Егістің 27% жиналды – министр Сапаров

248

0

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Албания Президенті Байрам Бегайдың Ақордадағы кездесуі алдында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров тілшілерге күзгі егіс науқаны қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Болжам айтуға ерте. Бүгінге дейін 27% жинадық. Иә, осымен екінші апта жауын-шашын жүріп жатыр. Үш негізгі астықты өңір тоқтап тұр. Комиссия құрдым, олар Қостанай облысына аттанды. Ол жерде кездесулер өткізеді. Аудандарды аралап көреді, содан кейін ғана биылғы болжамды айта аламыз», – деді министр.

Сондай-ақ ведомство басшысы журналистер сұрағын жауап бере отырып, Қазақстан Албанияға астық пен майлы дақылдар экспорттауға дайын екенін айтты.

«Албанияда ауыл шаруашылығы дамыған. Өздерін толық қамтамасыз етіп отыр. Олардың тарапынан сұраныс болса, біз дайынбыз. Дәнді дақылдардан бастап майлы дақылдарға дейін жеткізуге дайынбыз», – деді Айдарбек Сапаров.

Айта кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Албания Президенті Байрам Бегаймен кездесіп жатыр.

Сапар аясында екі ел басшылары ертең сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері бойынша келіссөздер жүргізеді.

Сонымен қатар президенттер халықаралық және өңірлік жағдайлар жөнінде пікір алмасады деп күтіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<