Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №37 мекемесінің ұйымдастыруымен Қарттар үйінде тағылымды шара өтті. №37 мекемесінің әкімшілігі жазасын өтеп жатқан өнерлі азаматтарды Қызылорда қаласындағы Қарттар үйіне алып барып, концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
Шараға мекеме бастығының орынбасары, әділет майоры Жеңіс Ернияз, тәрбие бөлімінің бастығы, әділет майоры Бауыржан Сәметов және Адам құқықтарын қорғау жөніндегі бас маман Камшат Шарипбаевна Мадиева қатысты.
Он жеті жазасын өтеуші қарияларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ән шырқап, күй тартып, жүрекке жететін өлеңдер оқыды. Домбыраның күмбірі мен әсем ән қарттардың көңілін бір серпілтіп, әсерлі кешке ұластырды.
Концерт барысында жазасын өтеушілер халық әндерін орындап, туған жер, ана, өмір туралы әсерлі шығармаларды оқыды. Қариялар да өнер көрсеткен азаматтарға ақ батасын беріп, ризашылықтарын жасырмады.
– «Көңіліміз бір серпіліп қалды. Домбыра тартып, ән айтып, концерт қойды. Осындай жақсы көңіл күй сыйлаған мекеме әкімшілігіне және келген азаматтарға алғысымыз шексіз», – деді қарттар үйінің тұрғындары.
Шараның басты мақсаты – жазасын өтеушілерді адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелеу және олардың қоғаммен рухани байланысын нығайту.






