«Бақытты отбасы» АӘК тағайындаудан басқа қандай қолдау көрсетеді?

1674

0

Қызылордада «Бақытты отбасы» орталығы бар. Қиналғанға демеу болып, көмек сұрағанға заңға сәйкес қолдау білдіру негізгі міндеті. Ел бұл жерде атаулы әлеуметтік көмекке құжат дайындалатынынан хабардар. Иә, жыл басында қалалық «Жұмыспен қамту орталығы» кең ғимаратқа көшіп, жаңа атауға ие болған еді. Төтенше жағдай режимі аяқталған соң «Бақытты отбасының» қандай екенін көрмекке арнайы бардық.

Карантин жағдайына байланысты қызуымызды өлшеп, антисептик ұсынып қарсы ал­ған мамандар келушілерді тек талон арқылы кіргізуде екен. Байқағанымыз кезек аулада ұйымдастырылып, орталық ішін­де көп адамның топтаспауы қадағалануда. Ал орталық бас­шысы Ернұр Бихожаевпен әң­гі­мелесу барысында жаңа ғи­маратқа көшу қандай өзгерістер алып келгенін бағамдадық.

Бұрын атаулы әлеуметтік көмек алу не жұмыссыздық сынды мәселемен келген адам түрлі мекемеге барып анықтама жинауға мәжбүр болатын. Ай­талық, жалғызбасты анадан АӘК-ке өтінім қабылдарда егер оның некесі бұзылса, алимент туралы анықтама талап етіледі. Сондықтан ол жеке сот орындаушылар палатасына да барып құжат әкеледі. Сондай-ақ, кейбір көмекке қол жеткізу үшін отбасы ережеге сай бір елді мекен шегінде болуы қажет. Кейде күйеуі екі баласымен Тасбөгет кентінде, әйелі екі баласымен қалада тіркелетін жағдайлар да кездеседі. Сондықтан олар бұл орталықтан бөлек, бір ел­ді мекенге тіркелу үшін ХҚКО-ның да қызметіне жүгінеді. Ал «Бақытты отбасы» орталығы осындай мемлекеттік мекеменің өкілдерін жинап, ортақ бір ғи­маратқа топтастырды. Бұл адамдарды анықтама үшін жан-жаққа жіберіп, қиындық тудырмаудың ең оңтайлы жолы болды. 

Өзгерістің бұдан бөлек те жақсы жағы бар. Бұрынғы ғима­ратта 20 адамға арналған күту залы мен әрбір келушінің жеке кабинетте қабылдануы кезек күткендердің ашуын келтіретін. Жабық кабинетке қарап, «шынымен мамандар құжат қабылдап жатыр ма, неге ұзап кетті» дегендей наразы пікірлер де айтылмай қалмайтын. Ал қазір 120 адам күту залында кезегін күтсе, 30 адам арнайы терезелерге барып, келген жұмысын айта алады. Сонда орталық бір мезетте 150 адамды қамтиды. Ең тиімдісі кең залда әр маманның келушіні қабылдап, құжат толтырып, ол туралы мәліметтерді жүйеге енгізіп отырғаны кімге болсын көрініп тұрады. Яғни, «Бақытты отбасы» жаңа «Open space» форматы бойынша жұмыс істейді.

Сондай-ақ, үйде бала қа­раумен отырған аналарды бір жерге барарда «баланы қайда қалдырамын, кімге тапсырамын» деген сұрақ мазалайтын. Бұл – барлық отбасыға таныс жағдай. Жаңа орталықта осы мә­селе де ескерілген. Кіш­кен­тай бүлдіршінін ертіп орта­лыққа келген аналар құжат тап­сырарда баласын залдағы ойын алаңына қалдыра алады, себебі кеңесші мамандарға  сол уақытта балаларға бас-көз болу тапсырылған. Ал, «Ана мен бала» бөлмесінде сәбиді жұбатып, киімін ауыстыруға, дайын тұрған жөргөктер мен киімдерді пайдалануға болады.

Орталыққа өмірде тауы шағылып, амалы таусылған ана­лардың жиі көмек сұрап ке­летіні белгілі. Сондықтан мұн­дай жандарға дер уақытында қолдау көрсету үшін психолог кабинетін ашу мен заңдық тұрғыда кеңес беретін заңгер алу жоспарлануда. Орталық бас­шысының айтуынша, мұнда келген жандардың жағдайы әртүрлі. Айталық, кейде АӘК алу өтінішімен келген, шынымен көмекке мұқтаж, шырылдап жүрген ананың атында жылжымайтын мүлік бар болып шығады. Көлік, автобус сынды техникалар тіркеліп тұрады. Ал табыс табуға болатын арнаулы техникалар отбасыға кіріс көзі болып есептеледі. Сондықтан «шынымен көлігім жоқ» деген адамдарға жол көрсетіп, құ­зіретті органдарға шағым біл­діруге заң тұрғысынан кеңес берілуі қажет.

Бүгінде орталықта үш бөлім бар. Жұмыссыздарды тіркеу және жұмыссыздарға жолдама беру бөлімі, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке өтінім қабылдау және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының кіші бағыттары, яғни қоғамдық жұмыс, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, же­ңілдетілген несие, гранттық қар­жыландыру бағыттарын жү­зеге асыратын үшінші бөлім бар.

