелмеген.  Қазіргі уақытта 825 үй Әділет органына тіркелу қажет.

– Бұл жағдай келер жылға көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуге бюджеттік ұсыным өткізуге кедергісін тигізуде. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен бекітілген «Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу» тәртібінде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен, оның ішінде бюджеттік кредит түрінде бөлінген кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне жөндеу жүргізу үшін оны қажет ететін әрбір үй кондоминиум нысаны ретінде тіркелуге міндетті. Осыған сәйкес, келер жылға қаржыландыруға кірмей қалу қаупі бар, – деп атап өтті басқарма басшысы.

Сондай-ақ, тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес, қала және аудан әкімдіктері өз құзыреті шегінде көпқабатты тұрғын үй шығыстарының ең төменгі мөлшерін әзірлеп, бекітуі қажет болатын. Алайда кейбір аудандарда ол жұмыс орындалмай келеді.

Көтерілген мәселелер бойынша қала және аудан әкімдері түсінік берді, атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндады.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов қала және аудан әкімдері мен тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<