Соғыс және еңбек ардагері Ақаш Ержанов 1942 жылдың маусым айында Қызылорда қалалық әскери комиссариаты арқылы майданға аттанды.
«1942 жылдың шілде айында бізді Сталинградтың қасындағы бір шағын қалада он екі күн бойы соғыс өнеріне жаттықтырды. Сол он екі күнде соғыста солдатқа қажет болатын барлық әдіс-тәсілдерді үйренуіміз керек, одан әріге уақыт жоқ болатын. Бізді сол күндер аралығында апыл-ғұпыл үйретіп, солдат етіп шығарды…» деген екен бір естелігінде қарт майдангер.
Ол 1942 және 1943 жылдары екі мәрте ауыр жараланып, әскери госпитальдан кейін қайтадан сапқа қосылады. «Соғыс жылдарында ысқырған оққа да, минаға да, бомбаға да ұрындық. Шабуылға немесе бір жауынгерлік тапсырмаға шығар алдында ылғи ішімнен Бұқарбай батырдың аруағына сыйынып алға ұмтылатын едім, көп жерде сол медет берді-ау деймін…» дейді екен тағы бір естеліктерінде.
Атамыз алғашқы ерлігін 1944 жылдың тамыз айында Польша мемлекетін жаудан азат ету кезінде жасап, ІІІ дәрежелі «Данқ» орденімен марапатталды. Бұл жөнінде Ресей Федерациясының Подольск қаласындағы Ресей Қорғаныс министрлігінің орталық архивінде (ЦАМО РФ) сақтаулы тұрған деректердің бірінде «Осы жылдың 7 тамызында қатардағы гвардияшы жауынгер А.Ержанов Висла өзенінің арғы жағасына алғашқылардың бірі болып жүзіп өтіп, автоматшылар тобымен бірге немістердің траншеясына басып кірді. Жаудың екі қарсы шабуылын тойтару кезінде өзінің жеке қаруымен 6 неміс солдатының көзін жойып, өз бөлімшесіне немістердің оң қапталынан айналып өтіп, оларды кейін қарай шегіндіруге мүмкіндік берді. Үкіметтің ІІІ дәрежелі «Данқ» орденімен марапаттауға лайық» деп көрсетілген.
1945 жылдың қаңтар айында №39 гвардиялық атқыштар дивизиясы №117 гвардиялық атқыштар полкінің автоматшылар ротасы Польшаны жаудан толық азат етуге және Одер өзенінің сол жағалауын басып алу мақсатында жүргізген «Висла-Одер» стратегиялық шабуылдау операциясына қатысты. Ол 28 қаңтар күні Познань қаласының түбінде тағы бір ерлік жасап, көзге түсті. Бұл жайлы №117 гвардиялық атқыштар полкінің командирі, гвардия майоры Гриценко қызыл әскер Ақаш Ержановты ІІ дәрежелі «Данқ» орденімен марапаттауға ұсынған парағында былай деп жазады: «…1945 жылдың 28 қаңтар күні Познань қаласының түбіндегі шайқастардың бірінде Виньяра елді мекенін жаудан тазарту кезінде жолдас А.Ержанов өз автоматымен 12 немістің көзін жойып, құнды әскери жүк тиелген екі автомашинаны қолға түсірді. Үкіметтің ІІ дәрежелі «Данқ» орденімен марапаттауға лайық».
Ол автоматшылар ротасының құрамында Дон, Оңтүстік-Батыс, Калинин, ІІІ Украин, І Беларусь майдандарындағы ондаған шайқастарға қатысып, Жеңіс күнін Берлин қаласында қарсы алды. 1945 жылдың қазан айында елге оралып, еңбекке араласты. Аудандық май заводында жұмысшы, Калинин атындағы колхозда сеператоршы, аудандық су шаруашылығы мекемесінде жұмыс жасайды. 1955 жылдың қорытындысымен «Социалистік жарыстың екпіндісі» атанған.
Соғыстан кейінгі жылдары ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және бірнеше мерекелік медальмен марапатталған.
Ұлы Отан соғысының сұрапыл майдандарында ерліктің ғажайып үлгісін көрсетіп, екі мәрте «Данқ» орденімен марапатталған Ержанұлы Ақаш қария 1990 жылдың 29 шілдесінде сексен бір жасында дүниеден өтті.
Қанат ЖАПАҚОВ,
Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану
музейінің қызметкері