Конституция

Аңқау елге арамза астролог

6

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

шілде айы және хабар «тауар» болған заман

Шілде айы тумай жатып, үш-төрт күн ыстықтан «ысы­ратқа» түстік.

Синоптиктердің айтуын­ша, биылғы жазда еліміздің көп бөлігінде – Түркістан, Жамбыл және Алматы, Жеті­су облысында, Қызыл­орда об­лысының басым бөлі­гінде, сондай-ақ Ұлытау, Қара­ған­ды, Абай және Шығыс Қа­зақ­стан облыстарының кей­бір ау­дандарында ауа темпера­ту­расы нормадан жоғары болады дейді. Біздің норма 40 қой, шіл­­денің алғашқы аптасы күн ыстықтығы 30 бен 39 арасын алып, сосын тағы көтеріле тү­седі.

Осыған тоқтайық. Ал, енді бір білгіш биыл аспан өрте­нетін ыстық болады, бұл жер бетін ауру-сырқаудан арылту үшін жасалып жатқан табиғат «қамқорлығы» деп соқты.

Ыстық болса, бола берсін. Әрі-беріден соң ыстық дегенің адам ағзасына қаншама пайда әкелетінін біл.

Күн сәулесі – бактерия­лар­ды өлтіреді. Тері күнге не­­ғұрлым күйген сайын, бак­те­рияларды жоятын қуат со­ғұрлым көбейе түседі. Ультра­күлгін сәуленің әсерінен тері тез қызарып, ағзаның зат ал­масуы, қан айналысы жақса­рады.

Осы ыстықта қазақ ыстық шай ішіп отырады. Ыстық күні шай ішу: метаболизмнің жақсаруына ықпал етеді; жұқ­палармен күреседі; ыстық шай біздің иммунды жүйені жақсарта алады (коронавирус кезінде бізге күшті иммун көмектесті); арықтауға септе­седі, т.б. Бірақ, шайға қасықтап қант салып ішу әдетінен арылу керек, оның орнына жеміс-жи­дектер, лимон, жалбыз, зім­бір қосып ішкенің дұрыс. Шіркін, қойдың қою сүтімен ішкен шай қандай!

Қазір интернетте сүтпен шай ішу зиян деген ақпараттар кездесіп қалады. Олар менің ата-бабамнан ақылды емес. Зерттеулер көрсеткендей, сүт шайдың тек бірнеше қасиетін бәсеңдетеді. Ал оның қосып беретін пайдасы одан бірнеше есе көп. Біздің бір самаурынды бір өзі тауысатын әжелеріміз мұны оқымай-ақ білген.

Кеше ғаламтор көзіне шұқ­­шиып отырып, тағы бір ақ­паратқа кезіктім. «Бір мил­лиард жылдан соң біздің «Құс жолы» ғаламшары басқа бір ға­ламшармен соқтығысып, әлем апатқа ұшырайды-мыс.

Галилей мен Гершельге сәлем айт болды, бұл. Мил­лиард жыл кейінгіні біле­тін мұндай пайғамбар ғалым­дар­дың болжамы «аңқау елге арамза молда» дегеннің бір кейпі ғана. Шынында оған мил­лиард жылдан кейін сүт түс­тес түнгі аспанға қарап тұрып, «Құс жолы» қирайды дегенің қайда дейтін кім бар? Осы бір қарапайым ғана ак­сио­маны білетін «астро­лог­тың» қандай «маңызды» ха­бар таратып отырғанын қа­ра­ңызшы. «Аспан шырағына тиіс­пе, ол – бір Жаратушының мүлкі» деп ең болмаса имам­дар айтсайшы.

«Көп айтса – көнді, жұрт айтса – болды» сене бере­тін­дерге таңмын. «Пай­ғам­бар айтты десе де, әулие айтты десе де, ақыл қабыл алмаса, ол маған жат» деген шіркін, Шәкәрім!

Айтпақшы, әлгі бір хабар­ды естіп, ауырып жатқан ағам онан сайын нашарлап қалды. «Бұл шілде жер бетін ауру-сырқаудан тазалайды екен» деп жатса, қайтсін, енді.

Қазір ақпараттық сауда за­маны, хабар тауарға айнал­ғалы қашан. Өтірік болса да бірдеңе айтады, оны ақшаға сатады. Сондықтан, айтты екен деп сене берудің жөні жоқ.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»