Қызылорда қаласының іргесінде қоныс тепкен, табиғаты тамылжыған Баймұрат ауылы – береке мен бірліктің мекені. Ауылға кіргеннен жанға жайлы тыныштық пен адамдар арасындағы сыйластық бірден сезіледі.
Бұл ауылды көпшілік әлі күнге дейін МИС деп атайды. Себебі ауыл тарихында ерекше орын алатын бір кезең бар. Кеңес дәуірінде, нақтырақ айтсақ, Қазақ ССР Үкіметі мен Қазақстан Коммунистік партиясының Қызылорда облыстық комитетінің шешімімен бұл жерде Машина сынау станциясы ашылған болатын. Бұл станция республика көлемінде баламасы жоқ, бірегей кәсіпорынға айналды. Ол аймақтағы күріш шаруашылығы, суармалы егіншілік пен мал шаруашылығы бағытында қолданылатын жаңа техникалар мен технологиялық кешендерді сынақтан өткізіп, олардың тиімділігін дәлелдеп, өндіріске енгізумен айналысты. Мұнда жүзден астам инженер-техник пен өндіріс мамандары еңбек етті. Олар елдің ауыл шаруашылығын дамытуға өлшеусіз үлес қосып, МИС атауын тарих бетінде қалдырды. Ауыл 1997 жылға дейін Сырдария ауданына қарады. Кейін Қызылорда қаласына қарасты «Ақжарма» ауылдық округі болып қайта құрылды. Округ құрамына Баймұрат батыр және «Талдыарал» елді мекені кірді.
Міне, тарихы 1958 жылдан бастау алатын Баймұрат ауылында бүгінде мыңнан астам тұрғын түтін түтетіп отыр. Мұндағы елдің ынтымағы, ағайынның ауызбірлігі нағыз қазақы болмыстың көрінісі іспетті.
Өміршең өзгерістер лебі
«Ақжарма» ауылдық округі үшін өткен жыл табысты болды. Ауыл әкімі Саттар Әбдіреевтің айтуынша, мұнда бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып, ел игілігіне бағытталған толымды тірліктер атқарылған.
Мәселен, Баймұрат батыр ауылында құны 422,5 млн теңге болатын жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысы толық аяқталып, халыққа қызмет көрсетуде.
Ауылдық округті табиғи газбен қамту жұмыстары да қарқынды жүргізілді. Жобаның жалпы құны 1 млрд 260 млн теңгені құрайды. Жеңімпаз мердігер – «СМП Қызылорда» ЖШС құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың тамызында бастап, жоспарланған мерзімнен ерте аяқтаған. Жыл соңында газ жүйесін іске қосып, халықтың қуанышын еселей түсті.
Сондай-ақ «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында «Талдыарал» елді мекенінің 1-көшесіне 2,9 млн теңгеге, ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Баймұрат батыр ауылының Тоғай-1 көшесіне 4,2 млн теңгеге түнгі көше жарығы орнатылды. Бұл ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Мұнан бөлек, Баймұрат батыр ауылындағы жаңадан қалыптасқан көшелерге тас жол төсеу үшін былтыр 31,1 млн теңге бөлініп, оның ішінде 19 көшенің екеуіне қиыршық тас төселді. Ал «Талдыарал» елді мекенінде 1,9 млн теңгеге балалар ойын алаңы салынып, ауыл балалары үшін заманауи демалыс орны пайда болды.
– Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру – біздің басты мақсатымыз. Өткен жылы округке қарасты елді мекендерде көше атаулары жазылған тақтайшалар орнатылды. Көктемгі көркейту-көгалдандыру айлығы аясында мекеме қызметкерлері белсенділік танытып, сенбілік шараларына атсалысты. Нәтижесінде 700-ге жуық Сыр талы мен терек көшеттерін отырғыздық. Егілген көшеттер дер кезінде күтіп-бапталып, жерсіндіру шаралары жалғасуда. Сонымен қатар, әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасының біріне көмек көрсетіліп, үй маңына шарбақ орнатылды. Бұл игі іс ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың бірі болды. Елдің жағдайы қашанда бірінші орында. Әрбір қолға алынған іс ауылдың өркендеуіне қызмет етуі тиіс, – дейді ауыл әкімі.
Ауылды көркейту бағытындағы іс өз жалғасын табуда. Атап айтсақ, Баймұрат батыр ауылында жаңадан қалыптасқан көшелерге тас жол төсеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 323,3 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, 19 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстарының 90 пайызы орындалған. Жобаның жалпы құны – 372,4 млн теңге.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында «Талдыарал» елді мекенінің 1-көшесіне жарық орнатуға 3,1 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу рәсімдері басталды. Сонымен қатар, ауылды аяқсумен қамтамасыз ету бағытында көше арықтары тазартылып, су өткізу жүйелері қалпына келтірілді. Көркейту-көгалдандыру айлығы аясында ауыл мекемелері мен ұйымдары сенбілікке шығып, 500-дей Сыр талы мен терек көшеттері егілді.
