Өңірде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайып келеді

484

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Өңірде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны айтарлықтай төмендеп келеді. Мәселен, былтыр атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтардың шын мұқтаждығына тексеріс жүргізіліп, арнайы мониторинг ұйымдастырылды.

Нәтижесінде, аталмыш жәрдемақыны алушылар саны 14 407 адамға кеміді. Сәйкесінше, біздің облыс республика көлемінде екінші орынға тұрақтады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев хабарлады.

– 2023 жылы 9 мыңнан астам азаматқа 4,6 млрд теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек төленді. Ал жекелеген санаттағы 40 мыңнан астам адамға жергілікті өкілетті органдардың шешімімен тиісті қаржылай көмек берілді. Бұдан бөлек, халықтың осал топтарынан шыққан 460 студенттің оқу ақысына берілетін әлеуметтік көмек көрсетілді. Сонымен қатар, бюджеттен тыс көздерден көмекке мұқтаж көп балалы отбасыларға, мүгедек және жалғыз басты қарт кісілерге қайырымдылық шаралары көрсетілді. Бұл игі шаралар биыл да өз жалғасын табатын болады. Біздің өңірде 33 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тіркелген. Әлеуметтік қызмет көрсету саласын жаңғыртудың бір бағыты – мүгедектігі бар адамның отбасы мүшелерін әлеуметтік қызмет көрсетуге тарту болып табылады. Тиісінше, жұмыссыз отбасы мүшесі жеке көмекші ретінде тіркеліп, оған қызмет көрсеткені үшін еңбекақы алады. Осылайша облыс бойынша 2 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылған халық санатына енді.

Тағы бір айта кететін жайт, оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, мүгедектігі бар адамдар қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етілуде. Биыл да осы жұмыс жүйелі түрде жүргізіледі, – деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, қоғамдық орындарда мүгедектігі бар азаматтардың ыңғайлы жүруі үшін облыстағы 366 инфрақұрылым нысандарына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осының нәтижесінде, республикалық қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілді.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<