Көпшілік «Бақытты отбасы» орталығында АӘК алу үшін құ­жаттар дайындалатынынан хабардар. Ал мұнан бөлек тағы қандай бағыттар бойынша көмек алуға болады?

– Жұмыссыздарды тіркеу жә­не жұмыссыздарға жолдама беру бөліміне «жұмыссызбын» деген кез келген азамат келе алады. Жұмыспен қамту орталығы – өңірдегі «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңды іске асыратын негізгі ұйым. Бұл мекеме барлық жұмыс беруші мекемелердің меншік нысанына қарамастан бос жұмыс орындарына өтінім қабылдайды. «Біріне электрик, біріне сантехник, біріне жүргізуші керек» деген мәліметтердің барлығы орталықта шоғырлануы қажет. Кез келген азамат жұмыс сұрап келген кезде бірінші кезекте осы бос жұмыс орындары ұсынылады. Ал тізім апта са­йын жаңарады. Мұнан кейін сол жұмыстардың ішінен өзі­не ыңғайлысын таңдаған аза­мат не азаматша жолдама талап етіп, сол арқылы жұмыс беруші мекемемен сұқбат жүр­гізеді. Ол бөлімнің тағы бір ау­қымды қызметі жұмысынан айырылған кез келген әлеуметтік сақтандыру қоры қатысушы­сы­ның 40 проценттік әлеуметтік төлем алуына көмек көрсетеді. Бұл жұмысынан айырылған адамдарға берілетін мемлекеттің қолдау шарасы. Одан бөлек арнайы топтағы азаматтардың жұ­мыспен қамтылуын да ұйым­дастырады, – деді Ернұр Ба­уыр­жанұлы. 

Ал, «Еңбек» мемлекеттік бағ­дарламасы бойынша жастар практикасына соңғы 2-3 жылда диплом алған, өз кәсібі бойынша жұмыс істемеген адамдар тартылады екен. Мәселен, заң саласына қатысты мамандық алып, сот, прокуратура, ішкі істер органдарында жұмыс істеген болса, жастар практикасымен жұмысқа бара алмайды. Ал, курьер, слесарь сынды басқа салада жұмыс істеген жағдайда қызметке орналасып, тәжірибе жинауына мүмкіндік бар.  Өйткені, бұл – әлеуметтік лифт.

Сондай-ақ, орталыққа жұмыс сұрап келсеңіз қоғамдық жұмыс бойынша да қызметке орналаса аласыз. 

– Қоғамдық жұмыс аясында еңбекке тартылғандардың айлы­ғы 42500 теңге болса, қолға алатыны – 38250 теңге. Енді айыр­машылық бар. Жас­тар практикасынан өтіп, алты айлық мерзімді аяқтаған жас­қа қоғамдық жұмыспен әрі қарай сол мекемеде жұмысын жалғастыруға мүмкіндік бері­леді. Себебі, өзінің потенциалын көрсеткен жастарды кейбір мекемелер қоғамдық жұмыспен әрі қарай да алып қалғысы келеді. Қоғамдық жұмыстың ережесіне сәйкес, біз берген айлыққа ме­кеменің өзі де қосымша қаржы қосып бере алады.

Ал, әлеуметтік жұмыс орын­дары арқылы жұмысшы қа­былдау жеке кәсіпкер, ЖШС-не өте ыңғайлы қарастырылған ша­ра. Бұл жерде қызметкер айлы­ғының 35 процентін жұмыспен қамту орталығы субсидиялайды. Мысалы, бір мекеме 100 мың теңге айлық төлеп, психологты қызметке алғысы келеді.  Бірақ қаражаты жетпейді. Мұндай кезде мекеме «Әлеуметтік жұ­мыс орындары бойынша психологты 65 мың теңге айлық төлеп, жұмысқа аламын» деп жұмыспен қамту орталығына өтініш бере алады. Бұл ретте жұмысқа барған қызметкер айлығының 35 проценті орталық арқылы төленеді де, психолог 100 мың теңге айлық ала алады. Бұл бағыт бойынша 1 жылға дейін жұмыс істей алады. Бірақ ең жоғарғы субсидияланатын жалақы көлемі 42500 теңгеден аспауы керек, – деді орталық директоры.

Сондай-ақ, орталық азамат­тардың жаңа мамандық бойынша қысқа мерзімді курстарда оқып, гранттық қаржыландыру негізінде кәсіп бастауына да қолдау көрсете алады екен.

 Байқадыңыз ба, «Бақытты отбасы» орталығы атаулы әлеу­меттік көмек тағайындау ша­раларынан басқа қаншама жұ­мыс атқарады? Талай адамның іздегені алдынан шығып, орта­лық арқылы ыңғайлы жұмысын тапты да. Тек мұндайда көрін­генге салған көз көжеге қа­тық болмайтынын ескеріп, бейқам­дыққа бой алдырмай, қолдаудан кейін қанаттанып, еңбек ету керек сынды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<