Ауыл инфрақұрылымын дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалар мұнымен толастамайды. Биыл Баймұрат батыр ауылында жалпы құны 182,0 млн теңге болатын аяқсу жүйесіне науа (лоток) орнату және ұзындығы 3,15 шақырым болатын 5 көшеге жаяу жүргіншілер жолын (тротуар) салу үшін 73,9 млн теңгеге жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өтіп, республикалық бюджетке тиісті өтінім жолданған. Сондай-ақ «Талдыарал» елді мекенінде су тарату насос станциясының (водозабор) құрылысы басталмақ. Қазіргі уақытта жоба қолдау тауып, оң нәтижесін алды.
– Ауылға жабық спорт кешенін салуды жоспарлап отырмыз. Жоба демеушілік негізде іске асырылмақ. Қазіргі таңда «МКЗ Проект» ЖШС-мен жоба-сметалық құжат әзірленуде. Одан бөлек ауылдың шет аймағында жаңадан бой көтерген 10 көшеге ауызсу жүйесін тарту үшін «AST Group 2030» ЖШС-ның демеушілігімен жобалық құжаттама дайындалуда. Мұндай ауқымды жұмыс «Талдыарал» елді мекенінде де жүзеге аспақ. Ол жақтағы жаңадан игерілген аумақтарға электр желілерін тартуды «Ер-Қанат Сервис» ЖШС міндетіне алып, құрылыс жұмыстарын биыл аяқтауды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны – 43,1 млн теңге. Алдағы уақытта ауылдық округте алма бағын өсіру, сондай-ақ көшелерді абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жобаларға сметалық құжаттар әзірлеу қарастырылған, – дейді Саттар Әбдіреев.
Кәсіпке қолдау бар
Баймұраттықтар мемлекеттік бағдарламалардың да игілігін көруде. Мәселен, өткен жылы ауылда 74 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, соның ішінен жаңадан 8 кәсіпкерлік нысан ашылып, 8 адамға қосымша тұрақты жұмыс орны ұсынылды. Мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында жалпы құны 30,5 миллион теңгені құрайтын 7 жоба қаржылай қолдауға ие болды. Атап айтқанда, қайтарымсыз гранттар аясында 5 жоба 400 АЕК көлемінде, жалпы 7,4 млн теңге сомасына қолдау тапты. «Микробизнес – Қызылорда» бағдарламасы шеңберінде Өңірлік инвестициялық орталық микроқаржы ұйымы арқылы 3,0 млн теңгеге 1 жоба қаржыландырылған. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 20,1 млн теңге көлемінде 1 жоба несиеге қол жеткізді. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2 жоба ұсынылып, соның бірі – асылтұқымды ірі қара мал өсіру жобасы қолдау тауып отыр. Ал биыл ӨИҚ арқылы жеңілдетілген несие алуға 1 жоба (жылыжай), «Ауыл аманаты» бағдарламасына 1 жоба (ТЖО) ашуға құжаттар рәсімделуде.
Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында өз кәсібін бастап, ел игілігіне еңбек етіп жүрген ауылдағы кәсіпкердің бірі – Таңшолпан Асылбекқызы. Оның кәсіпкерлік жолы 2019 жылы «Бастау-Бизнес» жобасына қатысудан басталған. Жобаны сәтті аяқтаған ол 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант ұтып алып, құс шаруашылығын қолға алады. Одан бөлек мал шаруашылығын дамыту мақсатында жұбайы екеуі жеңілдетілген 6 пайыздық несие алып, жылқы басын көбейтті. Сондай-ақ Агрокорпорация арқылы да 2,5 пайызбен қосымша қаржы алып, тағы да жылқы басын арттыруға кіріскен.

– Алғашқыда тек грант есебінен жұмыс бастадым. Кейін жылқы шаруашылығын қолға алдық. Шүкір, жаман емес, кәсібім жүріп тұр. 2023 жылы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, ауылда әлеуметтік дүкен де аштым. Бұл дүкен арқылы тек халыққа көмек көрсетіп қана қоймай, үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Бұған қоса, мемлекеттен тағы екі қызметкердің жалақысын субсидиялау туралы келісім жасадық, – дейді кәсіпкер.
Қазір кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жылыжай салу жобасын ұсынып, оны жүзеге асыру үшін тиісті органдарға өтініш білдірген. Жоба қаралу үстінде.
– Біздің басты мақсатымыз – ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға үлес қосу. Мемлекет қолдаса, ниет болса, кез келген адам кәсіп аша алады. Бастысы – сенім мен еңбек, – дейді ол.
Таңшолпан Асылбекқызының табысты жолы – ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуда мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін айғақтайтын жарқын мысал. Оның тәжірибесі – басқа ауыл тұрғындарына да үлгі.
Әлеуметтік ахуал басты назарда
Ауылдық округте әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналардың мұң-мұқтаждары да ұдайы назарда. Былтыр 31 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалса, биыл 11 отбасына берілді.
– Соңғы жылдары әлеуметтік көмек алушылар санының азаюы қуантарлық жағдай. Бұл – тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту, мемлекеттік бағдарламаларға тарту сияқты шаралардың оң нәтижесі. Басты мақсат – халықты жәрдемақыға тәуелді етпей, өз күнін өзі көре алатындай жағдайға жеткізу. Осы ретте сала мамандарымен бірлесіп еңбек етеміз, – дейді ауыл әкімі.
Әлеуметтік қолдау мұнымен шектелмейді. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін қайырымдылық акциясы аясында да отбасыларға көмек көрсетілуде. Өткен жылы 45 отбасыға азық-түлік, оқу құралдары, киім-кешек табысталған. Әсіресе жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналарға бұл үлкен қолдау болды. Сонымен қатар 1 маусым – Балалар күні мен жаңа жыл мерекесі аясында ауылдағы демеушілер мен кәсіпкерлер белсенділік танытып, балаларға сыйлықтар үлестіреді.

– Бұл үрдіс биыл да жалғасын тапты. Қайырымды жандардың қолдауымен 7 отбасыға азық-түлік таратылды. Мұндай игі бастамалар жалғасады, – деп атап өтті Саттар Бейбітұлы.
Мемлекеттің басты тірегі – білімді, білікті, іскер де белсенді азамат. Осы орайда жастарды заман талабына сай тәрбиелеу, ел ертеңіне бейімдеу – басты міндет. «Ақжармада» 2 орта мектеп, «Ина-Жан» балабақшасы, мектепке дейінгі даярлық тобы, мәдениет үйі және 35941 дана кітап қоры бар №9 және №10 кітапханалар халыққа қызмет көрсетуде. Бүгінде кітапхананың 1355 тұрақты оқырманы қалыптасқан. Ал «Ақжарма» мәдениет үйінде 5 үйірме, 15 қызметкер халыққа қызмет жасауда. Үйірмелер қатарында «Сыр орда» вокалды-аспапты ансамблі, «Сәулем-ай» әжелер ансамблі, ән-әуен, көркем сөз оқу, «Мерей» би топтары бар. Үйірме мүшелері түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, алдыңғы орындардан көрінуде.
Ауылда бұқаралық спорт түрлері де қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда 2 спорт үйірмесінде (грэпплинг және қолтық күрес) 100-ге жуық жасөспірім тұрақты түрде спортпен айналысады. Олар қалалық, облыстық, тіпті республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленуде.

Ақжармалықтар қашанда білім мен тәрбие ісіне ерекше мән береді. Әсіресе өскелең ұрпақтың саналы, тәрбиелі болып өсуіне ата-аналармен қатар №218 және №215 орта мектептердің де үлесі ұшан-теңіз. Бүгінде бұл білім ошақтарында 570 оқушы бар. Биыл Баймұрат батыр ауылында 11-сыныпты 12 оқушы, «Талдыаралда» 9 оқушы тәмамдады. Олардың екеуі «Алтын белгіге», тағы екеуі «Үздік аттестатқа» үміткер.
– Балалардың тәртібі мен тәрбиесі, сапалы білімі біз үшін әрдайым бірінші орында. Шүкір, оқушыларымыздың жетістігі қуантады. Мәселен, «Алтын белгіге» үміткер түлегіміз ҰБТ-дан 125 балл жинап отыр. Алда әлі бір мүмкіндік бар. Былтыр қала мектептері арасында 2-орын алған едік. Биыл да үздік үштікке кіреміз деген үміт пен сенім зор, – дейді мектеп директоры Елдос Әбдіжаппарұлы.
Жазғы маусымда мектеп жанынан лагерь ұйымдастырылып, 30 бала қамтылды. Көбіне әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан оқушылар демалысқа тартылды. Мұнда спорттық, пәндік, би үйірмелері жұмыс істеп, балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік жасауда. Мектеп ұжымы оқушыларды барынша қамтуға тырысуда. Ата-аналар кеңесімен қатар, аталар мен әжелер кеңесі де белсенді жұмыс істейді. Аталар кеңесіне ауыл ақсақалдары, әжелер кеңесіне тәжірибелі ардагер ұстаздар мүше болып, жас буынға ақыл-кеңестерін айтып, өнеге көрсетуде.
Жалпы біздің түйгеніміз, ауылды өркендетуге бағытталған нақты жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»